Kyzylorda-news.kz   Сырдария ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің, «Шапағат» медалінің иегері, Қызылорда облысының, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі  Рамазан Таймановтың 70 жасқа  толу мерейтойына арналған ІІ облыстық «Сыр әуендері» атты сазгерлердің жабық ән конкурсының гала концертті өтті. 

Талай дарын иелерінің бесігін тербеткен дархан даламыз қасиет пен тектіліктің мекені саналған Сыр елі өшпестің отын маздатқан өнер жұлдыздарын дүниеге әкелді. Өнер саңлақтарының ордасына айналған осынау киелі топырақтан елге танымал қаншама тұлғалар шықты. Соның бірі де бірегейі қазақ музыкасының ірі тұлғаларының бірі Рамазан Тайманов. Қазақ музыка өнеріне өзіндік қолтаңбасымен, сазды әуенімен келген талант иесінің есімі республика жұртшылығына «Қазақ қызы» әнімен танымал. 

Сахна төріне көрермендердің ыстық қошеметіне бөленген композитор Рамазан Сағындықұлы мен ІІ облыстық «Сыр әуендері» атты сазгерлердің жабық ән конкурсына қатысып, жүлделі орындарға ие болған талапкерлер шақырылып, марапаттау рәсімі жасалды. Үздік композиторлардың қатарында қызылордалық Талғат Нағашыбаев, қазалылық Сәкен Кермеш, қызылордалық Жарылқасын Оразғұлов, Ғайния Дауылбаева, қазалылық Жібекәлі Бектұрғанов, жаңақорғандық Оразғали Бидашев, қызылордалық Нұрсәуле Калмаханова, қармақшылық Қанат Туребеков, қызылордалық Еркебұлан Молдажанұлы болды.

Сазгерлерді байқаудың қазылар алқасының төрағасы Рамазан Тайманов құттықтап, қазақ өнеріне қолдау білдіріп, музыка кешін ұйымдастырған аудан әкіміне алғысын білдірді. Өз кезегінде аудан әкімі Берік Сәрсенбаев мерейтой иесін құттықтады.

– Рамазан Сағындықұлы – еліміздің мәдениет және өнер саласында жүріп адами асқақ қасиеттерді бойына сіңіріп, халықтың ыстық ықыласына бөленген азамат. Алматыдағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищеде, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде білім алып, туған жерде еңбек жолын бастады. Тереңөзек кентіндегі кәсіптік-техникалық училищеде «Гүлдерайым» ансамблін құрып, облыстық, аудандық байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленді. Аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып, сала жұмысын жандандыруға үлес қосты. «Қазақ қызы» әнімен елге танылды. 1996 жылы Эстонияда өткен дүниежүзілік балалар шығармашылығы фестивалінде «Қызылорда жастарының әні» таңдаулы деп бағаланып, «Алтын қорға» жазылып алынды. 

1999, 2000 жылдары республикалық «Жас қанат» байқауы мен «Азия даусы» фестивалінде «Қазағым-ай», «Қорқыт-қобыз» әндері бірінші орын алып, «Ең үздік композитор» атағын иеленді. Еліміздің рухани-мәдени саласының дамуына ерекше үлес қосып, 40-қа жуық әні, оның ішінде «Қазақ қызы», «Сен мені кінәлама», «Махаббат көктемі», «Қазағым-ай», «Жаңбырлы түн», «Боздақтар», «Салтанат», «Қорқыт-қобыз», «Қызылорда жастар әні», «Айналайын» тағы басқа лирикалық әндері жұрттың жүрегіне жете білді.  Биыл Қызылордадағы «Өнер» орталығының ашылуында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағымен марапаттап, сый-құрмет көрсетті. Мәдениет пен өнер саласындағы қажырлы еңбегіңізбен «Құрмет» ордені, «Шапағат» медалімен марапатталып, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Құрметті Профессоры» атандыңыз. Сізді 70 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын, – деген аудан әкімі,  мерейтой иесіне аудан халқы атынан тұлпар мінгізді. 

Гала концертте байқауда жеңімпаз атанғандарды композиторлар Рамазан Тайманов пен Сәбит Ұлықпанұлы марапаттады. Нәтижесінде балалар тақырыбы бойынша жүлделі үшінші орынмен және 50 мың қаржылай сыйлықпен Еркебұлан Молдажанұлы, Қанат Туребеков және Нұрсәуле Қалмаханова марапатталды. Екінші орын және 100 мың сыйлықты  Талғат Нағашыбаев алса, бірінші орын және 150 мың теңге Бақыт Бидашқа бұйырды. Еркін тақырып бойынша жүлделі үшінші орынмен Оразғали Бидашев және Жібекәлі Бектұрғанов, екінші орынмен Ғайния Дауылбаева, бірінші орынмен Сәкен Кермеш марапатталса, бас жүлдені Талғат Нағашыбаев иеленді. Композиторларға тиісінше қаржылай сыйлық берілді.
Гала концертте жеңімпаз композиторлардың үздік әндері орындалды. 

Бибісара ЖАНӘЛІ

Тағы да оқыңыз: