Kyzylorda-news.kz. Жыр – қазақтың төл өнері. Бұл – ғасырлар асуынан асып, күні бүгінге дейін өз жалғасын тауып келеді. «Сыр елі – жыр елі» демекші, сыр жұртшылығы да жыршылық өнерден кен де емес. Оған талай додада бәйге алған жыршылармен әр жыл сайын өткізіліп отыратын байқаулар дәлел. Соны бір парасы жуырда Жақаев ауылдық мәдениет үйінде көрініс тапты.
Жақаев ауылдық мәдениет үйінде аты аңызға айналған ақын-жырау, дәулескер күйші Жәнібек ханның кеңесшісі болған Асан қайғының есімін ұлықтау, өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау және де «Дала данышпаны» атанған тарихи тұлғаның рухани мұраларын Сыр сүлейлерінің мақам-саздары арқылы кейінгі ұрпаққа паш ету, жас жыршылардың жыр қорын байыту, сондай-ақ талантты жастардың танылуына жол ашу мақсатында «Тарихта жыры қалған Асан қайғы» атты облыстық жыршылар байқауы өтті.
Аталған байқауға сөз маржанын жырмен жеткізе білетін әр өңірден келген он өнерпаз қатысты. Жыр додасына облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының «Дәстүрлі өнер» бөлімінің меңгерушісі, жыршы-жырау Майра Сәрсенбаева, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Ақмарал Ноғайбаева және әнші-жыршы Нұртілек Ақтаев қазылық етті.
Дүбірлі дода екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде жыршылар Асан қайғының кез келген шығармасы немесе арнау жырын орындаса, екінші кезеңде тарихи, батырлық дастандардан үзінді орындады.
Байқауды бірінші болып Шиелі ауданының өнерпазы Мұхамедәлі Бекпейісов бастады. Сайысты одан әрі Қызылордалық жыршы Бексұлтан Орынбасар жалғастырды. Осылайша, байқауға қатысушы барлық өнерпаз төл өнердің туын көтеріп, өзара додаға түсті. Тартысқа толы байқауда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атқанғандар сайыс алаңын қыздарды. Нәтижесінде, қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені қызылорда қаласынан келген Бексұлтан Орынбасар жеңіп алса, І орынды қызылордалық Болатбек Әлижан мен жаңақорғандық Әсем Мәжит иемденді. Ал ІІ орынға Шиелі ауданының атынан қатысқан Мұхамедәлі Бекпейіс пен қызылордалық Аяулым Абдумажит жайғасты. ІІІ орын Аңсаған Ділдәбекқызы мен Қарақат Әпдікәрімге бұйырды.
Байқауға қатысқан барлық өнерпаздарға арнайы сый-сияпат пен дипломдар табыс етілді.