Kyzylorda-news.kz. Бүгін Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің «Еңбек даңқы» залында өткен «Алаш ақиықтары» атты тақырыптық экскурсияға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудан ардагерлері мен жастары қатысты. 

Іс-шараның негізгі мақсаты: Жастарға қазақ халқының ғасырлар бойы өткен қиыншылықтарын айта келіп, осы зұлмат жылдары елінің азаттығын аңсаған ұлт зиялыларына тоқталу, өз елін, жерін қорғайтын ұрпақ тәрбиелеу болатын. 

– Музей ісі қоғамдағы өзгерістермен, қоғам дамуымен тығыз байланысты ерекше сала. Ол ғылымның, мәдениеттің, білімнің қалыптасуына тікелей әсер ететін ғылыми мекеме. Сондықтан да біздің алдымыздағы өзекті міндет – ұрпақ тәрбиесіне ұлтымыздың болашағын тәрбиелеуге үлес қосу. Музей – тарих айнасы, ұлттық рух көрсеткіші. Еліміздің егемендігімен бірге санамыздың да тәуелсіз болып, тарихымызды түгендеп, тегімізге тереңдеп, төрімізге озған тәуелсіздігімізді асқақтату музей қызметінің басты міндеті. Аудандық тарихи-өлкетану музейі алғаш қоғамдық бастамамен 1990 жылы ұйымдастырылып, 1993 жылдың наурыз айынан бастап облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып, 1996 жылдың сәуір айынан бастап Тереңөзек аудандық тарихи-өлкетану музейі болып қайта құрылды. 2000 жылы музейге қосымша 2 көрме залы қосылды. 2011 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл толуына орай «Тәуелсіз Қазақстан» залы ашылды. 2014 жылы «Археология және Этнография» залына реэкспозиция жұмыстары жүргізілсе, 2015 жылы музейге 2 млн. теңгеге құнды жәдігерлер сатып алынып, музей қоры толықтырылды. 2017 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында музейге қосымша ғимарат беріліп, «Еңбек даңқы» залы  ашылды. Ғимаратқа 5264,0 теңгеге жөндеу жұмыстары мен 4500,0 теңгеге реэкспозиция жұмыстары жүргізілді. Музей қорында 10965 экспонат бар, оның негізгі қоры – 6598, көмекші қоры – 4367.  Музей материалдары ауданның қалыптасу және даму тарихы, даңқты істері, өндірістік және мәдени өсуі туралы мәліметтер береді.  Музей экспозициясында Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесінің депутаттары, білікті аудан басшылары, Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалімдер, Қазақстанның көрнекті жазушылары, ауданымыздың мақтанышына айналған ғұламалар мен ғалымдарымыз, дәрігерлер, қолөнер шеберлері мен суретшілер туралы мәліметтер бар. Сонымен қатар, музей жәдігерлерінің ішінде Аралбай батырдың қылышы, Бес қару, ат әбзелдері, Абай тұтынған асадал (шкаф), Сауранбай болыстың кебежесі, ағаш табағы мен керсені, Марқа Қобландиннің сандығы, 200 жылдық тарихы бар шаңырақ, 1 ғасырлық тарихы бар ағаш төсек, киіз үйдің есігі (сықырлауық), түкті және тақыр кілемдер, тұскиіздер, қоржындар мен кесеқаптар, мыс көзелер және керамикалық көзе, қобыз коллекциялары, зергерлік бұйымдар, құнды қолжазбалар, түрлі деректі суреттер мен құжаттар, ҚР Суретшілер Одағының мүшелері Ш.Сейтмұратовтың, Ш.Сәменовтың Ж.Маханбеттің, Ж.Исмағұловтың туындылары – музейдің тарих шырақшысы, ұрпақтан-ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін маңызы зор тарихи орын екенін дәлелдей түскен, – деді аудан басшысы.  

Сонымен қатар шараға қатысушыларға зал экспозициясы таныстырылып, музей қорындағы құнды экспонаттармен қатар өлкетанушы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Жәнібек Маханбеттің өз туындылары автордың таныстыруымен көпшілікке ұсынылды.

Тағы да оқыңыз: