Қызылордада 3 құнды еңбек оқырманға жол тартты (ФОТО) – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Қызылордада 3 құнды еңбек оқырманға жол тартты (ФОТО)

23.01.2020, 10:00

745 0

Kyzylorda-news.kz. Сыр өңірінің «Алаштың анасы» атануы тектен-тек емес. Тұран ойпатындағы алып өлкенің түп-тамыры – ұлттық рух пен тарихи танымның бастауы. Сондықтан ғасырлар бойы қаншама ғылыми еңбектерге арқау болса да, туған жердің тылсым сырлары толассыз толыға түсуде. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жыл бойы жүргізілген жүйелі жұмыстар өз жемісін берді. «Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаяттар», «Қасиетті Қазақстан» энциклопедия­сы және атақты шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуовтің жаңадан табылған қолжазбасы негізінде «Алаштың асыл мұрасы» атты шығармалар жинағы жарыққа шықты.

Кеше жаңа туындылардың тұсаукесер рәсімі Ә.Тәжібаев атын­дағы облыстық ғылыми әм­­бебеп кітапханада өтті. об­лыс­­­тық мәдениет, архив­тер және құжаттама бас­­қар­­­масы мен «Рухани жаң­­ғыру» ор­талығы ұйым­дас­тырған шарада облыс әкімінің орын­басары Наурызбай Байқа­дамов  сөз сөйлеп, жарық көрген тарихи һәм ғылыми-танымдық туындылар ойлы оқырман үшін бағалы қазына екенін жеткізді.

Айталық, «Сыр бойының сакралды ескерткіштері: миф­тер, аңыздар, хикаяттар» атты жинақ облыста алғаш рет жарыққа шығып отыр. хрестоматияда Сыр өңірі қасиет тұтып, киелі деп қадірлейтін 200-ге жуық нысанның аңыз-әпсаналары топтастырылған. Атақты әулиелер мен ахундар, ишандар, ел мен жерді жаудан қорғаған даңқты батырлар, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен от ауызды, орақ тілді би-шешендер мен жер-су атау­лары, көне қалалар, тарихи орындар жайлы мифологиялық әңгімелер мен аңыз-әпсаналар, хикаялар ел аузындағы фольк­лор мұрасы – халық жадының жарқын көрінісі. Жинақтың жарық көруіне «Сыр медиа» ЖШС қалам­герлері танымдық деректер жинап, аталған кітап­тың жарыққа шығуына  үлкен шығармашылық үлес қосты.

Қызылорда облысы бо­йынша дайындалған «Қазақ­стан­­ның киелі жерлерінің гео­гра­фиясы» жобасының аясында жарық көрген «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясы­на «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының тұжыры­мына сәйкес, арнайы тізімге алынған қасиетті орындар, тарихи мекендер, археологиялық ескерткіштер мен көне және ортағасырлық қалалар, киелі нысандар, көр­некті тарихи тұлғалар және сая­си маңызды оқиғаларға байланыс­ты та­нымдық дүниелер топ­тастырылған. 

«Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының ІІІ томына Сыр өңіріндегі сақ, оғыз, қаңлы тайпалары және қыпшақ мемлекетінің стратегиялық маңызды қалалары мен сәулет өнерінің ескерткіштері, өлкеміздің әлеуметтік-саяси өмірінде маңызды орын алатын киелі нысандары мен кешендері, барлығы 84 нысан енген. Олардың 12-сі жалпыұлттық, 72-сі өңірлік қасиетті нысандар. Аталған тізім толықтырылып отырады. Айталық, өткен жылы Қорқыт ата мұраларының ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілгені де аймақ руханиятындағы айтулы оқиға болды.

«Алаштың асыл мұрасы» кітабына Сыр топырағының перзенті, ХХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясында үлкен орны бар Тұрмағамбет Ізтілеуовтің  бұрын жарық көрмеген тың дүниелері жинақталған.  Бұл кітаптың филология ғылымдарының кандидаты, түркітанушы ғалым Серікбай Қосанның авторлығымен жарыққа шығуы да – «Рухани жаңғыру» жобасының игілігі. Кешегі кеңес өкіметі тұсында қуғынға ұшырап, шығармашылығы қатаң бақылауға алынып, қолжазбалары көп жылдар бойы көміліп жатқан Тұрмағамбет ақынның ғасырлар тоғысында халқымен қайта қауышқан дүниелері ерекше маңызға ие.

Кітапта сондай-ақ, Тұрмағамбет ақынның ел арасынан жинаған әдебиет үлгілері, көне араб әліпбиінде хатқа түсірген шығармалары және Алаш қаламгерлерінің ХХ ғасыр басында Ташкентте жарық көрген қазынасы топтастырылды.

– Біз тұсауын кескелі тұрған кітаптар – Сыр елі әдебиеті мен мәдениетіне, руханиятына сүбелі үлес қосатын айрықша мазмұнды дүниелер деп санаймыз. Жас ұрпаққа туған жердің тарихы мен тұғыры биік тұлғалары жайлы мол мағлұмат беретін кітаптардың жарық көруі – аймақтың мәдени өміріндегі айтулы жаңалық. Ғалымдар мен тарихшылар бай мұраны жинақтап, жүйелеу мақсатында үлкен жұмыс атқарды. Болашақта бұл жұмыстардың жалғасын табатынына сенемін, – деді Н.Байқадамов.   

Шарада философ-ғалым Баймырза Қожам­берлиев,  филология ғылымдарының кандидаты, түркітанушы Серікбай Қосан, эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуовтің немересі Шалқыма Әбдірауықова сөз алып, тілектестігін білдірді.

Осылайша жаңа туындылардың тұсауы кесіліп, жалпы оқырманға жол тартты.

0

Пікір қалдыру