Kyzylorda-news.kz Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры Алматы қаласына гастрольдік сапарын ұйымдастыруда.

Театр ұжымы екі күн бойы Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры мен Алматы мемлекеттік қуыршақ театрында өнер көрсетеді.

Майталмандар сахна шымылдығын әлемнің ең әйгілі драматургтарының бірі У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясымен ашты.

Қойылымды кино және театр актеры, кино және театр режиссері, театр педагогы, профессор, Қазақ КСР халық артисі, КСРО халық артисі, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асанәлі Әшімов және алматылық зиялы қауым өкілдері мен жерлестеріміз тамашалады.

Спектакль соңында Асанәлі Әшімов театр ұжымына ықылас гүлін табыстап, құрмет көрсетті. Актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Парасат және Құрмет ордендерінің иегері Лидия Кәденова сөз сөйлеп, әртістерге ризашылығын жеткізді.

Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы, "Құрмет" орденінің иегері, "Дара" төсбелгісінің иегері Хұсейн Әмір-Темір және үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, театр басшысы Мұхтар Мәуленұлы сөз сөйлеп, Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ұжымына Сыр театры атынан сый-сияпат ұсынды.

Тағы да оқыңыз: