Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданында 34 мәдениет мекемесі бар. 

Биылғы жылдың үшінші тоқсанындағы есеп бойынша Сырдария ауданында 16 мәдениет үйі мен клуб, бір жылжымалы мәдени-демалыс кешені, 17 кітапхана мен 14 халықтық ұжым жұмыс жасауда. Сонымен қатар екі театр, «Құрақтың Досжаны» атындағы ұлт-аспаптар оркестрі, «Садуақасовтар», «Сарыбаевтар» отбасылық ансамблдері, Ритм ВАА, «Балауса», «Шаттық», «Сыр гүлі» би ансамблдері, «Жадыра», «Жан шуақты», «Ақ дариға» әжелер ансамблдері, «Дала дидары» мәдени-үгіт бригадасы және «Көңіл ашар» ойын-сауық отауы бар. 

Биылғы жылы үйірмелердің жұмысын жандандыру және толықтыру мақсатында аудандық мәдениет үйі жанынан сурет салу, гитара үйрету үйірмелерін және балалар фольклорлық ансамблін құру жоспарлануда.

Сонымен қатар, аудан бойынша «Сұлу-ай» және «Жадыра» шығармашылық өнер орталықтарының қолдауымен ауданға қарасты 10 елді мекенде, яғни Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Бесарық, Қоғалыкөл, Шіркейлі, Н.Ілиясов, Ақжарма, Іңкәрдария, А.Тоқмағамбетов ауылдарында 4-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған 41 шығармашылықпен айналысатын үйірмелер ашылып, 770-ге жуық бала түрлі бағыттағы үйірмелермен қамтылып отыр. 
Аудандық бюджеттен мәдениет саласы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға биылғы жылдың қаңтар айында 9383,6 млн. теңге қаржы бөлініп, қажетті құрал-жабдықтар алынды. Атап айтқанда, аудандық мәдениет үйіне 2678,6 мың теңге қаржыға музыкалық дыбыс жазу студиясы толық жабдықталды. Алдағы уақытта аудандық мәдениет үйі, Іңкәрдария, А.Тоқмағамбетов, Бесарық ауылдық мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындарының дыбыс күшейткіш аппаратураларын жаңалауды қажет етеді.

Мәдениет үйлері мен клубтар бойынша биылғы жылдың есепті кезеңіне 595 мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылып, онда 77532 көрерменмен қамтылды. Сонымен бірге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды – Балалар жылы деп жариялауына орай, сала бойынша есепті кезеңге 90 шара өткізілді. Оған 10256 бала қамтылды. 

Биылғы жылы облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасымен бірлескен «Жұлдыз LIKE» телевизиялық жобасы, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, мәдениет саласының ардагері Жантемір Айсиннің 70 жылдығына арналған «Жайық пен Сырдың сырбазы» атты кездесу кеші, аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Ритм» халықтық вокалды аспапты ансамблінің құрылғанына 50 жыл толуына орай «Сыр әуендері» атты облыстық вокалды аспапты ансамблдердің байқауы өтті. Сондай-ақ композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Рамазан Таймановтың әндерін орындаушылардың «Қазақ қызы» атты республикалық ән байқауы, Сыр сүлейі, ақын Тұрмағанбет Ізтілеуұлының шығармашылығына арналған «Назым сөздің шебері» атты облыстық термешілер байқауы өтті. Сонымен қатар ұстаз, ағартушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналған «Ғасыр саңлағы» атты аудандық мүшәйра ұйымдастырылды. Оған қоса, жастар арасында «Жайдарман» сайыстары мен басқа да түрлі форматтағы мәдени шаралар ұйымдастырылып келеді.

Есепті мерзімге сала мамандарының бір-бірімен тәжірибе алмасу мақсатында Айдарлы және Тереңөзек кенті мәдениет үйінде екі рет «Үйірме – өнерге бастар жол» атты аудандық семинар ұйымдастырылды.

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 17 кітапхана жұмыс жасайды. Жүйеге қарасты кітапханалардың сандық көрсеткіштеріне келетін болсақ, оқырмандар саны биылғы жылдың есепті кезеңіне 15873, кітап берілімі – 271357, келушілер саны – 171963-ті құрап отыр. Қазіргі таңда 17 кітапханада 432481 кітап қоры бар, оның барлығы да электронды катологқа енгізілген. Есепті кезеңге кітапханаға 513 дана кітап алынып, оған 896 514 мың теңге қаржы жұмсалды. «Рабис» бағдарламасы бойынша электронды каталогқа 425166 дана кітап түсірілді. Бұл кітап қорының 98,9 пайызын құрап отыр. Кітапхана бойынша 3447 дана кітап, 751086 бет сандық форматқа енгізілді.

Аталған саланың бір парасы тарихи-мәдени ескерткіштер. Бүгінде аудан бойынша 58 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 4-і республикалық маңызы бар. Атап айтар болсақ, Мүлкалан кесенесі, ХҮІ ғасыр, Сырлытам кесенесі, ХІІІ ғасыр, Асанас кесенесі, ХҮІІ ғасыр, Қожан қожа кесенесі, ХҮІІІ ғасыр. Сондай-ақ 14 жергілікті маңызы бар және 40 ескерткіш алдын-ала тізімге алынған. Аудандағы 58 ескерткіштің 15-і археологиялық, 43-і қала құрылысы және сәулет ескерткіші болып бөлінеді.

b9ba434243f3352d2360f9b6074af26c_original.162301.jpeg

Тағы да оқыңыз: