Kyzylorda-news.kz Қызылордалық көрермен ерекше атмосфераға толы музыкалық кештің куәсі болды. "Сыр самалы" вокалды аспапты ансамблінің 15 жылдық мерейлі мерекесі аясында өткен кеш ансамбльдің негізін қалаушылардың бірі, бағыты бөлек көптеген танымал шығармалардың авторы, керемет музыкант Кенжебай Елденбаевтың шығармашылығына арналды. Репертуарына 100-ге жуық шығармалар енген вокалды аспапты ансамбльдің көркемдік жетекшісі — Әбдіхалық Мұстафаев.
Кенжебай Жандуллаұлы облысымыздағы соло гитара шебері. Ол тоқсаныншы жылдары «Остров», Мереке», топтарында, 2000 жылдары «Такси джаз» тобында өнер көрсетеді. 2003 жылы «Қазақстан Битлз» құрамында Англия мемлекетінің Ливерпуль қаласында өткен «Битлз» фестиваліне қатысады.
🎼Бүгінгі кеште Сыр самалдықтар К.Елденбаевтың төл шығармалары мен әлемге танымал аспаптық орындаушылыққа арналған туындыларды, керемет үздік әндерді өз көрерменіне ұсынды. Жанды дауыста өткен концертке Сыр елінің вокалды аспаптық орындаушылық бағытын дамытуда сүбелі үлесін қосып келе жатқан бірқатар кәсіби музыканттар арнайы қонақ болып, әріптестестік қолдауын білдірді. Олардың қатарында "Мереке" тобының жетекшісі әрі негізін қалаушы, композитор С.Ұлықпан, Жаңақорған аудандық "Экспресс" тобының солисі әрі композитор Т.Тотаевтардың көрермен қатарында болуы ерекше қуантады.
Кеште ансамбль мүшелері К.Ибрагимов (бас гитара), Қ.Өтебаев (гитара), О.Адамбаев (перкуссия), Н.Ақбаев (барабан), О.Хегай, Д.Темірханов (клавиша), Ғ.Ұлықпан (саксафон), Ә.Омар (труба),Т.Нұржан (тромбон), М.Балмұхамед (труба), М.Сахиев (саксофон) және ансамбль солистері А.Әбді мен А.Төреғали өнер көрсетті.
Сонымен бірге, облыстық филармонияның аралас хоры, "AI-ARU" заманауи би ансамблі, симфония оркестрінің әртістері М.Нұрғалиева, А.Мусинова, Е.Музыкант, филармония барабаншылары Д.Ботабаев, Д.Махамбетов, А.Айдарбек, Д.Романов және кеш қонақтары Е.Сұлтанбек (гитара), Д.Жамантаев (вокал), Ә.Абсадықов (домбыра) өнер көрсетіп, Сыр сахнасында мәңгілік хит шығармаларды қайта жаңғыртты.
Фото: Облыстық филармония