Kyzylorda-news.kz «Ел іші – өнер кеніші» дейміз, негізінен ауыл – нағыз таланттылардың ордасы. Кейіпкеріміз Аруназ Сағынтай – Жалағаш ауданы, Ақсу ауылындағы алтын ұяның 9-шы сынып оқушысы. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын белсенді жаспен Ақсуға аялдаған сапарымызда сұхбаттасудың сәті түсті.

Әкенің қанымен, ананың сүтімен бойына дарыған талантты тұншықтырмай ұштап жүрген Аруназ бала күнінен ән әлеміне жақын. Айтуынша, нағашы әжесі өнерлі кісі болыпты. Ауылдық клуб жанынан ашылған «Сырлы әуен» ән үйірмесіне 6 жасынан бастап қатысқан ол, үлкен байқауларда топ жаруына аталған үйірменің тигізген септігі мол екенін айтады. 

Кейіпкеріміз ең алғаш 2 сыныпта аудандық патриоттық әндер шырқау  бойынша өткен байқауда ІІ орын иеленген. Мұнан бөлек «Бозторғай» халықаралық балалар шығармашылығына бірнеше мәрте қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Ал 2022 жылы дәл осы балалар шығармашылығына арналған байқаудың республикалық кезеңінде дипломант атанған. Сондай-ақ «JasStar» халықаралық балалар мен жасөспірімдер және жастар фестивальінің республикалық кезеңінен де жүлделі І орын алған. Жақында «Жарқын болашақ» республикалық жарысында топ жарған кейіпкеріміз Астана төрінде «Қазағым-ай» әнін шырқап, ІІІ орын иеленген. Ол осы жарыста өзге ұлт өкілдерімен бірге бір сахнада өнер көрсеткен, әр жарыстың өзіндік қызығы мен ерекше естеліктерін еске алған озат оқушы жарыс жолы тоғыстырған достарымен әлі де хабарласып тұратынын жеткізді. 

– Мен 2022 жылы Таңшолпан облыстық телевизиялық байқауына қатыстым. Бұл жарыстан аудандағы қарсыластарымнан оза шауып, облыстық кезеңде өнер көрсеттім. Қызылордада өткен сайыста «Әлемдік әнді жақсы орындаушы» деген номинация иегері атанып, қосымша Канадада өтетін халықаралық «Торонто» фестивальіне сертификат жеңіп алдым. Канада сахнасында өтетін сайыс онлайн түрде өтетін болғандықтан мәдениет үйіне барып  Дильнура Біржанованың «Мен қазақпын» әнін орындап, бейнежазбаға басып жібердік. Арада бір апта өткен соң Канададан Қазақстан Республикасы Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Ақсу ауылының өнерпазы Сағынтай Аруназ Канада да өткен сайыста гран-при иегері атанды деген хабар келді, – дейді жас әнші. 

Үлкен жарыстарда қанша топ жарғанымен ол үшін ауылдағы үйірменің орны бөлек екен. Себебі ең алғаш өнерге баулыған осы үйірмедегі жетекшісі Жанар апай мен музыка пәнінің мұғалімі Гаухар апай алғаш өнер жолындағы тұсауын кескен. Сондай-ақ 3 сыныптан бастап Қызылордадағы Бағдагүл Есмұрзаева деген апайдың жетекшілігімен құрылған «Сыр сандуғаштары» деген топтың мүшесі де болған. Осыған дейін Бағдагүл апайының ұсынысымен Роза Рымбаеваның «Цветы земля» әнін бірнеше рет сахнада орындап, жетістікке жетті. Сондықтан ол үшін әр тәлімгердің өзіндік орны бар. Аруназ Зиятқызы «олардан әлі үйренерім көп» дейді.

– Аруназ ең алғаш үйірмеге келген күннен сахнада өзін еркін ұстайтын. Өте алғыр, табиғи дауысы бар, бірде-бір жарыстан жүлдесіз қайтпаған өнерпаз. Ол көбіне «вокал» жанры бойынша байқауларға қатысып, үздіктер қатарынан көрініп жүр. Сондай-ақ патриоттық әндерді де өте жоғары деңгейде орындап, көрермен көзайымына айналған. Аруназ – тек ауылдың ғана емес, ауданымыздың да мақтанышы. Оны алда жарқын болашақ күтіп тұрғанына сенемін, – дейді «Сырлы әуен» үйірмесінің жетекшісі Жанар Құрманғазықызы. 

Кейіпкеріміздің бүгінде алдына қойған нақты жоспары да жоқ емес. Ақсудағы алтын ұяда 9-шы сынып оқитын жас өрен, биыл Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыка колледжіне оқуға тапсырып, одан әрі Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының ән саласында білім алуды көздеп отыр. Себебі ол өнерін өрге жүздіріп, әнші болуды армандайды. Үлкен сахнада топ жарып, өнер адамы болуды мақсат еткен жас әншіге біз де сәттілік тіледік.

 

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыз: