Kyzylorda-news.kz.  Шиелі аудандық тарихи өлкетану музейінің жанынан аудандық кітапхананың жаңа ғимараты бой көтерді.

Мамандардың айтуынша, келушілерге рухани азық сыйлайтын кітапхананың бүгінгі жаңа ғимараты қос қабаттан тұрады. Заман талаптарына сай жасақталған ғимарат бірнеше бөлімнен тұрады. Атап айтар болсақ, жаңа ғимаратта абонемент және акт залы, замануи технологиямен жабдықталған интернет және оқу залы оқырмандарға қызмет көрсетеді. Кітапхана әр жыл сайын жаңа басылымдармен, әдебиеттермен толықтырылып тұрмақ. Қазіргі уақытта кітапханада 55 мыңға жуық кітап қоры бар. Алдағы уақытта кітап қоры артатын болады. Кітап көлемі артқан кезде кітапханаға келушілер саны да артары сөзсіз.

Сондай-ақ кітапхана қызметкерлері көшпелі кітапхана шарасын ұйымдастырған.

«Мемлекеттік мекемелерде қызметкерлер сегіз сағат жұмыс істейді. Олар жұмыстан босамайтыны белгілі. Сондықтан мемлекеттік мекемелерде, сауда орындарында көшпелі кітапхана шарасын ұйымдастырып тұрамыз. Сонымен қатар үйден шыға алмайтын зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға да кітап жеткізіп береміз», – дейді аудандық орталықтандырылған кітапхананың бөлім меңгерушісі Райхан Нұрекеева.

Айта кетейік, қазіргі таңда Шиелі ауданында орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты 32 кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Аудандық орталық кітапхана, бір аудандық балалар кітапханасы, төрт қалалық кітапхана және 26 ауылдық кітапхана бар. Оның ішінде бір модельдік ауылдық кітапхана, үш ауылдық онлайн орталығы бар.

Сонымен қатар жастарды кітап оқуға баулу, жаңашылдықты қолдау мақсатында ауданның 15 кітапханасында «Коворкинг» білім орталықтары ашылып, оқырмандарға қызмет көрсетуде.

Тағы да оқыңыз: