Kyzylorda-news.kz Сыр сахнасында Мәдениет саласының үздігі Баймаханов Ұғым Санақұлының 50 жылдық мерейтойына арналған «Өнердің дарабозы» атты шығармашылық кеші болып өтті. Өнер әлемінде үздіксіз ізденіс пен талантымен көрермен көңілін тауып жүргеніне 30 жылға жуықтап келеді. Бүгінде ол «Мәдениет саласының үздігі», «Үздік актер» аталымынның иегері. 

Ұғым Санақұлы 1997 жылы театрға биші болып жұмысқа орналасып, 1999 жылдан бастап театр артисі қызметін абыроймен атқарып келеді. 1995 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің хореография мамандығына оқуға қабылданып, 1999 жылы тәмамдаған. Өзінің айтуынша, өнер жолын таңдауына ешкім себепші болмаған. Бала кезден сол саланың хас шеберіне айналуды мақсат тұтқан Ұғым Санақұлы осы салада жүргенін мақтан тұтады.

Ең алғаш университет табалдырығын аттаған сәттен бастап, асқақ арманының орындалуына үлес қосқан ұстазы Алмас Қаржаубаев есімді азамат болды. Ол кісі хареография саласының қыр-сырын үйреткен. «Ұстазымның жолын жалғастырсам деген мақсатым әлі күнге мені алға жетелеп келеді», – дейді ол. Осылайша арманын мақсатқа, мақсатын шындыққа айналдыру үшін 1997 жылы университет қабырғасында оқып жүріп, «Сыр сұлуы» ән-би ансамблінің бишісі болды. 2007 жылдан 2011 жылға дейін Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде актёр мамандығы бойынша білім алды. Оқуын тәмамдаған сәттен бастап, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық драма театрына актёр болып қызметке орналасты.

Ұғым Санақұлы «Мұстафа Шоқай» спектакльінде Розенбергтің, «Абай» пьесасында Оразбайдың, «Ескі үйдегі екі кездесу» спектаклінде Айтөренің, Тахауи Ахтановтың «Ант» пьесасында Әбілқайыр хан рөлін сәтті сомдады. Осындай талантты өнерпаздың қабілетін ұштай отырып, өнер жолына бағыт-бағдар беріп, талантын шыңдай білген театр ұжымының еңбегі зор. Атап айтсақ, Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Үздік актер» номинациясымен, Тәуелсіздік мерекесіне арналған төсбелгілерімен марапатталды. Сонымен қатар «Мәдениет саласының үздігі» деген атақтың иегері. Ұғым Санақұлы Баймаханов қазіргі таңда 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған ардақты әке.

Театр ұжымымен бірге халықаралық, республикалық бірнеше фестивальдерге қатысып, қазақ өнерінің мәртебесін әлем деңгейіне көтеруге атсалысып келеді. Атап айтқанда, 2015 жылы Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында алғаш рет қазақ тіліндегі Д.Исабековтың «Ескі үйдегі екі кездесу» драмасында Айтөре образын сомдап, театр ұжымымен бірге өнер көрсетті. 

2018 жылы Шотландияда өткен «Фриндж» өнер фестиваліне қатысқан «Ақбаян» драмасында Айдар ролін үздік сомдап, биік белестен көрінсе, 2019 жылы Семей қаласында өткен Қазақстан драма театрларының республикалық фестивалінде «Абай» трагедиясындағы Оразбай ролін аса шеберлікпен сомдап, қазылар алқасының оң бағасына ие болды.

Облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысы Мира Жомартқызы өнер иесіне ақ тілегін білдіріп, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының құттықтауын табыстады. 

Абыройлы қызмет атқарып жүрген Ұғым Санақұлын Қазақстанның халық артисі, профессор, «Парасат» және «Достық» орденінің иегері, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов мерейтойымен құттықтап, Ұғым Санақұлына Қазақстан Театр қайраткерлері одағының «Дара» төсбелгісін табыстап, гүл шоқтарын ұсынды. 

Сонымен қатар, хореография өнеріндегі ұстазы өзінің баласындай тәрбиелеп, қанатын қатайтқан ұстазы, Мәдениет саласының үздігі Алмас Қаржаубаев және облыстық театрдағы әріптестері арнайы келіп, мерейтой иесіне ізгі тілектерін білдіріп, құрмет көрсетті. 

Шығармашылық кеш барысында өнер иесіне арнайы «Қазақстан Патриоты» төсбелгісі табысталды. Облыстық театрлар мен алыс-жақын шет елдегі әріптестерінің бейнеқұттықтауын экран арқылы тамашалады. 

Сахнада өзі сомдаған спектакльдерден үзінделер көрсетіліп, өнердегі әріптестері әннен шашу шашып, мыңбұрала билеп мерекелік кештің көркін аша түсті. 

 

Қорлан САРЫ

Тағы да оқыңыз: