Kyzylorda-news.kz  Қай кезеңде, қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Рухани бай дүниенің өлшемі мен өресі де осы мәдениет пен өнер шоқтығында жатыр. Өркениетке қол созған еліміз үшін экономикалық өсіммен қатар елдің рухани бай құндылықтарын да дамыту мәселесі қолға алынып келеді. Өнер мен мәдениет егіз ұғым екені белгілі. Бір-бірінсіз жетімсіреп тұратындай. Мәдениеттің мәйегі өнер арқылы дәріптеліп, халықтың құлағына жетіп жатады. Осы орайда, төскейінде берекенің қазаны қайнаған, босағасында бақ пен береке ұялаған, талай өнер майталмандары түлеп ұшқан Жаңажол ауылында мәдениет пен  өнерді дамыту саласында атқарылып жатқан игі істер көп. Осы игі істерді ұйымдастыруда басы-қасында жүріп, талай жастардың өнер айдынында қалықтап жүзуіне ұйытқы болып жүрген жанмен сұхбат құруды жөн көрдік. Ендеше, осы саланы ұршықша иіріп, дарынды жандардың талабын шыңдап жүрген Қармақшы ауданындағы «Жаңажол ауылдық округінің клубы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынына директоры Мирас Құлғараев өрбіген сұхбатты оқи отырыңыздар.

– Мирас Амантайұлы, «Өнерге әркімнің – ақ таласы» дегендей, жалпы өнер жолына қалай келдіңіз?

– Мен бала кезімнен ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған үйірмелерге қатысып, ән айтып, түрлі аудандық, облыстық байқауларға қатыстым. 2007 жылы мектеп бітіргеннен кейін музыкалық білімімді жетілдіру мақсатында Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне оқуға түсіп, 2011 жылы аяқтадым. Оқу орнын бітіріп келіп, Қармақшы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған  «Мәдени демалыс кешеніне» көркемдік жетекші болып жұмысқа қабылдандым. Сол жылы 2-3 айдай қызмет жасап, аудандық мәдениет үйінің әдіскері қызметіне ауыстым. 2014 жылы барлық елді мекендерге әдіскерлік штат беріліп туған ауылым Дүр Оңғар ауылдық мәдениет үйіне әдіскер болып ауысып келдім. 2019 жылдан бастап «Жаңажол ауылдық округінің клубы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынына директор болып тағайындалдым.

– Ауқымды іс-шараларды, концерттерді өткізу оңай емес. Қаншама еселі еңбек пен ұйымдастырушылық қабілет қажет екендігі шындық. Өзіңізді жан-жақты, талапшыл жан ретінде жақсы білеміз. Осы күні қандай істерді жүзеге асырудасыздар?

– Өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштікті, туған жерге, өлкеге деген адалдықты қалыптастыру мақсатында әрбір елді мекендерде аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен «Адал адам» мәдени – тәрбие беру орталығы ашылды.  Қазіргі таңда Адал адам тәрбие орталығының жеті бағыты бойынша түрлі жұмыстар атқарылуда.

– Ауылдық мәдениет үйінің бүгінгі тынысымен бөліссеңіз? Ауыл өнерпаздары талай додасы оза шауып жүрген болар. Былтырғы, биылғы жылдың басты жетістіктері қандай? 

– Ауыл өнерпаздарының ауыз толтырып айтар жаңалықтары өте көп. Таланттар академиясының ұйымдастыруымен Түркістан қаласында өткен республикалық «Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі -–Түркістан» атты ұлттық өнер фестиваліне DM би тобы қатысып, бас жүлдені иеленді. Сонымен қатар, Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюссерлік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Таланттар топ жарған күн» атты заманауи өнер байқауына  DM би тобы қатысып, бас жүлдені иеленді. Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюссерлік орталығының ұйымдастыруымен өткен балалар шығармашылығына арналған ХХҮ «Бозторғай» конкурсына халықтық орындау жанры бойынша Тимурқызы Еркенұр қатысып, ІІІ орынды иеленді. Сырдария аудандық мәдениет үйінде өткен «Жұлдыз Like» облыстық телевизиялық байқауына Айжан Қыдырбек пен Алтай Азамат қатысып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Үйірме мүшелері аудандық «ХХІІІ Бозторғай» конкурсына мына талапкерлер қатысты. Эстрадалық жанры бойынша Айбөпе Қорғанбекқызы, Халықтық орындау жанры бойынша Еркенұр Тимурқызы қатысып, облысқа жолдама алды. Қармақшы ауданының 95 жылдығы аясында «Жастар жалыны» атты мәдениет саласы жастарының өнер байқауына Арыстанбекова Аймереке Арыстанбекқызы қатысып, Бас жүлдені иеленді. ІІІ Интернационал ауылында өткен Орынкүл Тынымбаеваның 70 жасқа толу мерейтойына арналған «Күз пейілі» атты аудандық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауына Алдабергенова Балауса қатысып, ІІ орынды иеленді. Сондай-ақ «Жігіт сұлтаны – 2023» аудандық байқауына Сламханұлы Шерхан қатысып, Бас жүлдені иеленді. Қармақшы ауданының 95 жылдығына орай өткізілген «Елім менің» атты патриоттық әндер байқауына Қанатұлы Диас қатысып, І орынды иеленді. Ауданымызда өткен «Ән – жырым саған, туған ел» атты өнер фестивалінде өнер көрсеткен Жаңажол ауылдық клуб үйі ұжымы марапатталды. 

– Ұлттық  салт-дәстүрді дәріптеп, ұлттық құндылықтарды болашақ ұрпаққа жеткізуге қандай жұмыстар атқарылуда?

– «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының 7 бағыттың бірі «Жанұя шуағы» жобасы аясында клуб үйінен ұлттық нақышта бұрыштар жасақталып, тәрбиелік мәні бар шаралар ұйымдастырылып, әлеуметтік желіге салынып отырылса, «Сұхбат TIME» жобасы аясында елге сыйлы, өнегелі өмір жолы өзгеге үлгі болатын аға апаларымызбен сұхбат жүргізіліп келеді. 

– Бірде мәдениет үйіне қарасты би үйірмесіндегі өнерпаздардың киімдерін тіктіргеннен гөрі жалға алғанды дұрыс көретініңіз туралы айттыңыз. Бұл бір жағы үнемдеу болса, екінші жағынан алуан түрлі киімдермен сахнаға шығуға мүмкіндік береді дегеніңіз бар. Осы басшылық қызметте жүріп, біраз көрген- түйгеніңіз бар шығар. Соларды бөлісе отырсаңыз. 

–  2017 жылы Серік Сапақов ағаның басшылық жасаған кезінде клуб үйі жанынан Аймереке Арыстанбекова қарындасымыздың жетекшілігімен «DM» би үйірмесі ашылған болатын. Қазіргі таңда жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Бастапқы кезде ауыл округі әкімінің Әбимүсілім Қоқанов ағамыздың қолдауымен Жаңажол жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Орынбасар Төлепов ағамыздың демеушілігімен биші қыздарымызға ұлттық киімдер сатып алынды. Кейін Қызылорда қаласында Жеке кәсіпкер Құдабаевпен ақылы қызмет есебінен келісімшартқа отырып жыл көлеміндегі түрлі іс-шараларға, байқауларға киім алып отырамыз. Түрлі бағыттағы киімдер алып, біздің мәдени іс-шараларымыздың жоғары дәрежеде өтуіне септігін тигізіп отыр. Біздің бишілерімізге байқауға барарда Жаңажол жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директоры Орынбасар Төлепов ағамыз демеушілік жасап келеді. 

– Өзіңіз, отбасыңыз бен Мәдениет саласында жеткен жетістіктеріңіз турасында да айтып өтсеңіз. 

– 2011 жылы отбасын құрдым. Жұбайым Жанна Исабаева қазіргі таңда Дүр Оңғар ауылдық амбулаториясында медбике болып қызмет жасайды. Отбасымда 1 қыз, 2 ұл тәрбиелеп келемін. Мәдениет саласын айтар болсам, ауылдық клуб үйі жанындағы үйірме мүшелері түрлі байқауларға қатыс жүлделі орындар алып жатта соның барлығы біздің жетістігіміз, ортақ еңбектің нәтижесі деп білемін. Ал жекелеген жетістікке келер болсақ, 2014 жылы облыстық «Үздік әдіскер» байқауында І орын иеленсем, 2019 жылы аудан әкімінің қолдауымен 14 елді мекен арасында «Аймақтар аламаны – 2019» байқауында ауыл болып бас жүлде иелендік.  Бірнеше рет аудандық мәдениет бөлімі басшысының, Облыстық халық шығармашылығын дамыту мәдени продюссерлік орталығы директорының, ауыл, аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталдым.

– «Ұстазы мықтының, ұстамы мықты» өнердегі, өмірдегі ұстазың туралы айтпай кету ағаттық болар. Тоқтала кетсеңіз.

– Мен басында айта кеттім ғой осы ауылдық клуб үйінің сахнасында ән салып жүргенде Серік ағай, Руслан ағайлар түрлі байқауларға алып барып осы өнер саласына алғаш баулыған болатын. Музыкалық колледжге оқуға түскенде Асанәлі Мұхаммеджанов ағайымнан тәлім алдым. Енді еңбек жолыма келсем,  мені алған жұмысқа алып мәдениет саласында жұмыс жасауға зор үлес қосқан Ерлан Құлмырзаев ағай мен сол жылдары аудандық мәдениет үйінде әдіскер болған қазіргі таңда Төретам кенттік клуб үйінің директоры Ақмарал Бақбергенқызының еңбегі зор.

– Арнайы уақытыңызды бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін алғыс білдіремін. Өнердің дамуы – қоғам дамуының көрінісі. Ендеше, қоғамымыз өздеріңізбен бірге өсіп-өркендей берсін!

Сұхбатты жүргізген Ақнұр САҒЫНТАЙ
 

Тағы да оқыңыз: