Kyzylorda-news.kz. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облыстық филиалы қызметкерлері ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты жылжымалы көрмемен танысты.
Қазақстанның барлық аймағына атбасын тіреуді көздеген көрме Сыр елінде С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында орналасқан.
Мұнда ұлы ақын туралы мол мағлұматтар жинақталған «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейімен» ұсынылды.
Департамент пен филиал қызметкерлері Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты тарихи құжаттармен, архивтік деректермен, құнды қолжазбалармен, Абай оқыған Ахмет-Риза мешіт-медресесінің араб, түрік, парсы, шағатай тілдеріндегі кітаптарымен, этнографиялық бұйымдармен танысты.
«Ұлы ақынның ұлағатты өмірінен сыр шертетін, рухани нәр беретін жәдігерлермен танысу, әрбір мемлекеттік қызметшінің жұмысына тың серпін әкелетініне сенімдімін. Сол себепті сырбойылық барлық мемлекеттік қызметшілерді көрмемен танысуға шақырамын», – деді департамент басшысы Нұрман Талқанбаев.
Жылжымалы көрмедегі құнды жәдігерлерді тамашалап, ерекше әсер алған қызметкерлер музей мамандарына алғыстарын білдірді.