Kyzylorda-news.kz. Сырдария аудандық “Тіршілік тынысы” газетінің 80 жылдығына орай ақын, қарымды қаламгер Келдібай Уәйісовті еске алуға арналған «Дала дауысы» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.

Мүшәйраға аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жанәлиева, ұстаздар, аудан ардагерлері, редакция ұжымы және жастар, ақынның туыстары қатысты.

«Аудандық газетке елеулі еңбек сіңірген Келдібай Уәйісұлы атындағы іс-шара ауданның дамуына үлес қосқан тұрлаға құрмет екені сөзсіз. Сондықтан газеттің 80 жылдық мерейтойы аясындағы айтулы шараға қатысушыларға сәттілік тілеймін! Аудан үнжариясының мерейлі белесі құтты болып, журналистер қауымына шығармашылық табыс тілеймін», – деді аудан әкімінің орынбасары.

Жыр бәйгесіне аудандаға қарасты аулдық округтерден жас ақындар қатысып, бақтарын сынады. Олар екі кезең бойынша өз шеберліктерін байқатты. Алғашқы кезеңде Келдібай Уәйісұлына арнау өлең оқыса, екінші кезеңде еркін тақырып бойынша жырдан шашу шашты.

Тағылымды шарада қарымды қаламгердің жары Әсия Уәйісова сөз алып, ұйымдастырушыларға алғыс айтты.

Мүшәйра қорытындысында қазылар алқасының шешімімен жүлделі ІІІ орынды қоғалыкөлдік Әсел Зұлпар, ІІ орынды нағилық Гүлбану Сембиева иеленді. Ал І орынды Сәкен Сейфуллин ауылынан келген Ақәділ Талапбеков жеңіп алды. Марапат иелеріне қаржылай сыйлық пен өзге де қатысушыларға Алғыс хат және ынталандыру сыйлығы табысталды.

Мүшәйра соңында аудандық “Тіршілік тынысы” газетінің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы ақын Келдібай Уәйісовтің аудандық басылымда ұзақ жылдар жемісті еңбек еткенін айтып, өміржолы мен шығармашылығы жастарға үлгі-өнеге екенін атап өтті. Сондай-ақ, ақынның жары Әсия Уәйісоваға және мүшәйраны ұйымдастырушыларға естелік сыйлықтар табыс етті.

Тағы да оқыңыз: