Kyzylorda-news.kz.  Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры ұжымы 17 мамыр күні Түркия елінің төрі Анкара қаласында өнер көрсетеді. Сыр саңлақтары бұл жолы Сұлтан Раевтың «Ақ ләйлек» драмасын сахналайтын болады. 

Еске салсақ, өткен жылы Нартай Бекежанова атындағы Қызылорда облыстық Қазақ академиялық музыка театры айрықша қойылымдардың премьерасы халыққа ұсынды. Үсен Рамазанның режиссерлық бастамасымен «Шырмауық» атты Ахмет Ақмоншақтың психодрамалық моноспектаклі көрерменге жол тартты. Театрдың репертуары өзге де қойылымдармен толысып, балаларға арналған жаңа спектаклдерін паш етті. Атап өтсек, Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдық мерейтойына орай «Жәмилә» драмасы, Оңталап Нұрмахановтың «Көрғұлы» рухнамасы, Ақберген Елгезектің «Болмаған балалық шақ» драмасының премьерасы халық назарына ұсынылды. Алтын қор тек бұл қойылымдармен тоқталып қалмай, сыр сахнасында басқа да спектакльдердің тұсауы кесілді. Сәуір айының 4-і Н.Баймаханның «Үйлену оңай...» атты ерекше форматтағы спектаклі халыққа жол тартады. Сондай-ақ театр балаларға арналған Е.Шварцтың «Күлше қыз» атты қойылымын тамашалауға шақырады. 

– Театр өнері нақты пайда табуға бағытталған сала емес. Тазалықты, шынайылықты талап ететін ерекше дүние. Дүйім жұрттың алдында белгілі бір рөлді сомдап шығу үлкен жауапкершілік. Бізде қазір жастар да бар, оларға бағыт-бағдар беретін орта буын да бар. Барлығы да осы бір өнерге адал болып, ел-халықтың алдында жоғары деңгей көрсетуде. “Бұлақ көрсең көзін аш” дегендей ізімізді басып келе жатқан жастардың әр жетістігіне тілекші болып, қуанып отырамыз, - деді Хұсейін Әмір-Темір Жүсіпұлы.

– Өзіме ұнайтын бірнеше рөлдерім болды. Онымен қоса сомдағым келген өзге де образдар аз емес-ті. Ал тосыннан ұсыныс түсіп,  актерлық мансабымда маған қатты жақын болған кейіпкер Ақбергеннің рөлінде ойнау бұйырды. Лезде образды барынша ашу үшін кейіпкерімді «оқи» бастадым. Процесс барысында бұл баланың жан дүниесін түсіне үңіліп, оның бастан кешкен тағдырын өз өмірімде өткізе бастағандай сезіндім. Табиғатынан ерекше Ақбергенге жаным ашып, көрген қиыншылығын мейлінше халыққа жеткізгім келді. Шынымды айтсам, сахна әртістері образдан шыға алмай қалады деген ұғымды осы кезде бастан кешкендей болдым. Бұл драманың қойылымы бірнеше айлар бұрын өтіп кетсе де, кейіпкерімді әлі күнге дейін сезінемін. Қорғағым келетін інім секілді. Ал спектаклді сахналайтын сәтте сол інімнің артына тұра қалатындаймын, – дейді «Болмаған балалық шақ» драмасының басты кейіпкері, актер Ердәулет Мәму. 

Облыстық театрдың биылғы жоспары бойынша «Сыр әзілі» әзіл-сықақ бағдарламасының тұсауын кесіп, халыққа ұсыну. Сондай-ақ театр ұжымы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында шығармашылық тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр. Театрдың жаңа репертуарымен Алматы, Байқоңыр қалалары мен аудан-ауылдарға гастрольдік сапарға аттанбақ. 

Махаббат пен адамдық, сезім мен сана, жастық пен қарттық, ұлт пен жүрек күресін бейнелейтін «Ақ ләйлек» қойылымына бей-жай қарап отыру мүмкін емес.  Егіздей жаратылған екі ұлттың болмысы мен тағдыры ұқсас болғандықтан қырғыз жазушысының бұл еңбегі қазақ қоғамына да жат емес.

Спектакльдегі кейуана кезінде ғылыммен шұғылданған профессор алыс-жақын шетелдерді аралап, өз ұлтының, туған жерінің қадір-қасиетін терең ұғынған жан. Ұлы мен келіні жол апатынан қайтыс болып, жалғыз немересі Жанарды мәпелеп өсіріп, көзінің қарашығындай қорғаштайды. Тек он бес жыл бұрын инсульт алған әжейдің тілі күрмеліп, сөйлей алмайды. Сөйлей алмаса да ақыл-ойы толық, немересінің қадамын қалт жібермейді. «Сен тұрмысқа шыққанда ақ қағаздан мың ләйлек жасап, сыйға тартамын» деген уәдесін орындау үшін күнде қағаздан құстың бейнесін ойып ермек қылады. 999 ләйлек ойған апаның соңғы ләйлегі ғана қалған.

Ал Жанар – әжесінің арқасында еркін өскен, білімді, шет тілін меңгерген сұлу ару. Балаң көңілімен апасының мыңыншы ақ ләйлегін күтіп жүрген бойжеткен америкалық дипломат Энтонды жолықтырып, махаббат дертіне шалдығады. Спектакльдің ширығуы осы арадан басталады.

Әрбір адам, әсіресе бойжеткен қыздың болашағын тек жақсылықпен, баянды махаббатпен елестетіп, қиялдайтыны белгілі. Жанар да өз бақытын Энтонмен бірге Американың аспанмен таласқан зәулім ғимараттарынан, молшылық пен әдемі лирикадан іздейді. Бірақ ол арманына жету үшін әжесін қайда қалдырып кетерін білмейді. Бір кездері мәпелеп өсірген жалғыз жанашыры ендігі жерде жолына кедергі. Қимайды, қиналады, бірақ сүйгенінен де айырылғысы келмейді. Қарама-қайшы екіұдай күйде жүрген Жанардың ішкі арпалысы сахнада шынайы көрінеді.

Арбаға таңылған кейуана немересінің шетелдікке тұрмысқа шығатынын білгенде алғашқы соққысын қабылдады. Ол үшін арбада отырғаны, әлсіз жүрегі, жалғыз қалатыны емес, Жанардың жатпен бірге шекара асып бара жатқаны ауыр тиеді. Тілі күрмеліп, әрең сөйлеп отырған әже «өз ұлтыңның етегінен ұста» дегенді бүкіл болмысымен, бет әлпетінің қимылымен, шарасыз жанарымен ұқтырады. Осы көрініс кім көрінгеннің құшағында жатқан қазақ қыздарына араша тұра алмай, іштен тынған қазақ жігіттерінің аянышты халін көрсеткендей. «Өз ұлтымнан кімге тұрмысқа шығамын? Біреуі алқаш, біреуі жұмыссыз, біреулері алаяқ саясаткер» деген Жанардың жауабы, арбасын әзер сүйреп жүрген кейбір қазақ жігіттерінің құм болған жігері секілді. Ащы шындық арқаңды осып өтіп, өзегіңді тіліп түседі.

Күні кеше ғана «әже, сізді шетелге алып кетемін, испандық жігітпен таныстырамын» деп әзілдей күліп, көңілін аулап жүрген немересінің жасырын түрде өзін қарттар үйіне өткізбек болған әрекеті кейуанаға екінші соққы болды. Ал қарттар үйінен келген «апаны қабылдауға ешбір негіз жоқ» деген қарсы жауап Жанарға тым ауыр тиеді. Спектакль осы арада шиеленіспен, тартыспен күрделене түседі. Бақытына жету жолында кедергі болған әжесіне Жанардың қол көтеретіні де осы жерде. Сүйген жігіті Энтон тез арада еліне ұшуы керек, ол Жанарды күтіп отыр.Ал Жанар мүгедек әжеден қалай құтыларын білмейді. Әлпештеп өсірген немересінің бетін қайтара алмай, бүкіл еңбегі заяға кеткен кемпірдің мұңы мен қасіреті, ізгілігі мен мейірімі, жастық жалынына күйіп аласұрған Жанардың ширыққан болмысы алақандай сахнадан тұтас қоғамның бейнесін көрсетеді.

Бұл көрініс көрінгеннің етегін ұстап түрлі-түсті жиендердің қатарын көбейтіп жүрген қаракөздеріміздің тағдырын еске салады. Олардың ата- анасының, өздерінің бүгінгі және кейінгі ғұмырының не боларына алаңдатады. Ең қиыны, жеке басының бақыты үшін тұтас ұлтының қабырғасын сетінетіп кеткен аяулы аруларымыздың бұл әрекетіне кім кінәлі екенін таппайсың.

Спектакльдің шарықтау шегі Жанардың ащы шындықты айтуымен өріледі. «Сен мені осынша уақыт алдап келдің. Мен сенің асыранды қызың екенмін. Менің туған анам іздеп келді, сыртымнан қарап жүріпті. Сен неге мені алдайсың?» деп әжесінің алқымынан алғандай болған әрекеті кейуанаға үшінші соққы болып тиді. Жанардың ашуға бой алдырған ессіздігі, ісінің байыбына бармай сабырын сарқып алғаны әжеге ауыр тиді. Оған асыранды немересінің шындықты біліп қойғаны топырақтан ауыр қасірет болды. Үшінші соққыны көтере алмаған кәрі жүрек кілт тоқтады. Енді спектакльдің шерге толы финалын алып шығу Жанардың рөліндегі Жауһардың өзіне жүктелді. Әйтсе де жас актриса шеберлігін көрсете берді. Жанарды тастап еліне қайтып бара жатқан Энтонның силуэтінің соңынан жүгіргені, әжесінің өліміне көзі жеткен сәттегі қайғымен арпалысы, есінен ауысып, үстелдің астындағы жарыққа тығылып шыңғырып жылағаны көрерменнің көзінен жас шығарды. Жанардың соңғы айқайы тілі шұбарланып, діні сан тарауға бөлініп, әдебиеті сыйлық үшін ғана жазылатын қазақ қоғамының қаңғырып қалған руханияты, ал ойылмай қалған мыңыншы ләйлек қазақтың жете алмаған арманы секілді әсер қалдырады. 

Айта кетейік, аталған шара ТҮРКСОЙ ұйымы мен Қызылорда Облысының Әкімдігінің қолдауымен жүзеге асуда. Аталған театр ұжымы бұған дейін де Түркия еліне гастрольдік сапармен келіп, мұндағы қазақтар мен түбі бір түркі жұртын тәнті еткен болатын. Бұл жолы да Сыр өнерпаздары көрерменін көзайым етеріне сенеміз.

 

Қорлан САРЫ

Тағы да оқыңыз: