Kyzylorda-news.kz. Өткен аптада Қармақшы ауданына қарасты ІІІ Интернационал ауылдық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен мекемелер мен шаруашылықтардың қатысуымен КСРО-ның Халық әртісі, Қазақстанның Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған «Ән әлемінің падишасы» атты тақырыбында фестиваль болып өтті.
ІІІ Интернационал ауылдық округі әкімі Нұрлыбек Сайымов әншінің өмірі мен еңбек жолы туралы естеліктер айтып, қатысушыларға сәттілік тілеп, ән феставалін ашып берді.
Фестивальдің ашылуы да өз алдына ерекше болып, тыңдаушыларға әдемі әсер қалдырды. Роза Бағланованың қалай сахнаға келгендігі туралы пролог көрсетілді. Фестивальге әрбір мекемеден бір орындаушыдан қатысып, олар
Роза Бағланованың орындауындағы тамаша әндерді шырқап, ереже бойынша екінші еркін тақырыпта өздерінің қалаған әндерін орындап өзара жарысты.
Нәтижесінде әділқазылар алқасының шешімі бойынша ең үздік деп танылған қатысушы мәдениет үйінің қызметкері Гүлзира Жетпісбаеваға берілді. Қатысушылардың барлығы арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтар марапатталды.
Ән кешінің соңында ауыл тұрғындары би билеп, естелікке суретке түсті. Шара барысында жылдар өткен сайын ерекше дарын иесіне деген халықтың сағынышы басым екендігі көрініп тұрды.
Айта кетейік, Роза Бағланова қазақтың халық әндерін, замандас композиторлар әндерін, шет ел халықтарының (венгр, өзбек, қырғыз, тәжік, украин, грузин, Әзірбайжан, корей, қытай, моңғол, орыс, үнді, чех, швед, т.б.) әндерін нақышына келтіре орындаған. 1946 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық эстрада әншілері 2-конкурсының дипломаты, 1949 жылы Бухаресте өткен бүкіл дүниежүзілік Жастар мен студенттердің 2-фестивалінің лауреаты. Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы», «Отан» ордендерімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» және Шапағат медалімен, «Құрмет белгісімен» марапатталған.
