Kyzylorda-news.kz. Күйші-композитор, ақын-жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Сыдықовтың 80 жасқа толуына орай «Домбыра жүрек жырлайды» атты республикалық онлайн күйшілер конкурсы өткізілген болатын. Бұл сайысқа Қазақстанның әр аймағынан 26 талапкер қатысып өнер көрсетті.
Арал аудандық мәдениет үйінде аталған конкурсты қорытындылауға және жеңімпаздарды марапаттауға арналған мерекелік кеш өтті.
Жиынға облыстық мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Рақымжанқызы қатысып, өнер иесінің өмір жолы мен шығармашылығына кеңінен тоқталды.
Басқарма басшысы өз сөзінде Мұрат Сыдықовтың өнерде биікке көтерілуіне жары әрі ақылман кеңесшісі Базар Қостаеваның да зор үлесі бар екендігін айтып, бақытын өнерден тапқан жандарды мерейтойымен құттықтады. Облыс әкімі мен басқарманың арнайы құттықтауын және Қазақстанның салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек Даңқы» төс белгісін табыстап, сый-сияпат көрсетті.
Мерекелік кеште «Домбыра жүрек жырлайды» республикалық онлайн күйшілер конкурсының ауданнан қатысқан жүлдегерлеріне арнайы марапаттар табысталды.
Жиында танымал өнер тұлғасының «Балықшы қыз», «Шаттанамын», «Махамбеттің толғауы», «Мұраттың төкпесі» сынды әндері мен күйлері жеке орындаушылардың және Қазанғап атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен нақышына келтіріле орындалды.