Kyzylorda-news.kz Театр – жүректен шыққан сезімнің сахнаға айналатын орны. Ал сол сахнада шынайы өмірді сомдайтын актер – рухы мықты, жүрегі сезімтал тұлға. Бүгінгі мақаламызда жас та болса, өнер жолында өзіндік өрнек қалыптастырып үлгерген А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған "Жастар" театрының артисі Мақсат Серіков туралы сөз қозғамақпыз.
Мақсаттың театрға деген сүйіспеншілігі мектеп қабырғасынан қалыптаса бастаған. Ол шығармашылық шараларға белсене қатысып, түрлі көріністер мен қойылымдарға белсене атсалысқан. Кейіпкеріміздің айтуы бойынша, мектептегі мұғалімдері оның бойындағы ерекшелікті байқап “театр актері бағытында өзіңді сынап көрмейсің бе?” деген пікірлер білдірген. Осы шабыт – Мақсат үшін театр әлеміне ашылған қақпа болды.
– Иә, өнер – оңай жол емес. Бірақ ол тек қиындықтан тұрмайды. Бұл жол – білім мен тәртіптің, еңбек пен рухтың жемісі. Сыналасың, сүрінесің, бірақ бәрібір қайтпайсың. Тәртіппен шыңдалған адам мықты актер бола алады, – дейді ол.
Ол әртістің басты қаруы – өзімен үздіксіз жұмыс істеу екенін айтады. Әсіресе, қиын сәттерге дайын болу, ішкі сенім мен төзімді сақтау – өнер адамының серігі.
Мақсат осы уақытқа дейін бірнеше маңызды рөлді сомдап үлгерген. Атап айтқанда, ағылшын драматургі Людвигтің “Бикештер” пьесасында Лео Кларк пен Максин рөлдерін сомдаған. Сонымен қатар Мұхтар Әуезовті “Еңлік – Кебек” трагедиясында Кебектің рөлін ойнаған. Алдағы уақытта ол отбасы құндылықтарын арқау ететін қойылымдарда, әсіресе әке немесе бала бейнесін сомдауды армандайды. Оның жүрегіне махаббат пен адами сезімдерге толы рөлдер жақын.
Негізінен актерлік шеберліктің маңызды бөлігі – дайындық барысы. Кейде дайындыққа санаулы күн ғана беріледі. Осындай сәттерде актер ұйқысыз түндерді де артта қалдырып, бар күш-жігерін салып дайындалады.
– Біз белгілі режиссерлермен бірге көп жұмыс істейміз. Әр рөлге физикалық та, рухани да дайын болу керек. Театрда "ойнау" емес, "өмір сүру" деген ұғым бар. Біз сахнаға шыққанда кейіпкердің өмірін шынайы өткеруіміз қажет, – дейді кейіпкеріміз.
Мақсаттың ұстаздарына деген құрметі ерекше. Ең алғаш оны театрға жетелеген ұстазы – Байқоңыр қаласындағы “Асыл арман” театр үйірмесінің жетекшісі Айдар Ақботаұлы. Сонымен қатар ҚР Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов, Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық академиялық драма театрының артисі Залипа Төлепова, Сырым Әбдіразақов, Санат Жүзбай сынды белді артистер оны театр әлеміне жетелеген.
Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Шерхан Пірназардан сабақ алып, аз уақыт болса да көп дүние үйренген. Сондай-ақ оң солын үйреткен, жанына жалау бола білген ұстазы Гаухар Көнебекованы ерекше атап өтті.
– Ұстаздарымның сенімі мен қолдауы – мен үшін рухани күш”, – дейді актер.
Қазіргі таңда Мақсат өзі де шәкірт тәрбиелеуге үлес қосып жүр. Алматы, Астана қалаларындағы академияларда білім алып жатқан шәкірттері көп. Театр қойылымдарына шақырылып, шәкірттерінің жетістіктеріне қуана қолдау көрсетіп келеді.
– Нағыз әртіс жан-жақты болуы керек. Театрда "штамп" деген ұғым бар. Егер тек сахнамен шектеліп қалсаң, ойың да шектеледі. Ал штамп кейінірек қалыптасса, сен кино мен театрды қатар алып жүре аласың. Егер ұсыныс түссе, театрдағы рөлдерімді әріптестеріме тапсырып, кино саласында да өзімді сынап көруге дайынмын, – дейді ол.
Кейіпкеріміз өнер әлемінде еркін қанат қағып көрерменнің ыстық ықыласына бөленуіне әріптестерінің де қолдауы ерекше екенін жеткізді.
Өнер адамының рухани болмысы оның оқыған кітаптарынан да көрінеді.
– Актер болу үшін "Абай жолын" оқу – парыз. Барлық өнер мектебі соны оқытудан бастайды. Өйткені бұл – өнер мен парасаттың, терең ойдың негізі, – дейді Мақсат.
Сондай-ақ ол Төлен Әбдіктің “Оң қол” әңгімесін, Сайын Мұратбековтің “Жусан иісі”, Әзілхан Нұршайықовтың “Махаббат, қызық мол жылдар” сынды шығармалары театр артисіне шабыт беретінін айтты.
Әдебиет – актердің ішкі шырағы. Сенің сөзің терең болуы үшін, ойың да терең болуы керек. Адамда ең бастысы, адамгершілік қасиеттің болуы маңызды. Адамгершілік болмаса, ой да, сана да, тәрбие де қалыптаспайды. Ал егер осы қасиет болса, онда бәрі болады.
Кейіпкерімізге өнер жолында биіктен көрініп, қазақ өнерінің өрісін кеңейтетін тұлғалар қатарынан көрінуіне тілектеспіз.
Көркем ТӨЛЕБАЙ