Kyzylorda-news.kz Кеңес одағының Батыры, Тәуелсіз Қазақстан армиясының тұңғыш қорғаныс министрі және тұңғыш генералы, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына орай «Ерлікке толы ғибратты ғұмыр» тақырыбында тарихи-танымдық кеш ұйымдастырылды.
Сағадат Нұрмағамбетов – Ұлы Отан соғысында ерлігімен көзге түскен даңқты батыр. Ол 1942 жылдың шiлде айында 18 жаста кеңес әскер қатарына қабылданып, Түрікменстанда пулеметшiлер дайындайтын училищенi үздiк аяқтайды. Кейін взвод командирi ретiнде майдан шебiне аттанады. Кубань, Дон, Молдавия жерлерiнде, Одер, Шпрее өзендерiнiң бойында жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатысады. Майданда Краснодар өлкесін, Украинаны, Молдованы, Беларусь пен Польшаны азат етуге қатысты.
Бүгінде оның есімі Қазақстан қалаларының көшелеріне және әскери оқу орындарына берілген, батырдың құрметіне ескерткіштер, мемориалдық тақталар орнатылып, мұражайлар ашылды. Сағадат Қожахметұлының бюсті Мәскеудегі Ұлы Отан соғысының Орталық музейі Қасіретке тағзымға қойылған.
Кешке доцент, т.ғ.д. Сәтбай Дастан Яхияұлы, педагогика ғылымдарының магистрі, тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Ахметбек Бақытжан Мұқарамұлы, Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Жақыпов Алмат Алмасұлы, №1 мектеп-гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Тұрымбетова Әлия Мұхамедханқызы қатысып С.Нұрмағамбетовтың халықаралық әскери ынтымақтастықты дамытуға сіңірген еңбегі, бейбіт кезеңдегі белсенді қоғамдық қызметі, БҰҰ-ның мінберінен айтқан бейбітшілікті сақтау жөніндегі ұсыныстарын кеңінен баяндады.
«Тарих. Тағдыр. Тұлға» тақырыбында ұйымдастырылған кітап көрмесі оқырман назарына ұсынылды.
Қорлан САРЫ