Kyzylorda-news.kz. Сыр елінің бас қаласы Қызылорда қарқынды құрылыс алаңына айналды. Мұнда жыл сайын көптеген шағын аудандар бой көтеруде. Жаңадан әлеуметтік нысандар салынып, әлеумет игілігіне табысталуда.

Сыр елінің символындай салынып жатқан «Өнер» орталығы осындай айтулы нысанның бірегейі. Орталық орналасқан жер аумағы үлкен. Құрылыс жұмыстарын жүргізу құқығы «СМП Қызылорда» ЖШС мердігер мекемесіне міндеттелген. Мәдени орталықтың сапалы салынуы – ең басты талап.

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, облыс әкімінің аппарат басшысы Шахмардан Байманов, қала әкімі Асылбек Шаменов пен облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төралиев Өнер орталығының құрылысымен танысты.

1000 келушіге арналған көпфункционалды орталықтың іргетасы былтыр тамыз айында қаланған. Нысан жыл соңында пайдалануға берілмек. Құны 3,7 млрд теңгені құрайтын екі қабатты ғимаратта симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар, түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізіледі.

Айта кетейік, көрермендерге концерттерді кәсіби әрі жанды дауыста ұсыну үшін симфониялық оркестр құру жоспарлануда. Ұжымның салтанатты тұсаукесер рәсімі жаңа «Өнер орталығында» өтеді.

Сыр елінің сәулетіне сән беретін үлкен сыйымдылықтағы нысан Сыр өңірі көркемөнерпаздарының көз қуанышы болмақ. Ел игілігіне арналған орталық ізгі істер бастауы болып, талай таланттардың тұғырына айналарына сенім мол.

Өнер орталығы соңғы үлгідегі сәулетті үлгіде жобаланған. Орталықтың дизайны жоғары деңгейде. Екі қабатты болып салынатын нысан барлық қажетті талаптарға сай жабдықталмақ. Бұл еліміз бойынша ең үлкен бір төбелі өнер алаңы болады деп жоспарлануда.

Өнер орталығы заманауи құрал жабдықтармен қамтамасыз етілмек. Мың адамға арналған мәжіліс залы, арнайы үйірмелерге арналған бөлмелер жұмыс істейді. Сонымен қатар қаладағы көрікті нысандардың біріне айналмақ. Оқушылар мен жас жеткіншектердің бос уақыттарын тиімді пайдалануға арналған өнеге ордасы болмақ. Осынау дәуірлі өнер ордасы Сыр төрінде салтанат құрмақ.

Қазақ өнерінің көкжиегін кеңейтіп, Тұран топырағының қасиетін даралайтын берекелі орынның бәсі биік болады. Бұл біз көрген Өнер орталығының бүгінгі бейнесі.

350788616_1293345531272802_2111511532905334211_n.jpg

 

350933590_932296531318228_6744358630662208486_n.jpg

 

350955237_3669746896645010_3141495107502942850_n.jpg

Тағы да оқыңыз: