Kyzylorda-news.kz Композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО халық әртісі Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл толуына арналған М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжінде «Сазгер мұрасы» атты әдеби-музыкалық кеш болып өтті. 

Сыдық Мұхамеджанов – талантты композиторлардың бірі, оның тамаша әуендері әр қырлы шығармашылығы, аға буын композиторлар мектебінің негізін қалаушылар мен 60-шы жылдары шыққан композиторлардың арасындағы байланыс дәнекері болып табылады.

Әйгілі сазгер ерен еңбегі үшін 1967 жылы Қазақстанның халық әртісі, 1974 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 1990 жылы КСРО халық әртісі атағын алды. «Октябрь революциясы», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды.

Кешке М.Мәметова атындағы Қызылорда жоғары педагогикалық колледждің оқытушылары мен студенттері қатысты. Шараның негізгі мақсаты - аға буын композиторлардың негізін қалаушы, скрипка мен фортепианоға арналған көптеген шығармалардың авторы Сыдық Мұхамеджановтың талантына тағзым ету, өмірі мен асыл мұрасын жастарға жақын таныстыру.

Оның скрипка мен фортепьяноға арналған сонаталары, халық аспаптар оркестріне жазылған пьесалары, күйлері, камералық оркестрге жазылған поэмалары қазақтың аспаптық, оркестрлік, камералық шығармаларының жан-жақты дамығандығын, оның биік көркемдік дәрежесін көрсетеді. Ол «Алдар көсе», «Ботагөз», «Рәбиға», «Беу,қыздар-ай!», «Сәуле»,тағы басқа спектакльдерге, «Ана мен бала», «Біз Жетісуденбіз», «Партизан қызы» кинофильмдеріне музыка жазған.

30 жылдан астам шығармашылығы барлық негізгі жанрларды қамтыған тума дарын 4 опера, 4 симфония, симфониялық поэмалар, оратория, концерттер, спектакльдер мен кинофильмдерге музыка жазды.

Кеш барысында жастарға композитор жайында толық мәлімет беріліп, бірнеше шығармаларының тарихы таныстырылып, орындалды. Тақырыпқа сай кітап көрмесі дайындалып, әдебиеттерге шолу жасалды.

 

Қорлан САРЫ

Тағы да оқыңыз: