Kyzylorda-news.kz Қызылордалық студенттер креативті индустрияның дамуына, яғни өздерінің шығармашылық әлеуеті, тың бастамалары арқылы мәдениеттің жандануына серпін беруде. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттерінен құралған "Жауқазын" театры жаңа спектакльдерімен көрерменін қуантуда. Бүгін жас театрдың репертуары туралы сөз қозғамақпыз.
Түрлі мамандықта оқыса да өнердің бағасын биіктетіп жүрген талантты студенттер бірнеше айдың ішінде төрт спектакльдің премьерасын өткізді. Атап айтсақ, бүгінге дейін Мұқағали Мақатевтың «Қош, махаббат» драмалық поэзиясын сахналады. Сонымен қатар Әбіш Кекілбаевтың «Махаббат мұнарасы» атты шығармасын көпшілікке ұсынды.
Пьеса желісі әмірші Ақсақ Темір мен оның әйелі арасындағы оқиға төңірегінде өрбиді. Махаббат мұнарасын тұрғызып, алып ғимарат салдырған кіші ханымның әрекеті әлемді аузына қаратқан әміршінің жүзін төмен қаратты.
Қойылым барысында сан алуан өнер бір сахнада тоғысты. Жастар заманауи музыка мен биді керемет ұштастырып, көрерменге ерекше әсер қалдырды.
– Белгілі қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың бұл романын таңдап алуымыз бекер емес. Адамзат баласы үшін рухани құндылықтың құлдырамауы, сенім мен махаббаттың болуы аса маңызды. Қойылымға күн-түн демей дайындалып, қолдау білдірген барша студенттерге алғыс айтамын, – деді «Жауқазын» жастар театрының жетекшісі, 3-курс студенті Ақниет Мәулен.
Ал жуырда студенттер театры Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық спектаклін халыққа ұсынды. Көпшіліктің ілтипатына бөленген қойылымдар әрбір студенттің театрға деген қызығушылығын арттырды. 2024 жылдың ақпан айында «Шәмші сүйген Изольда», наурыз айында «Қаракөз» трагедиялық спектакльнің тұсауын кесіп, студенттік театрдың алтын репертуары жаңа қойылымдармен толысуда.
– Қазір студенттік театр қарқынды жұмыс істеуде. Жылына 2 рет кастинг өткізіледі, ал ұжымда 30-дан астам адам бар. «Жауқазын» театрының ең алғаш жасақталған командасы әлі күнге дейін шашырамаған. Тек қана университет қабырғасындағы шәкірттермен шектеліп қоймай, колледж, мектептерден үйірмемізге мүшелік ететіндер бар. «Жауқазынға» қызығушылық танытқан барша жанға театр мүшесі болуға мүмкіндік бар.
Аға-буын өкілдері облыстық драма театрдың барлық спектакльдерін үзбей көріп, тәжірибе жинақтап, шыңдалуға тырысамыз. Сондай-ақ театрымыздың әрбір мүшесі ізденіс үстінде жүреді. Ән, би, қойылым, концерттік киімдерге дейін ұқыптылықпен қарап, сахна мәдениетін тереңінен ұстануға бейімбіз. Алдағы уақытта арнайы мамандармен біріге жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз, – деді Ақниет Мәулен.
Студенттер театры сәуір айында көрермендерін жақсы жаңалықпен қуантты. Махамбет Өтемісов атындаты Батыс Қазақстан университетінің ұйымдастыруымен «III Umit – 2024» республикалық студенттік театрлар фестивалінде «Жауқазын» студенттер театры алғаш рет қатысып, жүлделі II орын иеленді.
Әртүрлі мамандық студенттерінен құралған «Жауқазын» студенттер театрының жас таланттары М.Әуезовтың «Қарагөз» трагедиялық қойылымын сахналады. Әділ-қазылар алқасы байқауда бақ сынаған жас өрендердің өнерін жоғары бағалады.
– «Қарагөз» трагедиялық қойылымы көрермен жүрегінен орын алды. Қарагөз бен Сырымның жан тебірентерлік махаббаты әрі қыз тағдырының ауырлығы қойылымда толығымен ашылды. Байқау өте тартысты, қызықты өтті. Бастысы студенттік театрлар арасында мықты байланыс орнады, ̶ деді ұйым төрағасы Ақниет Мәулен.
Өзіндік бастамаларымен өнерге өзіндік үлес қосқан жастар әлі де талай рет көрерменін қуантады деп сенеміз.
Фото:korkyt.edu.kz