Kyzylorda-news.kz Сырдария аудандық ауруханасының мамандары 1 ай көлемінде дүниежүзілік туберкулезге қарсы күніне орай жүзеге асқан айлыққа өз үлестерін қоса білді. Күн сайын әрбір елді мекенде медицина мамандары арнайы акция, семинар өткізіп, дерттің алдын алу жолдарын қарастырды. Өз кезегінде бүгін Шіркейлі ауылында «Біз туберкулезді жеңе аламыз!» атты ұранымен Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен бірлесіп, ауқымды акция ұйымдастырылды.
Акцияның шымылдығын ашу үшін сөз алған Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Самалбек Өмірбаев жыл бойы және айлық барасында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар Сырдария аудандық ауруханасының фтизиатр-дәрігерлері Ләззат Ибраймова, Анар Ибраймова және Шіркейлі дәрігерлік амбулатория дәрігері Бақыткүл Қайбылда туберкулез дертіне байланысты маңызды ақпараттармен бөлісті.
– Негізінен, туберкулез дертімен күреске арналған іс-шаралар аясында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Мектеп оқушылары арасында шығармалашылық байқаулар өткізіліп, жеңімпаздар анықталды. Ал сала мамандарының біліктілігін арттыру мақсатында арнайы оқытулар жүргізілді. Медицина мамандары әрбір елді мекенде болып, аталған дертке қатысты мониторингтік талдау жасалды. Науқастармен кездесіп, ем алу шараларын қатаң бақылауға алды. Аудан тұрғындарына арнайы үнпарақтар таратылып, туберкулезге қарсы тұрудың негізгі амалдары түсіндірілді. Айта кетейік, тұрмысы төмен отбасыларға арнайы азық түлік себеті табысталды, – деді фтизиатр-дәрігер Ләззат Ибраймова.
Аудандық акция барасында ауыл өнерпаздары өнер көрсетті. Шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары анықталып, бағалы сыйлықтар табысталды.