Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов бастаған Сыр халқы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өткен «Абай тағылымы – Тәуелсіздіктің тірегі» атты республикалық ақындар аламынында топ жарып, үшінші мәрте «Алтын домбыра» иегері атанған Мұхтар Ниязов пен Ұлттық мұрамыздың шамшырағын өшірмей, дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген, кеше ғана «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын иеленген жыршы Күнсұлу Түрікпенді «Қорқыт ата» әуежайынан зор қошеметпен күтіп алды.
Қазақ баласының рухани құбыласы дана Абайдың өмірі мен өнегесін жырға қосқан Елорда төріндегі дүлдүлдер додасында от ауыз, орақ тілді кіл жүйріктер арасынан үздік шығып, дара ойын кестелі сөзбен көркем жеткізген айтыстың ақтаңгерін жерлестері жеңісімен құттықтап, аймақ абыройын асқақтатып, мерейін тасытқаны үшін алғыс айтып, лебіздерін білдірді.
Қазақ руханиятының алтын қазынасы, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан мәдени мұрамызды дәріптеп, талай додада шашасына шаң жұқтырмай, өзгелерден оза шауып жүрген, өңір руханиятына ерекше олжа салған үш дүркін «Алтын домбыра» иегеріне ақын Кенжебай Жүсіп арнау айтты.
«Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы батагөй қария Sabi Ansat ақ батасын берді.
«Бұл менің ғана емес барша Сыр жұртшылығының жеңісі алғаш «Алтын домбыраны» иеленгенімде, түбінде бұл жүлде Қызылорданың музейінен орын алатын болады деп өзіме уәде бергенім есімде. Шамам келгенше тырыстым. Осы уақытта маған қолдау білдірген жерлестеріме алғыс білдіремін» – деді.
Айта кетейік, Алтын домбыра айтысында үшінші мәрте үздік шыққан ақтаңгер бұған дейін 2012 және 2016 жылдары топ жарып, кіл жүйрікте шын жүйрік екенін дәлелдеген болатын.