Kyzylorda-news.kz Қазақ – жаратылысынан қашанда өнерге өте жақын халық. Өз заманында талай сал-сері, күміс көмей әнші, жыр жампозы – жыршыларды туғызған халықтың бүгінгі ұрпағы да бұл салаға келгенде қара жаяу емес. Қазіргі таңда, олар дәстүрлі өнер дәреметін дәріптеп, халық арасында насихаттауға атсалысып жүр. Солардың бірі – өткен мен бүгінді жалғап, жыраулық өнерді жастардың санасында жаңғыртып жүрген өнер жанашырлары жиылған Қазалы ауданының Роза Бағланова атындағы мәдениет үйі жанынан құрылған «Жыраулар» бөлімшесі.
Осыдан жеті жыл бұрын жергілікті әкімдік пен мәдениет бөлімі тарапынан қолдау тауып, Қазалы ауданы жастарын ұлттық өнерге баулу ісін қолға алған жыраулар үйірмесі бүгін де, елдік миссиясын жалғастырып келеді.
Қазіргі таңда, үйірме шәкіттер алды республикалық, облыстық және аудандық сайыстарда түрлі жетістіктерге жетіп, өнер додасында биік белестерді бағындырып келеді. Бүгінде, бөлімшеде – үйірме жетекшісі Жәнібек Құтмаханов пен әдіскері Әмір Сариев және меңгерушісі Жамболат Өмірзақ сынды жыраулық өнерінде мол тәжірибесі бар мамандар жұмыс жасауда.
Бөлімше меңгерушісі Жәнібек Құтмахановтың айтуынша, жыраулар бөлімінің мақсаты – қазақ жерінде бастау алған сан ғасырлық тарихы бар жыраулық өнерді сақтап, өскелең ұрпаққа дәріптеп, ұлттық мұраны жоғалтпай ертеңгі ұрпаққа жеткізу. Жаһұт өнерді кәсіби тұрғыда дамытып, Сыр бойы жырауларының шығармаларын насихаттау.
– Ұрпақ тәрбиелеуде бұл өнердің маңызы өте зор. Адам дүние есігін ашқаннан, жарық дүниемен қоштасқанға дейінгі кезеңнен түрлі жыраулық дәстүрді кездестіруге болады. Тіпті, Абай атамыз: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең», – деп жырлайды.
Демек, қазақтың тұрмыс-тіршілігіне бұл өнер соншалықты сіңісіп кеткен. Мәселен, халқымыз жас сәбидің шілдеханасын дүбірлетіп өткізіп, жыраулық өнерге жақын адамдарға басқартатын болған. Әйтеке бидің осындай тойын Жалаңтөс Баһадүрдің өзі жүргізіпті деген ақпар бар.
Ал, сол ескі заманда жыраулар таңға дейін жырлап, қатарын толтырған сәбидің қуанышымен бөліскен. Одан қала берді, бесік жыры, сыңсу, беташар жыры секілді дүниелер қазақтың тұрмыс-салтымен бірге жасасты. Беташар салтын белгілі жырауға тапсырудың өзіндік пәлсапасы, таным-деңгейі бар. Дін мен салтты қатар ұстанған қазағымызда осы жыраулық өнердің ұрпақ тәрбиесінде, қоғам тәрбиесінде атқарған рөлі зор болған. Ата жырын бесіктен құлағына құйып өскен бала міндетті түрде елін, жерін сүйетін тұлғаға айналады. Ол насихат, өсиетпен өсетін болады. Сол себепті, жыраулық өнердің ұлт тәрбиесіне, ұрпақ тәрбиесіне тигізер маңызы жоғары. Қаншама ғасырды артқа тастаған, терең мағыналы, философияға бай ондай туындылар көп халықта жоқ екенін ескеруіміз керек, – дейді Жәнібек Құтмаханов.
Бөлімше мамандары бұған дейін облыстық, аудандық деңгейдегі көптеген іс-шаралар мен жыраулар сайысын өткізіп келген. Солардың бірі – Роза Бағланова атындағы Қазалы аудандық мәдениет орталығы жанындағы Жыраулар бөлімшесінің ұйымдастыруымен өткен ауқымды «Жыраулардың бүгінімен ертеңі» атты дөңгелек үстел шарасы болды.
Аталған шарада жыраулар бөлімінің және Қазалы ауданының абыройын асқақтатып жүрген жыршы-термешілерді қанаттандыру мақсатында марапаттар мен номинациялар табысталды.
Бұдан бөлек, Қазалы ауданында Қазалы қаласының 95 жыл толуына орай «Туған өңір – тұнған өнер» атты аудандық фестиваль, «Әйелмен әлем әдемі», «Жыр қазына – күй шежіре» сынды сайыс, шаралар ұйымдастырған.
Онан соң, Арал ауданы, Шөмішкөл ауылында Орал ахун бабаның 200 жылдығы және жаңа мешіттің ашылу салтанатына орай «Жыраулар» сайысы өткен. Ұлттық мұраны ұлықтағандар сайысында үйірме жетекшісі Жәнібек Құтмаханов пен бөлімше меңгерушісі Жанболат Өмірзақ өзгелерден дара шауып, арнайы жүлде иемденіп қайтқан.
Бөлімше сүйемелдеушісі ұлттық өнерді насихаттауда мұнымен тоқтап қалмайтындарын айтып, алдағы жоспарларымен де бөлісе кетті.
– Жыраулар үйірмесінде мезгілінде аптаның екі күнін белгілеп, шәкірттер дайындаймыз. Бүгінде оқушылар арасынан осы саланы таңдап музыка колледждеріне түсіп жатқандары да бар. Мұнымен тоқтап қалмай, Қазалы ауданында жыраулық өнердің ауқымын әлі де кеңейтуді мақсат тұтып отырмыз. Мәселен, шәкірттер қатарын көбейту, штаттық жүйені де кеңейту өз жемісін береді деп сенеміз, – дейді Жамболат Өмірзақ.
Жампоз жырау Жамбыл Жабаев айтқандай: «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым!» демекші, өзінің емес елінің атын шығаруда қажырлы еңбек етіп келе жатқан жыраулар үйірмесінің алар асуы, жетер жетістігі көп боларына сеніміміз мол.