Kyzylorda-news.kz Отбасы күніне орай, ұстаздық пен сазгерлікті қатар алып жүрген балалар композиторы, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Сәкен Шынымовтың «Сазды әуен жүректерді тербеген» атты шығармашылық кеші өтті.
Сәкен Шынымов Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы педогогикалық институтының «Музыка» факультетінің түлегі. Институт қабырғасында оқып жүріп, әндері жарыққа шыға бастаған. Ең алғашқы балаларға арнап шығарған « Назерке» әні облыстық сазгерлер байқауында орындалып, жүлделі бірінші орынға ие болды. Өнер жолымен ұстаздықты қатар алып жүрген Сәкен Шынымов білім беру саласында 34 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп, өнерге баулып келеді. Жүзге тарта әннің авторы. Оның отызға жуығы балалар әндері. Біраз әндері мектеп бағдарламасына, балабақша әдістемелік оқу құралдарына енген. 2012 жылы облыстық ұстаз-сазгерлер байқауына «Қазақстан» әнімен қатысып, жүлделі бірінші орынға ие болды. 2017 жылдың 23 мамырында Қызылорда қаласындағы «Мәдина Ералиева атындағы» мәдениет үйінде балаларға арнап жазылған әндерінен «Періште жүрек-пәк әуен» атты авторлық шығармашылық ән кешін өткізген. Автор балаларға арналған әндерімен қала мектептерінде және балабақшаларында кездесу-кештеріне жиі атсалысады.
Айта кетейік, өнер баспалдағын алғаш аттаған кезде қазіргі сахна жұлдызы Гүлнұр Оразымбетова Сәкеннің «Аналарым» әнін орындап, «Таңшолпан» байқауының бас бәйгесін еншілегенін біреу білсе, біреу білмейді. Сол кезде Гүлнұрды өнер көгіне шырқатып, бағын ашқан тамаша ән бүгінде халық жадында сақталып тұр. Атақты «МузАрт» тобының әншісі С.Майғазиевтің орындауындағы «Айт сырыңды, аққайың» әні – С.Шынымовтың төл туындысы.
Өзге де патриоттық үлгідегі әндері конкурстардан жүлдемен оралып жүрді. Солардың бірі – «Қазақстан». Осы ән 2012 жылы облыстық ұстаз-сазгерлер байқауында ІІ орынды иеленген. 2016 жылы республикалық «Зерек ботақан» журналына «Тәрбиеші апай», «Қазақстан», «Балдәуреннің шаттық әні», «Ана тілім», «Күз әні», «Балабақшам арайлым» әндері басылып шықты. М.Мәметова атындағы оқу орны жинақтап шығарған сазгерлердің оқу әдістемелік кітабына талантты сазгердің үш бірдей әні енгізілді.
Жергілікті ақындар – Е. Қозыбақов, Н. Сафин, Д. Аяшұлы, Р. Наурызбаева, Е. Абдулла, О. Базаралиев, Ш. Бекмағанбетовтің өлеңдеріне жазылған әндері салтанатты кештерде орындалып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленуде. Талант иесі әр әнді жарияламас бұрын теңізден маржан тергендей еңбекпен терең сүзгіден өткізіп, көпшілікке ұсынады. Қазақстандық эстрада жұлдыздарының жүрек қалауы Сәкеннің сазды әуеніне түсуінің де құпиясы содан болар. Балалармен ән әлемінің құпиясына бойлаған ұстаздың өзіндік ұстанымы мен терең тәжірибесі бар.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, М.Ералиева атындағы қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен кеш ақын Нұрлыбек Сафиннің сөзіне жазылған сазгердің «Назерке» әнімен ашылды.
Содан соң кеш иесін бөлім басшысы Жағыпар Тажмаханов құттықтап, өңірде балалар шығармашылығын дамытуда өз үлесін қосып жүрген сазгерге Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязовтың, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекованың құттықтау хаттарын табыстады.
Кеш барысында лэд экран арқылы сазгердің өмірі мен шығармашылығы туралы бейнеүзіктер көрсетіліп, үйірме өнерпаздары мен мектеп, балабақша бүлдіршіндері сазгердің «Қазақстан», «Соңғы қоңырау», «Анашым» т.б әндерін орындап, көрермендерге жақсы көңіл күй сыйлады.
Кеш соңында өнер көрсеткен барлық өнерпаздарға алғыс хаттар тапсырылды.
Қорлан САРЫ
Фото aqmeshit-zhastary.kz