Kyzylorda-news.kz Ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан атырабымыз жайлы кезінде этнограф-ғалым Григорий Потанин «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деп айтқан екен. Оның ішінде бір ауылдан ғана жүзден аса жырау шыққан Сыр өңірінің орны ерекше. Дала ойшылы атанған Нұртуған жырауға 40 мың жол өлең жаздырып, қасиет қонған небір дүлдүлдер мен бұлбұлдарға өнер тәжін кигізген киелі мекеннің атағы кезінде шайырлармен шартарапты шарлаған. Бүгінгі біздің әңгімеміздің арқауы сол шайырлық өнерді насихаттап, дәстүрлі әндерді дәріптеп, жыр-дастандарды халық санасында жаңғыртып, жастарға өсиет-өнеге көрсетіп жүрген жас термеші Зүлфия Баймырзаева жайлы болмақ.
Балауса қыздың ән әлеміне алғашқы қадамы бірінші сыныпта басталған екен. Ал бесікте жатып әсем әнмен тербеліп, сұлу сазбен сыланған сәби Зүлфияның анасы Айқын мен әкесі Ғабит қазақтың халық әндерін әуелете шырқайтын. Бертін келе әнге елтігені сонша, кішкентай бөбек олармен қосылып, бесікте жатып уілдейтін. Өнерпаз қыз 1990 жылдың 2 тамызында Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылында дүниеге келген. Жыршылық өнерге оны алғаш баулыған ұстазы – Майра Сәрсенбаева. Қанатын қаққан жас талантқа мектеп қабырғасында жүріп-ақ қолдау көрсеткен жанашырлар көп еді. Әсіресе әдебиеттен сабақ берген Күміс Қожарипова жас шәкіртінің бойына қазақтың халық ауыз әдебиеті мен жыршы-жыраулар шығармасын терең сіңірді. Жанарынан ұшқын шашып, ән дегенде делебесі қозып, шабыты шалықтап тұратын Зүлфияны ұстаз жүрегі ә дегеннен таныған секілді. Шіркейліліктер қаршадай қыздың талантына қайран қалған-ды.
Алғаш 2006 жылы Атырау қаласында өткен Шернияз Жарылғасұлының 200 жылдығына арналған республикалық жыршы-термешілер сайысында жүлделі үшінші, 2007 жылы Орал қаласында өткен Қаламқас Орашеваның 55 жылдық мерейтойына арналған жыр додасында екінші, 2007 жылы Маңғыстау қаласында өткен халықаралық әнші-жыршылар байқауында жүлделі бірінші орынды иемденіп, Сыр өңірінің мерейін асқақтатқан еді.
Киелі өнер сахнасына шығару үшін өзін сәйгүліктей баптаған Майра Сәрсенбаеваға оның алғысы шексіз. Қазыналы жырдан шашу шашып, Сыр өңірінің мәртебесін көтеріп жүрген ұстаз шәкіртіне «Қыз Жібек», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» және өзге де жыр жауһарын жаттауға кеңес берді. Кеңес беріп қана қоймай, сазы мен мақамына, домбыра қағысына дейін ерінбей-жалықпай үйретті. Ән қанатындағы өнерпаздың айтуынша, қасиетті өнер нағашы жұртынан дарыған. Өнегелі шаңырақтан қазақтың қара домбырасымен шырқалған ән үзілмеген. Әкесі – Ғабит Баймұрзаевтың мамандығы – мал дәрігері. Соған қарамастан Сүйінбай, Жамбыл жырларын орындаса, анасы Айқын Жансымақова дәрігер болғанмен, халық әнін өміріне азық еткен. Көпшілік жиылған той-думанда жұрт қолқаласа орындайтын ән қоржынында қазыналы әндер жетерлік.
Мінекей, осылайша, мектеп бітірген соң өрімдей қызды асқақ арманы Алматы төріне жетелей берді. Сөйтіп, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының халық әні бөліміне оқуға түсті. Екі жылдық дайындық бөлімінде оған дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова батыс ән мектебінен дәріс берді. Негізгі Сыр бойы жыраулық мектебінің тәлімін белгілі жыршы, филология ғылымдарының кандидаты, жерлесіміз Ұлжан Байбосыновадан алған. Қазақ өнерінің саңлақтарын баулыған білім ордасында Зүлфия есімі елге танылған Ардақ Исатаева, Сәуле Жанпейісова, Еркін Шүкіманов, Тілеулес Құрманғалиев, Рымкеш Жұмаділова сынды өнер қайраткерлерінен сабақ алып, сахна шеберлігіне шыңдалып, тынысы ашылып, өрісі кеңейе түсті. Білім ала жүріп түрлі өнер сайыстарында бақ сынайды. 2011 жылы Атырау қаласында өткен республикалық «Дельфийлік ойындар» байқауында бірінші, 2013 жылы Алматы қаласында өткен «Күміс көмей, жезтаңдай» байқауында екінші орын алып, өзінің өнер додасындағы табысын еселей түседі. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай Түркияның Стамбул қаласында болған жарыста да терме орындап, шетелдіктерді таңдай қақтырған.
2014 жылы консерваторияны тәмамдаған соң араға 1 жыл салып елордадағы мемлекеттік академиялық филармониясына қызметке орналасады. Еліміздің жұлдыздарымен бірге ән шырқап, олармен бір шаңырақ астында еңбек етеді. Жас болса да, үлкен сахнаға шығып, өнерде қанаты қатайып, ысылып, өмір мектебінен өтеді. Сыр өңірінде өткен «Өздерің білер Нартаймын» атты байқауда екінші орын алады. Туған жердің сый-сияпатын еншілеп, елордаға қайта оралады. 2016 жылы «Ұлы дала дауысы» халықаралық радиофестивалінде жыраулық өнердің өміршеңдігін паш етіп, бас жүлдемен оралып, ұлы даланың рухты жырларымен елордамызға шашу шашты. 2016 жылы елордамыздың Ресей астанасындағы күндерінде Кремль сахнасында өзінің ұстазы, белгілі жырау Айгүл Қосановамен батыстық үлгідегі жыр-термелерін орындап, жұлдызды жұп құрады. Мұнан соң 2017 жылы «Мен қазақпын» республикалық телевизиялық мега жобасына қатысып, жартылай финалға дейін өнер көрсетті.
Былтыр әнші Темірхан Ерғалиевтің 70 жылдығына арналған «Туған дала төсінде, ән боп туған мен болам» атты облыстық дәстүрлі әншілер конкурсында үздік өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды. Шымкент қаласында өткен «Ұлы дала әуендері» атты республикалық байқауда дәстүрлі ән жанры бойынша Зульфия жүлделі ІІІ орынды иеленіп, Сыр елінің мерейін тасытты. Жуырда ғана аймақта өткен түркітілдес елдердің халықаралық «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестиваліне қатысып, қазақ өнерін паш етті. Бүгінде әнші өнерлі шәкірттерді тәрбиелеуде. Зүльфияның облыстық, республикалық конкурстарда лауреат атанып, жетістікке жетіп жүрген Альбина Қонысбаева, Аяулым Әбдумажит, Досымжан Құрманғалиев, Альфия Тәжтай, Толғанай Алдан сынды шәкірттері бар.
Сандуғаштай сайрап, аталардан қалған аманатты жыр-термелерді жаттап, түрлі мақам мен сазды орындап, руханияттың алтын тұмасынан жыр-жақұтты маржандай тізіп, құлақ құрышын қандырып жүрген Зүльфияның өнер өлкесіндегі өрнегі жүрегі қазақ деп соғатын кез келген жанды тәнті етеді. Ол бүгінде облыстық филармонияның жыр бөлімінде жұмыс істейді. Оның репертуарында Сыр бойы, Арқа, Жетісу, Батыс, Тарбағатай өңірі жырларымен қосқанда 300-ге тарта ән бар. Өмірлік жары Амандық Жаппарбердиев те өнер саласында жүрген кәсіби жырау. Екеуі бос уақытында жыр, терме жаттап, тариxи дастандарды оқығанды ұнатады.
– Мақсатым – дәстүрлі өнердің шыңына жету және көптеген шәкірт тәрбиелеу. Дәстүрлі ән-жыр өнерінің майталмандары, ұстаздарым Майра Сәрсенбаева, Айгүл Қосанова, Ұлжан Байбосыноваға еліктеймін. Өмірлік ұстанымым – ата-анамның, ұстаздарымның салып берген сара жолымен жүру. Ол – адалдық жолы. Тайқазаны жырмен тасыған сұлу Сыр шабытымды шалқытты – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Г.Асқар