Kyzylorda-news.kz  Қазақ өнерінде терең ойлы әндерімен танылған өнерлі өлкенің төл перзенті, композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, Қызылорда облысының Құрметті Азаматы Рамазан Тайманов 70 жаста!

Қыдыр дарып, бақ қонған Сыр елі қашаннан хас таланттарды тоғыстырған өнегелі өңір. «Жыр елі» атанған бұл өлкеде алаштан ән оздырып, салған әні қазақ елінің биік шоқтығына айналған әнші, күйлері сайын даланы тербеп, сан ұрпақты тебіренткен күйшілер көп. Сондай шығармашылық өкілінің бірі, қазақ саз өнерін насихаттап, оның дамуына өзіндік өрнек салып, сүбелі үлес қосып, шығармалары әлемдік деңгейдегі сахналарда орындалып жүрген жанның бірі композитор – Рамазан Таймановтың есімі дүйім жұртқа, өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Белгілі композитор, республикалық «Жас қанат», халықаралық «Азия дауысы» байқауларының, түрлі конкурстардың жүлдегері, «Шапағат» медалінің иегері Рамазан Тайманов биыл жетпіс жасқа толып отыр.

Рамазан Сағындықұлы қазақ музыка өнеріне өзіндік қолтаңбасымен, сазды әуенімен келген талант иесі. Оның есімі республика жұртшылығына ең алғашқы әндерінің бірі – 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына байланысты шығарған «Қазақ қызы» әнімен танылды. Бұл ән әлем қазақтарының сүйікті әніне айналды. Композитордың шығармашылыққа, сыр елінің мәдениеті мен өнеріне қосқан сүбелі үлесі, сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, 1998-2006-2010 жылдары облыс әкімінің стипендияты атанса, 2001 жылы ҚР мемлекеттік наградасы «Шапағат» медалімен марапатталды. 2010 жылы Қазақстанның еңбек ісіңірген қайраткері атағын иеленді, Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы».

Осыған орай 23-24 мамыр күндері мерейтой иесінің ән шығармашылығын насихаттау мақсатында өтетін І республикалық «Сыр Ана» әншілер конкурсына өтпек. 

Конкурсқа республикамыздың түкпір-түкпірінен арнайы іріктелген талапкерлер бақ сынайды. Атап айтар болсақ, Азамат Амангелдіұлы - Жанаөзен қаласы, «Жалын» дуэті - «Манғыстау облысы, Ақтоты Әбдрахман - Көкшетау қаласы, «Шабыт» квартеті - Қостанай облысы, Нұржан Балтабаев - Жамбыл облысы, Назым Мауленқызы - Алматы қаласы, Бақытжан Мақшат, Замира Көлімбетова - Байқоңыр қаласы, Ақмарал Кәдірбаева - Атырау облысы, Аяулым Матикова - Абай облысы, Шолпан Ақылбек - Павлодар облысы, Акимжан Шакиров - Ақтөбе облысы, Құндыз Несіпбаева - Алматы қаласы, Елжан Берістенбаев - Арал ауданы, Бекзат Молдабергенов Арайлым Маханбетжанова және Айсұлу Әбді - Қызылорда қаласы.

Конкурстың ашылу салтанаты және І кезеңі 23 мамыр күні А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде, конкурстың ІІ кезеңі мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі 24 мамыр күні Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында өтеді.

 

Қорлан САРЫ
Фото:aqmeshit-zhastary.kz

Тағы да оқыңыз: