Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана 
мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі.
ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың 
Қазақстан халқына Жолдауынан

Kyzylorda-news.kz Мемлекеттік тіл – мемлекеттік саясат тұғырының бірі

Тақырыпқа өзек болған сөзді Мемлекет басшысы ассамблеяның биылғы отырысында айтты. Сол сәтте әлеуметтік желі арқылы түрлі пікірлер желдей есті.  Әрине, қанша адам болса сонша пікір, сонша ой болары анық. Өйткені барша қазақ халқын толғандыратын бірден бір мәселенің бірі –  мемлекеттік тіл машақаты. Ұлттың басты белгісінің бірі, қазақтың қазақ екенін дәлелдейтін бұлжытпас айғақ, әр қазақтың тамырында ағып жатқан қанмен рухына, ана сүтімен бойына дарыған қасиетті тіл. Тіл жойылса ұлттың жойылатыны айтпаса да белгілі. Сол үшін де кеудесінде жүрегі қазақпын деп соғатын әрбір қазақ баласы ұлттық тілінің болашағы үшін жанұшырады. Олай болмағанда қайтсін, атадан балаға мұра болып келе жатқан әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлер, өнегеге толы тәрбие беретін рухани азықтар түгелдей бойымызға ана тіліміз арқылы сіңеді. Сондықтан да елімізде тіл туралы ой айтылса, мәселе көтерілсе қоғам екі жарылып жатады. 

Президент «МЫНА ТІЛДЕ СӨЙЛЕ ДЕП МІНДЕТТЕЙ АЛМАЙДЫ» деген сөзді қалай айтты, қалай жеткізді? Мәселе осында. 

– Бүгінде түлектердің 80 пайызға жуығы ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырады. Биыл алғаш рет мектепке баратын балалардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде оқитын болады. Әрине, елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуге тиіс. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады», – деді президент.

Мемлекет басшысы шетелде отырып алауыздық тудыруға тырысатын деструктивті ұйымдардың жұмысын да сынға алды.

– Халқымыздың татулығын бұзып, ел ішіне іріткі салғысы келетіндер заңға сәйкес қатаң түрде жауапқа тартылады, тиісті жазасын алады. Ал ынтымақ пен бірлікті нығайтуға үлес қосқан азаматтар әрдайым зор құрметке ие болады, – деді.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болмағанын, барша азаматтарға бірдей мүмкіндік берілгенін атап өтті.

– Бұл – нағыз әділдік, әділетті мемлекеттің ажырамас бөлігі. Тағы да айтарым: елдің бірлігі мен татулығы ең негізгі құндылықтарымыздың қатарында тұр. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты тұғыры. Болашақта да солай болмақ. Осы стратегияның арқасында түрлі этнос өкілдері бір шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – мағынасы терең нақты жетістік», – деп атап өтті. 

Пессимистік ойдан арылатын уақыт жетті 

Президент сөзінен кейін қазақ қоғамында түрлі пікірлер айтыла бастады. Мәселен, медиа сарапшы Бэлла Қасымқызы «қазақ тілін шетелдік біреулердің тапсырысымен, я біреулерді араздастыру үшін талап етіп жүргенім жоқ. Осы елдің тең құқылы азаматы екеніме сенгендіктен, құқымды білгендіктен талап етемін» деп жазса, qazaqtimes-те «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «әркім өз тілінде сөйлесін, бастысы – түсінісу» деген мәлімдемесі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұл сөз жай ғана лингвистикалық пікір емес. Бұл – идеологиялық ұстаным әрі президенттік тұлғаның ішкі психологиясының, тілмен қарым-қатынасындағы қайшылығының көрінісі. Тоқаев бұл сөзді неге айтты? Ол бұл ұстанымды ел мүддесі үшін таңдады ма, әлде өзі қазақ тілін толық меңгермегендіктен, ішкі қорғаныс механизмін іске қосты ма? – деген пікір жарияланды. Одан бөлек, azattyq-қа журналист Ақсәуле Әбітайдың «мәселенің түбін зерттемей, жазалау түрін таңдайды» деп қынжылғаны және блогер Жалғас Ертай «елді бірлікке шақырамын деп елдегі көп адамдар тобына топырақ шашты» деп президентті сынағаны басылған. 

Санамалап жаза берсек, мұндай пікірлер аз емес. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин 25 сәуірде Facebook-та жазба жариялап, «билік қазақ тіліне қиянат жасады» деу – бос әңгіме, даурықпа сөз, деген пікір білдірді. Ол сондай-ақ «аттанға салып, айғайға басып, жоқ жерден шу шығаратындай ештеңе болған жоқ» деді.

«Мемлекеттің тілге қатысты ұстанымы сол қалпы. Қазақ тілін еліміздегі этносаралық қатынас тіліне айналдыруға қатысты бағытынан айнымай, өз арнасымен тұрақты түрде жалғаса береді. Ассамблея сессиясында Президент осыны тағы да анық айтты. Жалпы қазақ тілінің болашағына қатысты пессимистік ойдан арылатын уақыт жетті. Мен мұны бұрын да айтқанмын, тағы да қайталағым келеді. Керісінше, қазақ тілінің қоғамдағы рөлі жыл өткен сайын артып келеді» деп жазды Қарин.

Саясаткер телеграм-арнасына: «Президент қазақ тілі біртіндеп ұлтаралық қатынас тіліне айналатынын тағы қайталады. Бірақ бұл мақсатқа біз эволюциялық жолмен жылжып келе жатырмыз. Мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуді асықпай, ақылмен шешу керек. Тіл мәселесін саясиландыруға, арандатуға жол берілмейді», – деген кеңесші президенттің ішкі және сыртқы саясатта әлдебіреудің айтуымен емес, ұлттық мүддеге сай жүретінін атап өтті.

Президент пәрмені

Қалай болғанда да ана тілімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Өйткені біздің тіліміз даудың емес, ымыра мен бірліктің ұйытқысы болуға тиіс. Ал оны дау-дамай мен даурықпаның тіліне айналдырсақ, адами құндылықтардан айырыларымыз айғақ. Бұл тұрғыда қазақтың заңғар ақыны Мұхтар Шаханов:

«Қазақ тілі – бабамыздың бабасы,
Қазақ тілі – ұлтымыздың анасы.
Ана тілсіз жойылады елдің рухи санасы,
Бір-ақ қадам ұлтсыздық пен мәңгүрттіктің арасы», – деп тебірене жырлап, оқыған адамның жанын елжірете түседі.  

Қазақ тілінің болашағына алаңдаған зиялы қауым бірінші кезекте  оның мемлекеттік тіл статусын алуы үшін күрес жүргізді. Құдайға шүкір, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Бұл Конституциямыздың 7 бабында көрсетілген. Қазақ тілін үш бақытының біріне балаған Мұқағали Мақатаев, жырларымен тілімізді құрметтеуге, қанша елдің тілін біліп меңгерсек те ұлттық тілімізді қадірлеп, қастерлеуге шақырған Қадыр Мырза-Әлі, Жұбан Молдағалиев, Фариза Оңғарсынованың туған тілдің төңірегіндегі тебіреністері кімді болсын бей-жай қалдырмайды. Мемлекет басшысының өзі: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады», – деп ана тіліне деген құрметінің ерекше екенін білдірген. 

Біз де тізгінді осы жерден тартып, президенттің «МЫНА ТІЛДЕ СӨЙЛЕ ДЕП МІНДЕТТЕЙ АЛМАЙДЫ» дегені ана тілді кемсіткені емес, қайта керісінше, оның қолданыс аясын кеңейтуге болатынын жеткізгіміз келеді. Өйткені сіз де кез келген адамға ҚАЗАҚ тілінде сөйлей аласыз, ешкім кедергі бола алмайды. Себебі президент пәрмені солай. 

Әзиз БАТЫРБЕКОВ

Тағы да оқыңыз: