Kyzylorda-news.kz Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры сахнасында жылдың алғашқы премьерасы көрсетілді. Жаны жаралы жанның тығырыққа тірелген тағдырын суреттейтін спектакльді көрермен бір деммен тамашалап шықты.

Көрермендерге ерекше әсер қалдырған А.Н.Островскийдің “Найзағай” драмасын сахналауға театр әлеміне танымал, Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері, Халықаралық, республикалық фестивальдердің лауреаты Дина Жұмабаева және қойылымның қоюшы суретшісі Айнұр Есболатова келді. Режиссер Дина Жұмабаева осы уақытқа дейін театр репертуарындағы көрермен көзайымына айналып үлгерген Ш.Айтматовтың «Жәмилә» драмасын сахналаған. Ал бұл театр ұжымымен бірлесе жасаған екінші жұмысы болған соң, артистермен жұмыс жасау қиынға соқпағанын айтты.

Қойылым алдында БАҚ өкілдеріне театр басшысы Мұхтар Ниязов, режиссер Дина Жұмабаева және басты рөлдегі кейіпкерлер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Залипа Төлепова мен Мәдениет саласының үздігі Сырым Әбдразақов баспасөз конференциясын өткізді.

Спектакльді көруге өнертану кандидаты, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының “Театр өнерінің тарихы мен теориясы” кафедрасының профессоры, театр сыншысы Зухра Исламбаева да арнайы келді.

– Ең алдымен театр ұжымына алғысымды айтамын. Осы шығарманы Сыр сахнасына алып шығуға ұсыныс білдірді. Бұл мен үшін өте маңызды. Бұл шығармада махаббатпен құрылған отбасындағы әлеуметтік мәселелер бейнеленеді. Яғни, ер мен әйел, ене мен келін арасындағы дау-жанжал көрсетіледі. Дәл осы шығарманы сахналауымның негізгі мақсаты – қоғамда болып жатқан әлеуметтік мәселелерді көрерменге шынайы етіп жеткізу. Бұл тұрғыда театрдың шығармашылық ұжымы үлкен көмек көрсетті, – деді режиссер Дина Жұмабаева.

Бекежанов театры брифинг.jpg

Театр артистері Залипа Төлепова мен Сырым Әбдразақов та режиссерге деген өздерінің ыстық ықыластарын жеткізіп, алғыс айтты.

Көрермендер де бас кейіпкермен бірге қатты толқып, оның қайғысы мен қуанышын сезінді. Драмадағы әрбір сәт, әрбір сөз, әрбір эмоция көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Қойылымда көрсетілген нәзік сезімдер мен ауыртпалықтар көрермендерге ұмытылмас әсер қалдырды.

Театр ұжымы.jpg

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы, “Құрмет” орденінің, “Дара” төсбелгісінің иегері, белгілі режиссер, театрдың абыз ақсақалы Хұсейн Әмір-Темір Жүсіпұлы сөз сөйлеп, ұжымды 2025 жылдың алғашқы премьерасымен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

Спектакль соңында қалалық жастар театры ұжымының ықылас гүлі табысталды. Өнерсүйер қауым театр артистеріне ризашылықтарын білдіріп, гүл шоқтарын ұсынып, құрмет көрсетті.

Фото: Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры

Тағы да оқыңыз: