Kyzylorda-news.kz. Аймағымыздағы жас өрендерді кәсіби музыкалық өнерге толыққанды даярлау мақсатында Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі мен облысымыздағы 13 өнер мектебі меморандумға қол қойды.
Қызылорда облыстық білім басқармасының бастамасымен жүзеге асырылған ынтымақтастық аясында бүгінде өнер мектептерінде білім алып жатқан талантты оқушылар білімінің келесі сатысын кәсіби музыкалық колледжде жалғастыратын болады.
Бойында қалыптасқан киелі өнердің ұшқынын әрі қарай дамытып, музыканың әліппесін, аспаптарда орындау әдістерін игеру үшін, оқушы білім алуының үздіксіздігін қалыптастыруды мақсат тұтқан меморандумға сәйкес мұғалімдердің ғылыми–әдістемелік жұмыстарын, оқулықтар мен электрондық кітапханалық ресурстарды, материалдық-техникалық базаны дамыту жұмыстары үйлестіріледі.
Сондай-ақ, алдағы уақытта өнер мектептерінің кәсіби біліктілігін көтеру үшін біліктілік арттыру курстары, семинар, шеберлік сыныптары, лекция, концерттер, пәндік олимпиадалар ұйымдастырылады.