Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков мәжіліс залында қоғам және мемлекет қайраткері, жазушы, публицист Алтыншаш Қайыржанқызы Жағанованы 80 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Алқалы жиынға аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы, мәдениет пен білім саласының өкілдері, ардагер ұстаздар мен жастар қатысты.
Аудан басшысы өз сөзінде Алтыншаш Қайыржанқызының ел дамуына, отбасылық құндылықтарды насихаттауға, руханият пен мәдениетті өркендетуге қосқан зор үлесін атап өтті.
– Алтыншаш Қайыржанқызы – қазақ әдебиеті мен қоғамының көрнекті өкілі. Өзінің өнегелі өмір жолында елдің рухани жаңғыруына, әйел теңдігі мен ұлттық мәдениеттің дамуына зор еңбек сіңірді. Сіздің шығармаларыңыз бен қоғамдық қызметіңіз жас ұрпақ үшін үлкен өнеге. Аудан халқы Сіздің еңбегіңізді жоғары бағалайды, – деді Айтбай Насриддинұлы.
Кездесу соңында аудан әкімі Алтыншаш Жағановаға ауданның Құрмет грамотасын табыстап, ұзақ ғұмыр мен шығармашылық шабыт тіледі.
Өз кезегінде қоғам қайраткері Алтыншаш Қайыржанқызы аудан басшылығына және жерлестеріне жылы лебізін білдіріп, Шиелі ауданының өсіп-өркендеп келе жатқанына қуанышты екенін айтты.
Жиын барысында сондай-ақ аудан ардагерлері ізгі тілектерін арнап, ел дамуына сіңірген еңбегі үшін Алтыншаш Қайыржанқызына алғыстарын жеткізді.
Фото: Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі