Kyzylorda-news.kz. Бүгінгі біздің қонағымыз – айтыс аламанында «Алтын домбыраны» Сыр елінің қоржынына үш мәрте салған дарабоз – Мұхтар Ниязов.

– Сырлы сұхбатқа қош келдіңіз! Дүбірлі додада елдің намысын қорғап, айтыстың алдаспаны болып, Сыр бойы ғана емес, күллі Алаш жұртын марқайтып жүргеніңізді білеміз. Шынында, тәуелсіз елдегі толағай табысқа жалынды жыр арнап, шашасына шаң жұқпаған талай жүйрікті  тізе бүктіріп, сөз сүңгісін қадап, аламанда алқындырып, мәреге хас тұлпардай бірінші жетіп,  жеңіс дәмін татқаныңыздан хабардармыз. Жеңіс сыры неде?

– «Жеңістің әкесі көп, жеңіліс жетім» дейді. Әрдайым алға озып, тек қана биікте жүру адамның кейде көңілін өсіріп, көп жағдайда қалыптан шығарып жіберуі мүмкін. Сондықтан өмір болғаннан кейін әртүрлі деңгейге дайын болуы керек. Ақын Қадыр Мырзалиев айтқандай «Жүйрікке қалудан озу оңай» демекші әу бастағы біздің ат жарыстырған қазақтың салтында тек алға озу біздің қанымызда бар. Бұл біріншіден. Екіншіден, кәсіби биік деңгей әр адамның, әр мамандық иесінің бойында болуы керек. Айтыскер ақын ғана оза беру керек деген сөз емес. Біздің мемлекет болып, ел болып, буынымызды қатайтып, еңсемізді биіктету үшін әр салада көш бастайтын тұлғалар өте көп болуы керек деп есептеймін. Негізінен жеңістің түбірі – еңбек. Еңбексіз жеткен жеңістің дәмі де, мәні де, сәні де болмайды. Кітапханаға түнеп қалатын, ұйықтамайтын, апталап адамдарды аралап кете¬тін, әлеуметтік, мәдени, саяси  әлемдегі ахуалдың барлығына сараптама жасайтын адамдардың соңында жүруіміз, күн деп, түн деп өнерге деген, өнердің биікке шығуы үшін жасалған еңбектің жемісі деп ойлаймын. Әрине, Алланың берген дарыны, Алланың берген бағы.  Осы тұста Алла да әділетті ғой адамның талантына жанкешті еңбегін қосқан кезде адам өзінен-өзі белгілі бір деңгейге шыға бастайды. Ал еңбексіз жеткен жетістіктің тағы да айтам ешқандай дәмі болмайды.

– «Алтын домбыраны» жеңіп алғанда көңіл-күйіңіз қалай болды?

– «Алтын домбыраны жеңіп алғандағы көңіл-күйді адам айтып жеткізе алмайды. Ол – белгілі бір деңгейде берген уәденің үдесі. Өйткені «Алтын домбыраны» он жылдың ішінде біздің 200-ден аса қазақстандық өте талантты, алғы лекте жүрген ақындар сарапқа салды. Жыл сайын осы жылдың үздік қорытындысына баланатын бұл домбыраны еншілеуді қаншама биік-биік жоғары дәрежелі ақындарымыз арман қылды. Солардың арасынан Алла тағала жәрдемдесіп, «Сырға барсаң, жыршымын деме» дегендей біздің өңірге бұйыртты. Біздің қазақылықтың қайнар бұлағындай киелі Сыр елі бұл құрметке тарихымен де, бүгінімен де, болашағымен де лайық деп есептеймін. Әрине, бұл көптің қалауымен, халықтың батасымен, елдің тілегімен келетін жүлде. «Жалғыз ағаш орман болмайды, жалғыз кесек қорған болмайды» дейді. Менің қолымда ештеңе де жоқ. Осы елдің тілегімен келген үлкен мұра деп ойлаймын. Ол сезім бір сәттік жалт етіп жанып, жалп етіп сөніп қалатын сезім емес. «Алтын домбыраның елдің үмітіндей үкіленіп, еліміздің алғашқы астанасы атымен даңқы шыққан сыр еліне шеру тартуы күллі сырбойылықтың рухын көтеретін қуаныш болды деп ойлаймын. Сыр елінің даңқын асырған «Алтын домбыра» қазір Қызылорда қалалық өлкетану мұражайында тұр. Кез келген адам барып көрем десе мүмкіндік бар.  

– Бала Мұхтардың балалық шағы қалай өтті?

– Бала Мұхтардың балалық шағы сол 90-жылғы тоқырау кезеңіне түспа-тұс келді. Сол кездегі біздің замандастарымыз қандай хал- ахуал кешсе, сол Жалағаштың Ақарығында, қазіргі  Есет батыр ауылында менің балалық шағым өтті. Менің бала кезімде материалдық жағынан тапшылық болғанмен, рухани жағынан адамдар өте бай болды деп айта аламын. Өйткені ағаш қаншама биік өскенмен, оның тамыры сондай тереңде болмаса, оны кез келген жел де, дауыл да құлатып, сұлатып кетуі мүмкін. Сондықтан біздің осыншама қазіргі руханиятта, мәдениетте, әдебиетте, жалпы өмірде жапырағымыз кең жайылып, көлеңкеміз көпке түсіп жатса, біздің тамырымыз сол балалық шағымыздың жемісі деу керекпіз.  Балалық шақта мен атамның қолында өстім. Үлкен ауылдағы қариялардың ортасында болдым. Солардың батасын алдым. Балалық шақта адамның бүкіл болмысы ашылады. Сол кезде көптеген қабілеттің негізі қаланады, өз-өзіне деген сенімі бекиді. Осы шақта біз балаларға көп жағдайда мойын бұрмай қаламыз. Әке-шешеміз азаннан кешке дейін жұмыста болады. Солардың орнын ата-әжеміз толықтырды. Солардың қолында мейлінше мейірімге қанып, күн шуағына малынып өскен кәдімгі әдемі гүлдер сияқты ата-әжеміздің барлық деңгейдегі жақсылығын бойымызға, ойымызға сіңірдік. Сол себептен болу керек өмірдің, болашақ алдымыздан шығатын бүкіл кедергінің, көптеген сұрақтың жауабы оңай табылды. Ауылда өскен баланың бір бақыты осы деп ойлаймын.  Алайда көптеген спорттағы болсын, өнердегі болсын кейбір қабілетімнің кештеу ауылда жүргенде кенжелеп қалғанын да жасырмаймын. Бірақ  ештеңеге өкінбеймін. Шынайы балалықтың бал дәмін татып өстім. Бұл – өмір, бұл – тағдыр. Сондықтан мен балалық шағым туралы аузымды  толтырып, мақтанып айта алатын қазақтың қара домалақ баласымын деп есептеймін.
– Есіміңіз де ұлыларды ұлықтап тұрғандай…

– Мұхтар деген сөздің өзі араб тілінен аударғанда «ең таңдаулы» деген мағынаны береді екен. Кейіннен зерттеп қарап жатырмыз. Яғни адамның есімінде  тағдырының үлесі бар дейді. Қазақта Мұхтар деген атаулар ең таңдаулы қатарда тұратын болса, олар көптің көшін бастап, мыңның басында жүретін болса, сөзі елді ұйытса, осы есімде де құпия сыр бар секілді. 

Біздің анамыз әдебиет пәнінің мұғалімі, әкеміз де сол агроном болғанмен, тіл мен әдебиетке, жалпы руханиятқа таласы бар кісі болғандықтан біздің үйдегі үлкен апамыздың аты –  Мәрзия, мен – Мұхтар, інім – Мағжан. Байыптап қарасақ,  сол әдебиетке қатысы бар ат қойылған. Әлбетте  Мұхтар деген атпен жүріп, елдің соңы, көштің соңы болсаң, сөзге түсінбей, әрбір сөздің астарына мән бермейтін болсаң, атыңнан да ұят. Сондықтан да осы ұлыларға бұйырған есімге мейлінше кір келтірмеуге барынша атсалысып келе жатырмын деп ойлаймын.  

– Көркем әдебиетті көп оқисыз ба?

– Көркем әдебиетті өзімді көп оқитындар қатарына жатқызбаймын. Бірақ мейлінше шамам келгенше, қолым қалт еткенде қазіргі әдебиет, шетел әдебиеті болсын, орыс поэзиясы болсын, қазақтың қазіргі бұрынғы ақындарының шығармасының барлығын тең қамтып қарап отыруға  барынша тырысамын. Ең болмағанда соны көп оқитын адаммен сөйлесуге ұмтыламын. Жаңа¬лықтан құр қалмауға тырысамын. Өйткені әдебиет бұл қайнап жатқан өмір, соның көркем шындығы. Өмірді әдебиет арқылы танысаң, біріншіден адам эстетикалық бай болады, екіншіден жан дүниеңді бір жантақ жырғандай  кейбір жарадан аман боласың, үшіншіден адамды байсалдылыққа, сабырлылыққа, бірқалыптылыққа, пенделіктен алыстауға үйретеді, адамның жан дүниесін баулиды. Кеңес үкіметінің ең үлкен байлығы, ең үлкен идеологиясының жақсы жағы – халықты көркемдік пен әдебиетке бағыттады. Сол уақытта көркем жазу, көркем оқу деген болды. Көркем әдебиетті барынша насихаттады.  Сол себептен қазіргі біздің Президентіміз бол¬сын, Сенат төрағасы болсын көпшілігі зиялы қауым әдебиетшінің, жазушының балалары. Яғни сол заманда ең жоғары құрметке, беделге ие кісілер жазушылар мен ақындар болатын. Сондықтан қазір робототехника, өркениетке құлаш ұрған елдің өзінде де көркем әдебиетке деген сұраныс, оның қажеттілігі әлі де бір сәт төмендеген емес. Өтпелі, тоқырау кезеңінде кітап¬ханалар қораға, немесе дискотека клубына айналып, түрлі мақсатқа кеткенмен, ел есін жинаған кезде ең бірінші іздегені – сол елдің тарихы, мәдениеті, әдебиеті болды. Сондықтан біз әдебиетті әдебиетші, немесе соған қатысы бар адам ғана оқымай, жаппай халық болып көркем дүниемен сусындап, кемелденбесек, оны дұрыс түсінбесек, ертең көштен қалып қоюымыз мүмкін. Сондықтан көркем әдебиет – адамның жанының байлығы. Ал қашанда нан байлығынан жан байлығы жоғары тұру керек деп ойлаймын.

– Қара шаңырақтың киесі қандай?

– Қара шаңырақтың киесі деген меніңше шартты атау. Тарихымызда кенже бала көп жағдайда қара шаңырақ иесі деп айтылып жатады. Меніңше бұл нәрсені бір нысанға теліп қоюға болмайды. Кей жағдайда қаншама қолынан іс келетін  қалаға барса ұршықтай үйіріп кететін азаматтар «қара шаңырақты қимай отырмын» деп сол ауылда отырып қалатын кез болады. Меніңше ата-анаң немесе бауырларың сол әулет бас қосып тұра алатын, кең, барлығы именбей кіре алатын, емін-еркін жүре алатын үй ол қай жерде де қара шаңырақтың орнын сақтай береді. Ол қалада, ауылда, ауданда, Астана,  Алматыда болсын оны мен мекенге байланысты қарастырмаймын. Ал әлбетте бізде үлкендер отыратын, ата-анамыз отыратын шаңырақ қара шаңыраққа жатады. Сол қара шаңырағымыздан құт кетпесін деп тілеймін.

– Жыр сайысында білімдарлық қажет. Сүбелі сөздің шырынын екшеп халыққа беру үшін көп ізденетініңіз көрініп тұрады. Сөздік қорыңызда көне сөздер, байырғы тіркес  көп. Кітапханада көп отырасыз ба, әлде оны ғаламтордан аласыз ба?

– Әлбетте сүбелі сөзді көптеп қолдану, ескі сөзді мейлінше көбірек алып келу бұл –  ізденістің нәтижесі. Мен оның бәрін көріп-біліп тудым деп айта алмаймын. Өйткені біздің көшпелі өмірдің мәдениеті бізден күн сайын алыстап бара жатыр. Бірақ бір нәрсені түсінуіміз керек, біз оларды тек көркемдік құрал ретінде  немесе халықты таңғалдыру, тосын сөз айту мақсатында пайдаланбай, қазақтың бұрынғы айтқан мақалында, ескі сөзінде, танымында үлкен бір сол дәуірдің болмысы, біздің генетикалық кодымыз бар екенін ұғуымыз керек. Біздің өмірінде қымыз ішіп көрмеген баланың өзі қымызға тілі тиген кезде шықшытынан сөл бөлініп, жан дүниесі болбырап, Америкада жүрсе де, басқа жақта жүрсе де, қазақтың күйін, домбырасын тыңдап қалған кезде төбе құйқасы шымырлайтын бір өзімізге бейтаныс біздің анау бір ішкі ұлттық кодымызға бекіген тылсым бар. Солардың бұл мақал-мәтел, көне сөздер, танымдар болсын бір-бір коды сияқты. Дала заңының бір-бір тармағы секілді. Сондықтан мұны жоғалту ұлттық мұрамызды бағаламау деген сөз. 

– Жалпы терме айту, дәстүрлі ән шырқау өзге де өнеріңіз бар болар? 

– Негізгі қырым айтыскерлік болғандықтан басқа терме айту, ән айту деген нәрсе дастархан басында, өзара болмаса кәсіби деңгейде көрермен талабына сай жауап беретіндей деп айта алмаймын. Домбырамды осы айтысқа керек кезінде ұстадым. Бірақ өнерге таласы бар, ән-жырға құмарлығы бар өнерпаздардың елде жоқ ерекше тыңдаушысымын, бірақ орындаушысы емеспін. Сырдың мақамы жас күнімізден құлағымызға сіңгені рас. Әбден біздің жадымызда сақталған. Бала күнімізден келе жатқан сол Сыр бойындағы, жалпы елдегі, Жетісу, Қаратау, Маңғыстау мектептері болсын, Оралдағы Ғарифоллалардың айтқан әндерін қазірдің өзінде тыңдасақ та қанбайтын бір кәусар бұлақ сияқты. Бұл жырларды біз ол кезде ән ретінде, терме ретінде эмоциялық көңіл-күйде тыңдайтын едік, қазір солардың ішіндегі құнды сөзді, әңгімені өмірлік ұстаным ретінде, өмірдің қалтарыс-бұлтарысында шешуші фактор ретінде өмірімізге қолданып келе жатырмыз. Өйткені бұлар – ғасырдың інжу-маржаны ғой.

– Әлеуметтік желіде  белсендісіз. Ол жерде әдептілік қағидаты сақталмай, әркім өз ойын ашық білдіретін бейәдеп орта қалыптасқаны байқалады. Ғаламтор да арнайы заңмен қадағалану керек дегенге келісесіз бе?

– Әлеуметтік желіде белсенді болу бұл әлеуметтегі белсенділік сияқты болып қалды ғой қазір. Әлбетте, қазіргі ақпараттық дүниенің ішінде әлеуметтік желінің белсенділігі күн сайын дәлелденіп тұр. Маған халық келу керек, маған аудитория өзі жиналу керек деп бір бөлмеде тығылып отырған адамның бұл қоғамдағы белсенділігі артпайды. Біз қай жерде халық жиналып отыр, қай жерде аудитория бар бәрінің есігін ашып, ішіне кіріп, кіріп қана қоймай, сол жерде өз үнімізді білдіруіміз керек. Бұл – қоғамдық аудитория. Сондықтан әлеуметтік желіде отыру ол арнайы уақыт, арнайы контент талап етеді. Ол жерде де бейәдеп сөз, әрекет  бар. Енді өмір сондай. Ол өмірден бөліп-жарып алатын нәрсе емес. Әлеуметтік желіні заңмен шектеуді де жан-жақты ойластыру керек. «Шаш ал десе, бас алатын» деңгейге түсірмеу керек. Қайткенде де әлеуметтік желі қазанның қақпағын ашып, буын шығарған сияқты халықтың кейбір наразылығының, түрлі бір дүмпудің алдын алатын қауқары болу керек деп есептеймін. Бұл жерді бұғаттап, бұғаулай беру дегенге аса келіспеймін. Белгілі бір деңгейде өзінің тәртібіне, қалпына түседі деп ойлаймын. Әуел бастағыдай емес қазір біршама қалыптасып келе жатыр. Енді бұл жерде де шайпау тіл, артық шатақ мінезді көзіміз көріп, біліп отырмыз. Түптің түбінде ол  демократиялық елде, зайырлы, құқықтық қоғамда өмір сүріп жатқаннан кейін белгілі бір заңмен шектеледі. Көп жағдайда заңның үлкені адамның өзінің ар-намыс шекарасынан шықпау деп ойлаймын. Жамандықты бір жерден кетіру үшін жақсылықты көбейт дейді. Әлеуметтік желідегі белсенді азаматтар жамандықпен алысып, оның пікірлерін көбейткеннен гөрі жақсы контент қалыптастырса, ол өзінен өзі көлеңкені жарықтың қуып шыққаны секілді жойылады немесе әлсірейді деп ойлаймын. Күн мен түн, ақ пен қара, жақсы мен жаман арпалысып жатқан өмір болса, әлеуметтік желі соның айнасы дер едім.

– Шығармашылық өміріңдегі болашаққа деген жоспарыңызбен бөліссеңіз?

– Қазір біз шығармашылық жұмысқа кірісіп кеттік. Түрлі шаруа қатар-қатар атқарылып жатыр. Шығармашылық өз балаң секілді кейде оған уақыт таппай жатасың. Қазір облыстық Нартай Бекежанов атындағы драма театрында басшы қызмет атқарамын. Енді осы мүмкіндікпен ұштастырып, қолымызды тигізіп, шығармашылыққа бет бұратын уақыт болады деп ойлаймын. Қазіргі сәтте өзімнің айтыс жинағымды, өлең топтамамды, күнделігімді, кейбір философиялық ой орамдары, өмірден түйген дүниелерді арнайы кітап етіп шығаруды қолға алмақпын. Ойымда жүрген шығармашылыққа қатысты үш-төрт дүние бар. Өзімнің берген сұхбаттарымды, үлкен-үлкен кісілермен жеке-жеке сұхбат жасап, ол дүниені де көпшілікке ұсынсам деген мақсат бар. Әлі ойымда піспей, қайнауын күтіп жүрген 4-5 кітаптың ізі бар. Бірақ ол қашан жарыққа шығады, оны дөп басып айта алмаймын. Қазір оқу, іздену үстіндемін. Қолым қалт етсе, сол ойдағы шығармашылық дүниені әлде де ширатып, жан-жағынан жұмырлап көпке ұсыну. «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» дегендей, мақсатымыз – ертең сол кітап өмірдегі өзінің орнын тауып, көпшіліктің көзайымына айналса деймін. Жақау Дәуренбеков айтқан екен «Тұсауын кескен кітап көп, шауып кеткені шамалы» деп. Сол айтқандай сөреде тұрып оқылмайтын, сөренің белін қайыстырып тұрған көп кітаптың бірі болғаннан гөрі әр парағы жалбырап кеткен, әр адамның қойнында, бас жағында жататын дұрыс дүние қалдыру мақсатым деп ойлаймын. Сондықтан кітап мәселесіне аса бір талғаммен келу керек деп санаймын. 

– Оқырмандарға ақ тілегіңіз…

– Сыр  халқына барлық жақсылықты, береке-бірлік, ауызбірлік, ынтымақ тілеймін. Болашағы жарқын, келешегі кемел болып, еліміздің маңдайалды аймағының бірі болсын. Сыр елін барша құрметке, зор алғысқа лайық деп бағалаймын. Алдағы уақытта біздің облыстан  жасампаз, жан-жақты, талантты адамдар шығып, елін танытып, отанының адал перзентіне айналуы¬на тілекшімін. Мен туған жерімді  әрдайым мақтан тұтамын! 

– Сүбелі сұхбатыңыз үшін рақмет! Шығармашылық жұмысыңызға табыс тілеймін.

Тағы да оқыңыз: