Kyzylorda-news.kz. «Қазақстан аруы – 2021» байқауының тарихында алғаш рет үш жеңімпаз анықталды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.
«Қазақстан аруы» атағын бірден үш жеңімпаз иеленді. Олардың әрқайсысы Қазақстанды ірі халықаралық байқауларда таныстырады.
«Әлем аруы» байқауында Қазақстан атынан ақтөбелік 23 жастағы Назерке Карманова шығады. Ол Ақтөбедегі Қазақ-Орыс Халықаралық университетін бухгалтер мамандығы бойынша бітірген. Қазір Алматыдағы банктердің бірінде менеджер болып жұмыс істейді. Бойжеткен бос уақытында садақ атумен айналысады, видеоға, суретке түсіргенді ұнатады.
Бұған дейін жеңімпаз: «Менің арманым – Қазақстанды халықаралық деңгейде таныту. Қазірдің өзінде осыны сезіндім, бұл – дүниеге келген, өскен елге деген шынайы мақтаныш, махаббат, осындай сезімді ештеңемен салыстыра алмайсың. Мен үшін өмірдегі ең маңызды мақсаттардың бірі – отбасын құру, ана болу», – деген еді.
Байқаудың тағы бір жеңімпазы 21 жастағы Айдана Ахатаева болды. Ол – “Астана аруы – 2021” иегері. Айдана “Ғалам аруы” байқауында Қазақстан атынан шығады. 21 жастағы бойжеткен Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі, қазір елордада музыкалық студиялардың бірінде фортепианодан сабақ береді. Бос уақытында классикалық музыка тыңдап, шет тілдерін үйренгенді ұнатады.
“Биыл байқау дирекциясы бір емес, үш жеңімпазды таңдағанына таңғалдым. Бұл – жағымды жаңалық, атақты үшке бөлгенімізге өте қуаныштымын. Менің ойымша, біз Қазақстанды әлемдік аренада лайықты деңгейде таныстырамыз. Байқауға қатысуымның мақсаты музыкамен шұғылданғысы келетін аз қамтылған отбасылар мен балаларға музыка студиясын ашу болды. Мен оларға салада қуана-қуана көмектесемін”, – деді Айдана байқау қорытындысы жарияланғаннан кейін.
Үшінші жеңімпаз 20 жастағы қарағандылық Анна Глубоковская болды. Ол Қазақстанды “Жер аруы” байқауында таныстырады. Анна Алматыда дыбыс жабдығымен айналысатын компанияда жұмыс істейді. Музыкамен әуестенеді, шетел әдебиетін оқығанды ұнатады. Бала кезінен орыс тілінен олимпиадаларға қатысқан. Сонымен қатар, Анна болашақта бет әрлеуші мамандығын кәсіби түрде меңгеруді жоспарлайды.
“Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мұндай нәтиже күтпедім, бірақ, шынымды айтсам, өзіме 100 пайызға сендім. Осылай бұйырды, мұнда тұрғаным – мен үшін таңғаларлық жайт. Қарағандыдағы сұлулық байқауына жай ғана хабарландыруды көріп, кездейсоқ қатыстым. Көптен бері өз атыммен сұлулық салонын ашуды армандадым. Анам осыны қатты қалады, енді арманымды жүзеге асыра алатын шығармын”, – деді Анна Глубоковская.
“Қазақстанның вице-аруы” атағын “Спорт аруы” 20 жастағы павлодарлық Данагүл Қарабай иеленді.
“Қазақстан Аруы 2021” мерейтойлық 25-ші ұлттық байқауының финалы бірнеше жылдан кейін алғаш рет Алматыдағы “Қазақфильм” студиясында өтті.
Финалдағы шоу кезінде Қазақстанның ең әдемі қыздары ARUNAZ отандық сән үйінің ұлттық, сәнді киімдері мен Sherri Hill Голливуд брендінің көйлектерін киіп шықты.
Дәстүрлі костюмдер көрсетілімнен басқа, залдағы және тікелей эфирдегі көрермендер финалистердің ерекше өнерлерін тамашалады.
Сахнада байқаудың төрт қатысушысы өнер көрсетті, олардың өнерлері қазылар алқасы тарапынан үздік деп танылды: “Алматы аруы” Әсият Исембаева “Кербез” ұлттық биін, “Астана Аруы – 2019” Айзада Хабиболаева қобызда Антонио Вивальдидің “Шторм” шығармасын, “Астана Аруы – 2021” Айдана Ахантаева пианинода Батырхан Шүкеновтің “Жаңбыр” әнін, “Таланты ару” Полина Филимонова Абай Құнанбаевтың “Көзімнің қарасы” әнін орындады.
Салтанатты рәсімнің жүргізушілері “Қазақстан аруы – 2013” Айдай Исаева мен танымал тележүргізуші Арнұр Ыстыбаев болды.
Өнер көрсеткен кеш қонақтарының арасында “101” тобы, MEZZO, QANAY, DJ Puza және Mira De Leon секілді танымал қазақстандық әртістер де болды.
Биыл қазылар алқасының құрамында актер Тәуекел Мүсілім, әнші Мәдина Сәдуақасова, “Қазақстан Аруы – 2013” иегері, тележүргізуші Айдай Исаева, KFW негізін қалаушы, дизайнер, стилист AlexChzhen, “Қазақстан Аруы”, публицист Виктория Момынбаева, Еffective Media Liaison (Tengrinews.kz, Vesti.kz, Massaget.kz) ЖШС директоры Сұңқар Қарабалин, қоғам қайраткері Совет Сейітов, “Қазақстан Аруы” байқауының директоры Алена Қырбасовалар отырды, ал қазылар алқасының төрағасы танымал скрипкашы Марат Бисенғалиев болды.
Байқаудың 28 қатысушысының ішінен қазылар алқасы 15: 13 қызды таңдады, оның біреуі таланттар байқауының жеңімпазы, екіншісі missqazaqstan.kz сайтындағы дауыс беру бойынша жеңімпаз болды.
Байқаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін қазылар алқасы үздік 15 қыздың арасынан гранд-финалға бес қызды таңдады. Гранд-финалдың 5 жеңімпазын қазақстандықтар тікелей эфир кезінде басталған сайттағы дауыс беру арқылы таңдады.
Еске салайық, 2020 жылы “Қазақстан Аруы” ұлттық сұлулық байқауының дирекциясы пандемияға байланысты дәстүрлі шоуды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдаған еді.