Kyzylorda-news.kz Ісің болса мақтаулы, есімің есте сақтаулы. Талғат Оңдалыұлы Кітабалиевтің аты Тәуелсіздік жылдарындағы Қазалыдан шыққан алғашқы кәсіпкерлер қатарында аталады. Оған әрқашан жылы лебіздер арналады.

Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтынан тігін бұйымдарының технологы мамандығын алған ол, аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында технолог, «Ветерок» тігін павильонының директоры қызметін атқарған. Елімізде нарықтық реформа басталған жылдары тері өңдеу цехын басқарып, тұтынушыларды тонмен, құлақшынмен және күздік күртешелермен қамтамасыз еткен.

Бұдан соң, «Қайрат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, мал базары мен қасапхана ұйымдастырған. Кәсіпкерлік құрылым жанынан техника жөндеу шеберханасы, вулканизация, темір дәнекерлеу ментігін цехы, шаштараз, асхана, монша, мал дәрігерлік дәріханасы ашылып, халыққа көрсетілетін қызмет түрлері көбейтілген.

Осындай ізгілікті істің басынан табылған іскер азамат 2004 жылдың ақпан айында 46 жасты толтырып, қырық жетіге аяқ басқан шағында дүние салды. Жүрегі жомарт, жайсаң жанның ортамыздан алыстағанына биыл – 20 жылдың жүзі болып отыр.

Осыған сәйкес, жуырда, Қызылорда қаласындағы «Тұмар» баспасынан Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, танымал қаламгер Сахи Қапардың «Өнегемен өрімделген жасын-өмір» атты кітабы жарық көрді. Жаңа туындыдағы жинақ атауымен аттас деректі повестте ардақты азаматтың балалық күндерінен басталған ғұмыр жолы жан-жақты суреттеліп, адамдық-адамгершілік болмысы ашылады. Оның айналасындағылармен және әріптестерімен қарым-қатынасы ашық айтылады. Сондай-ақ, кейіпкеріміз туралы ел ағаларының, ағайын -туыс пен кластас достары атынан берілген естеліктерді оқи отырып, Талғаттың белгісіз қырларына қаныға түсесіз.

Аяулы азамат келбеті шынайы көркемделген кітап жаңалыққа, жасампаздыққа құштар оқырмандардың кеудесіне жарасымды ой салады. Алдағы күндерге, үлкен өмірге құштарлығын арттыра түседі деген пікірдеміз. Ардагер журналист Сахи Бахиұлының жазары көбейіп, қалам қуаты арта беретініне сенім мол.

Тағы да оқыңыз: