Kyzylorda-news.kz. Осыдан 22 жыл бұрын 27 жасында хабар-ошарсыз жоғалып кеткен қызылордалық ақын Әділ Ботпановтың есімі жыр сүйер қауымға жақсы таныс. Өмірде бар-жоғы әлі күнге белгісіз тағдыры тылсымға толы ақын биыл 50 жасқа толды. Ақынның осы мерейтойына орай Аманжол Оңғарбаев, Дүйсенбек Аяшұлы бастаған сырбойылық достары Қызылордада «Мені өледі деген сөздер – ертегі…» атты поэтикалық жыр кешін ұйымдастырды.

Әділ… Әділ Ботпанов… Иә, иә, не бары 20 жасында қазақ поэзиясындағы «құбылыс» атанған ақын Ботпанов. Жырлары да, мінезі де, тіпті, тағдыры да бөлек Ботпанов. 27 жасында хабар-ошарсыз ғайыпқа айналып кете барған болмысы ерек Ботпанов. Біріміз білетін, бірімізге мүлде таныс емес бұл есім кім еді? Кімнің есімі? «Әділ Ботпанов – ұлы ақын! Біздің толқынның бастауы – Әділ еді… Ақындығы мықты болды. Өз деңгейлестері оған қызыға, қызғана қарайтын. Бірақ, жеке жыр жинағын шығарып үлгермеді. Тек «Қарлығаш» деген топтамаға біраз өлеңдері енді. Дүрілдеп жүрген ақын бірден із-түзсіз жоқ болды…». Тоқсаныншы жылдары әдебиетке ентелей енген буынның бел ортасындағы ақын Әмірхан Балқыбек өз естелігінде осылай депті.

«Таңда гүлдеп, шамда үзілген» таланттар қазақ өнерінде жүздеп саналады. Тек поэзияны атап көрелік, кешегі ғасырдың басында небәрі жиырма үш жасында қыршынынан қиылған Саттар Ерубаев, жиырма жеті жасында фәниден озып, бақиға аттанған Сұлтанмахмұт Торайғыров… Алпысыншы жылдардан бері тарамдасақ, Төлеген Айбергенов, Марат Отаралиев, Жұматай Жақыпбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Бауыржан Үсенов, Артығали Ыбыраев оралады еске…

Көкейдегі айтпақ сөз сәл өзгешелеу. Өнер­дің дүбірлі додасына дүлдүл арғымақтай арын­­дата қосылып, ізім-қайым жоғалғандар нешеме?! Оларды лап етіп жанып, күлге айналды деуге ауыз бара қоймас. Өйткені, саф талант кейде өз отына өзі өртеніп кететіні бар. Бұл – табиғи қуаттың тасқыны. Бәлкім, періште жүрегі пенделік ғұмырға сыймады ма?.. Әлде тағдыр талайы уақытша… уақытша ғана жасыра тұруды жөн көрді ме екен иесін?..

Бұл жағы бізге беймәлім.

Мықты ақындар өмірін өлеңмен болжайды деген бар ғой. Мүмкін Әділ де жырларында өз тағдыры жайлы бір болжамдар айтқан болар деп ойлайсың. Ойлайсың да, бас салып өлеңдерін парақтайсың. «Тағдыр» атты өлеңінде: «Азғантай ғана, азғантай ғана өмір бер, Жылдардың сансыз қажеті маған шамалы», – деп жазған екен. Тағы бірде: «Көмусіз қалған өліктей күй кештім, міне», – дейді.

Десе дегендей, Әділ әдебиет әлемінде жарқ етті де жоқ болды. Ізім-қайым. Не бары, не жоғы белгісіз…

Әділді ең алғаш болып белгілі ақын Жарас Сәрсек досы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қайдасың, Әділ?!» деген мақала жариялап, іздеді. Жазушы-журналист Қанат Тілеухан «Аққан жұлдыз» атты радиохабар жасады. Құрдасы, курстасы, ақын Бауыржан Бабажанұлы Әділ Ботпановтың шығармашылық кешін ұйымдастырып, Маралтай Райымбекұлы екеуі жиып-теріп «Өмірзая» атты кітабының шығуына ұйытқы болды.

Кейінгі кезде курстасы, белгілі продюсер Базарбек Атығай «Алматы» телеарнасынан Әділ Ботпанов туралы «Сәуле-ғұмыр» атты телебағдарлама ұйымдастырды. Осындай шаралардың басы-қасында үнемі Әділдің айнымас бір топ достары, курстастары жүрді.

Сыр елінде өткен ерекше поэтикалық кеш шымылдығы Әділ Ботпановтың өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильмнен бастау алды. Онда көрермендерге тағдырлы ақын туралы жан-жақты мағлұматтар ұсынылды.

Жарқын естеліктерге толы фильм ақын Әділдің шығармашылығын арқау еткен қойылымға ұласты. Қойылымда қызылордалық жас таланттар ақынның өлеңдерін нақышына келтіре орындай отырып, «құбылыс» Ботпановтың болмысын жан-жақты ашуға тырысты. Ақынның жүректерді тербеген жалынды жырлары көрермендерді тебірентіп, ерекше сезімге бөледі. Ершат Қайырханның орындауындағы Ә.Ботпановтың сө­зіне жазылған Қ.Құрман­әлі­нің «Сәлеметсіз бе?» әні­не түсірілген бейнеклип жиналған қауымның көңілін босатып, көзіне жас алғызды.

– Әділ Ботпанов – қазақ әдебиетіне сексенінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басында келген толқынның өкілі, – деді сахнаға кеш қонақтарының арасынан алғаш болып көтерілген Әділдің курстас досы, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлы, – Ауыз әдебиетінің уызына жарып өсіп, әлем әдебиетінің қайнарына тұмсық малып ішкен оның өлеңдері бірден-ақ әдеби қауымның назарына ілікті. Өз буынының басы, Алматыдағы бейресми «Жұматай қағанатының» ең жас нояны болған Әділ 1990 жылы ҚазМУ-дың филология факультетіне түсіп, бірер жылдан соң оны аяқтамай-ақ өзінің кіндік қаны тамған Қызылордасына оралды. Сондағы қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінде, «Қоғам ТВ» телеарнасында еңбек етті. Сөйтіп жүргенде 27 жасқа толар шағында ұшты-күйлі жоғалып кетті. Содан бері де 22 жыл уақыт өтіпті… Сол кезде «Жалын» журналында мынандай жақсы дәстүр болатын. Кез келген жас таланттың өлеңдерін жариялап, содан соң оған белгілі бір ақынның пікірін беретін. Әділдің «Жалында» жарияланған бір топ өлеңдеріне пікір жазған қазақтың үлкен ақыны, қазіргі еліміздің Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет болатын. Сол Ұлықбек ағамыз бүгінгі кешке өзінің арнайы хатын жолдады. Соны оқып беруге рұқсат етіңіздер, – деген ол Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Ұ. Есдәулеттің жүрекжарды лебізі жазылған хатын оқып, Әділ Ботпановтың жары Гүлсім Ботпановаға табыс етті.

Мұнан соң ақын Бауыржан Бабажанұлы Әділ Ботпанов өзінің өмірін «Өмірзая» деп бағалағанын жеткізді.

Әділдің өзі «Өмірзая» атты өлеңінде:

«Өмірзая жұлдыз болып келем мен

Жарық жыр боп аспаныңда жылт етем.

Салыстырсаң маған біткен өлеңмен

Тіршілігің тек әншейін қырт екен», – деп жырлаған көрінеді.

Бір қызығы, осы «Өмірзая» деп аталатын өлеңнің бір ғана шумағы сақталып қалыпты. Қалған жолдары ақынның мұрағатынан да табылмаған. Достары да естеріне түсіре алмаған…

Өмірзая! Бұл – жай жұлдыз емес. Өзге жұлдыздардан ерте туып, түнгі аспанда айдың астын мекендейтін шамшырақ. Бір ерекшелігі, қараңғы көкке алғаш сәулесін шашқанымен, өзге жұл­дыздар оянғанда өшетін жұл­дыздың атауы бұл. Адамдар да жұлдыздар іспетті. Бірі көк жүзінде түнімен жарқырап тұ­рады. Алайда, адамдарға берер әсері шамалы. Ал, бірі азғантай уақыт түнгі аспанда жарқ етеді. Ол пенденің санасында сағыныш сезімін тудырады.

Осындай «жұлдыз» Әділ Ботпанов өзі айтқандай қараңғы аспан төрінде жарқ етті де ғайып болды. Сонан­ бері жұрт оны сағынып жүр. Оның тағы бір мәрте ай астын­ан көрінуін күтеді. Ал, Өмірзая оларды сағындыра түседі. Әділ Ботпанов жайлы сөз еткенде, жоғалған жұлдыз көз алдымы­зға елестейді. Ол жо­ғалды. Әлі де табылмай келеді. 27 жасында жоғалған ел азаматы жүрекке «Келеді» деген сенімді ұялатады. Әрине, өзі жоқ болғанымен, оның ұшқыр қаламынан туған жырлары ел аузында жүр.

Неге екенін қайдам, Әділ Ботпанов өлеңдерінде өлімді көп сөз етеді.

«Бәрі де бекер,

Мәңгілікті ойлап кетілді жаным,

Өлемін ақыр… оған да бекінді тәнім.

Тек қана жапырақтардың соңғы әні секілді әнім

Әріге кетер…», – дейді «Ұнатам күзді» деген өлеңінде. Студент кезінде-ақ осылай жырлаған ақынның Бауыржан Бабажанұлы бастаған достары Еділ Анықбаев, Кенже Байназаров, Әділжан Шомбалов Ақмешіт аспанын жырға бөлеген ерекше кеште тағдырлы ақын туралы түрлі естеліктерімен бөлісті. Әділдің жырларын жатқа оқыды.

Ақынның достары Б. Бабажанұлы мен М. Райымбекұлы құрастырған Ә. Ботпановтың «Өмірзая» атты жыр жинағын 1000 данамен «Қазығұрт» баспасының директоры, ақын Темірғали Көпбаев тегін шығарып бергені ел есінде. Кейіннен қызылордалық жерлестері тағы да мың данаға тапсырыс беріп, арнайы шығартты. Бүгінгі кешке Әділдің досы Әділжан Шомбалов тағы да 500 данасын шығарып әкеліп, елге таратты. Оның бір бөлігі облыс пен аудандардағы барлық кітапханаға 10 данадан тегін таратылатындығын жеткізді.

– Сен біз секілді жүрген көптің бірі, қара қазақтың баласы емессің. Сен – Әділ Ботпановтың ұлысың! Осыны ұмытпа! – деді досының жырларын сахнада тебірене оқыған танымал актер Әділ Шомбалов ақынның залда отырған ұлы Ақназарға қарата айтқан сөзінде.

Міне, өзі жоғалса да, өлеңі жоғалмаған ақынды дәріптеген поэтикалық кештің екінші бөлімі «Әділдің жыр әлемі – жүрегімде» атты республикалық ақындар мүшәйрасына ұласты.

Жыр бәйгесіне алдын ала жасалған хабарландыру бойынша 30-ға жуық ақынның өлеңдері келіп түсіп, арнайы комиссия 8 ақынды іріктеп алыпты. Мүшәйра талабы бойынша ақындар 2 өлеңнен оқыды, біріншісі – тағдырлы ақын Әділ Ботпановқа арнау болса, екіншісі – еркін тақырыптағы өлең.

Республикалық жыр додасына «Ақтөбе» газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлы, ақын, режиссер-сценарист Оңталап Нұрмаханов, айтыскер ақын, 2 мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов қазылық жасап, шын жүйріктерді анықтады.

– Қазақ әдебиетінің көгінде Әділ Ботпанов деген жұлдыз бар. Нағыз талант үшін жас – өлшем емес. Ұлы атану үшін де том-том кітап жазудың қажеті жоқ. «Өмірзая» кітабы – Әділ Ботпановтың қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар екендігінің айқын көрінісі. Алланың бойына дарытқан ақындық миссиясын Әділ толығымен орындады, – деген екен белгілі ақын Темірғали Көпбаев «айға асыққан ақын» туралы өз естелігінде.

Иә, десе дегендей, мүшәйраға қатысқан ақындардың қай-қайсысына да не бары 16 жасында есімін мойындатқан, ал, 20 жасында қазақ әдебиетіне «құбылыс» болып келіп, «ақындық миссиясын толық орындаған» Әділ Ботпановқа жыр арнаудың оңайға түспегені анық. Бірақ, қара сөзден жыр кестелеген қатысушылар бір сәт Әділ ағаларын жалынды жырларымен сахна төріне «қайта оралтқандай» болды. Тіпті, қатысушылардың арасынан Әділ Ботпановша сөз саптағандар да табылды.

– … Жаңбыр жауса сіз бе деп жаутаң қағар,

Қос жанары жаңбырлы қос періштең…

… Қазақ сізді іздеп жүр, Әділ аға,

Сіз қазақты таба алмай жүрсіз бе, әлде?! – деп жырлады Павлодар қаласынан келген Алтынбек Елемесұлы.

– … Қараңғы кеңістік ішінде өзінің бейнесін таппаған,

Өмірден жалығып, жарықсыз мекенде тұратын.

Құдайлық сенімін пәлсапа табаны таптаған,

Қараңғы кеңістік ішінде қалқиды бір ақын, – деп көрермендерді тұңғиық ойға батырды Қазалы ауданының 10-сынып оқушысы Әлихан Махашев.

– … Қуанайын бүгін оң жақ, тарт, көзім,

Тағдырдың да білейін бір мәрт кезін.

Қайдан болдың, қайда жүрсің, қайдасың?

Кіріп келіп осы залға айтшы өзің? – деп толғанды алматылық Ақдидар Әлібекқызы.

– … Төбемізде Көк тәңірі,

Астымызда Жер-Ана.

Ботпановтың жоқ қабыры,

Білмейсің бе сен, аға?!

Керек емес желөкпелік,

Онан да бар (көгілжім),

«Сәлеметсіз бе?» деп келіп,

Есігің қақ өмірдің! – деп жыр төгілтті Түркістан қаласынан келген Тілеубек Батысұлы.

– Бүгінде Әділ туралы біраз жұрт біліп қалды. Оны іздейтіндер көп. Әділше өлең жазатын жастар көп. Біз оған бүгінгі жыр мүшәйрасында тағы бір куә болып отырмыз. Тіпті, «Instagram» әлеуметтік желісінде «Әділ Ботпанов» деген топ ашып, оның жырларын насихататуға кірісіп кеткен жастар бар. Біздің курс қай кезде де Әділ туралы бір жылы сөз айтқан адамды іздеп барып, қатарымызға қосып, қуанып жүреді. Әділдің атын айтқан, оның өлеңін оқыған, оған жыр арнаған әрбір адамды біздің курстың бауыры деп есептейміз. Біздің досымыз, жанашырымыз санаймыз. Бүгін осы сахнаға шыққан ақындар да біздің бауырымызға, достарымызға айналып отыр, – деді қазылар алқасының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы.

Тағдырлы ақын Әділдің жыр әлеміне бойлаған жыр додасында қызылордалық Ақтілек Бітімбай, Айдана Ерболат, Алматы қаласынан келген Ақдидар Әлібекқызы, Көкбөрі Мүбәрак ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Үшінші орынға түркістандық Тілеубек Батысұлы мен қазалылық Әлихан Махашев лайық деп танылса, екінші орынды Павлодар қаласынан келген Алтынбек Елемесұлы қанжығасына байлады.

Ал, І орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келген ақын Биболат Сәтжан еншіледі.

– Әділмен бірге өстік. Отбасымыз бірге араласты. Бүкіл жастық қызықты бірге өткіздік. Керемет думанды күндер мәңгі есте қалды. Бүгін өзі болғанда 50 жасын қалай тойлайтынын бір Алла біледі. Біз бүгін достарымен, бірге оқыған курстастарымен, өнердегі бірге жүрген қанаттас азаматтармен ақылдаса келе, осындай поэтикалық кешті ұйымдастырғымыз келді. Қолдағандарыңызға, келгендеріңізге мың алғыс! Шындығында, Әділ құбылыс еді. Құбылыс болғанда да ерекше, қайталанбайтын құбылыс болатын. Оның өмірдегі де, өнердегі де жолы өзгеше болды. Біз Қызылордада «Ақмешіт апталығы» деген газетте қатар жұмыс жасадық. Екеуміз қол ұстасып, құшақтасып бірге жүрдік. Арасында Дүйсенбек деген досымыз болатын. Сол Дүйсенбек Аяшұлының идеясымен осындай поэтикалық кеш, артынша ақындар мүшәйрасын өткізіп отырмыз. Расында, ақындардың бірінен бірі өтеді. Бәрі – бас жүлдеге лайық. Сіздерге біздің Әділ досымызды ұлықтап, оны жырға қосқандарыңыз үшін алғысымыз шексіз. Бүгін бәріміздің көңіліміз толқып, үлкен ой үстінде тұрмыз. Бір нәрсе анық. Әділдің насихаты бүгін басталған жоқ және осы кешпен аяқталмайды. Әділді ұлықтау мұнымен тоқтамайды. Жалғаса беретіні сөзсіз. Біз осыған уәде береміз, – Әділдің досы әрі әріптесі, Сыр еліндегі ерекше кешті ұйымдастырушы белгілі журналист Аманжол Сақыпұлы.

Мүшәйраға қатысқандарға және жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар тапсырылды.

Бас жүлде иесіне жүлдені тапсырған филология ғылымдарының кандидаты А. Оңғарбаев жыр додасына қатысқан ақындардың өлеңдері өз алдына жеке жинақ болып жарық көретінін сүйіншіледі. Сондай-ақ, мүшәйрада жеңімпаз атанған Б. Сәтжанның жеке жыр жинағын өз қаражатына 1000 данамен шығарып беретінін жеткізді.

– Әділдің өлең жазатынын білетін едік. Бірақ, туғаны болғанымызбен, оның өлеңінің деңгейін білген жоқпыз. Тіпті, жазған өлеңдерін түсінбедік. Оған өреміз жетпеді. Біз кішкентай көріп жүрген Әділ бала емес, дана екен. Оны бүгінгі кеште ұғып, мойындап отырмыз. Әділіміздің жоқтаушыларының арқасында оның қазақ поэзиясында өзіндік орны бар екенін енді түсіндік. Оның достарына отбасымыздың атынан ризашылығымызды білдіріп, басымызды иеміз. Осындай адал достары, бауырлары барда Әділдің аты, жырлары өлмейтініне сенімдімін, – деді ақынның туған ағасы Данабек Әнуарұлы.

– Бүгінге кеш маған ерекше күй сыйлап отыр. Азаматым осы залда отырған секілді. Бүкіл кеш бойы мен оған арқа сүйеп отырғандай болдым. Әдекең екеуміз ерекше сырлас болдық. Бүгінде жылаған жүрегімді, жетімсіреген көңілімді Әдекеңнің күнделігін оқып жұбатып келемін. Бүгінгі кеш өте ерекше өтті. Күрсінген көңіліме, жылаған жүрегіме жұбаныш тапқандай болдым, – деді ақынның жары Гүлсім Ботпанова ағынан жарыла.

Кеш соңында Ботпановтар әулеті жыр бәйгесінің барлық қатысушыларына, қазылар алқасына, ақынның достарына Әділдің «Домбыра-жүрек» атты өлеңінің бір жолы ойып жазылған қазақтың қасиетті қара домбырасын сыйға тартты.

– «Домбыра-жүрек» деген Әділдің бала күнінде жазған өлеңі. Кейін оның осы өлеңіне керемет ән жазылды. Ол әнді өлеңмен аттас «Домбы-жүрек» атты квартет орындап жүрді. Біз жақында осы әннің авторы мен тарап кеткен квартетті таптық. Әділ досымыз туралы олардың да айтары көп екен. Жақсы сұхбат дайындалып жатр. Тағы бір айтарым, бүгін осы залда Маралтай мен Жарас, Әділдің қалың курстастары тұруы керек еді. Бірақ, келе алмады. Әділ Шомбалов бауырымыз атап өткен Әділ Ботпановтың Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында өтетін кештерінде олар ортамызды толтырады деп сенеміз, – деді Бауыржан Бабажанұлы көрермендерге ақжолтай хабарды сүйіншілеп.

Бүкіл кеш бойы «Періштелер күймесінен түсіп қалғандай жауһар жырларымен Тәңірдің өзімен тілдескен Әділ ақын мына жалғаннан жанын түйсінер, сырын ұғынар жан таппай біз білмейтін жұмбақ әлемге қарай жол шекті ме екен?» деген ойда отырдық. Рас, ол бұл ортадан қол үзді, хабарсыз кетті. Алайда, біздің өз қиялымыздағы қисынсыздыққа сеніп жүруіміз де мүмкін ғой?! Өйткені шалқалап үйден шыққан жоқ, үміттің туын жыққан жоқ.

Ақынның қайда жүргенін желден сұрасақ па екен? Бірақ, оның еститін құлағы, тоқтайтын тұрағы жоқ. Көлден сұрасақ па екен? Жағаға келіп бас ұрып, тереңіндегін жасырып, түсініксіз тілде сөйлейді ол. Құстан сұрасақ па екен? «Қош бол» деп қанатын бұлғап кеткенін қарашы, ей! Өлеңінен сұрайықшы. Жұлдыздардың көзіне моншақ қылып тізген Әділдің жыры сөйлеп тұр.

«Мені өледі деген сөздер – ертегі» дейді өлеңі!

P.S: «Әділдің атын атағаннан кейін үш нүкте қоюға мәжбүрміз. Бірақ бұл үш нүкте Әділдің өмірі мен шығармашылығына қойылған нүкте емес», – депті Маралтай ақын бір естелігінде. Кешке жиналған көрермендер бары да, жоғы да белгісіз болып, құйрықты жұлдыздай жарқ етіп жоғалған Әділ Ботпанов «Сәлеметсіз бе?» деген өлеңіндегідей, өзін аңсай күткен адамдармен жағалай амандасып, жүректі жарып оралса ғой деген сағынышпен тарқасты…

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

журналист.

Суреттерді түсірген Нұрболат Нұржаубай.

Тағы да оқыңыз: