Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, білім саласының үздігі, ақын, қарымды қаламгер Алдажар Әбіловтің «Мен үшін қымбаттысың, Сыр елім!» тақырыбында шығармашылық кеші өтті. Қос қуанышына қатар ұйымдастырылып отырған кеште Алдажар Әбіловтің 65 жас мерейтойы мен «Қара ағаш түбіндегі оқиға» кітабының тұсаукесері болды.
Рухани кешке Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма мүшесі – Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Майнұр Бөрібаева, профессор, филология ғылымдарының докторы Жеңіс Садуақасұлы, ҚР Ішкі істер одағының ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Орынбек Жүсіпбекұлы, Қызылорда облысы өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Айгерім Беккулиева және Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының оқытушылары мен студенттері қатысты. Ақынның қуатты қаламынан төгілген өлең шумақтарын студенттер мәнерлеп оқып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы Гүлмира Баялиева «Ұстаз, ғалым һәм қаламгер» тақырыбында баяндама жасады. Осы уақытқа дейін бірнеше кітаптың тұсауын кесіп, оқырман көзайымына айналып үлгерген қалагердің шығармаларына университет студенттері тоқталып, баяндап, талдап шықты. Студенттер тарапынан сауалдары қойылып, алғыс, тілектерін жеткізді. Келген қонақтарға сөз беріліп, барлығы естеліктерімен бөлісіп, жазушыны туған күнімен қатар келіп отырған жаңа туындының тұсауын кесуіне атсалысты.
«Кешіміздің басты мақсаты Алдажар ағайдың шығармаларын талдау. «Жүзік», «Нала» әңгімелері бойынша К19/1 оқу тобы студенті- Әлімжан Зура, «Қара ағаш түбіндегі оқиға» әңгімесінің тәрбиелік мәні жайлы К-19/3 Болатова Аружан өз ойларын бөлісті.
Автор әңгімелерінің тілдік ерекшеліктері жайлы филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Абасилов Аман Мәделханұлы құнды пікірлер келтіріп, зерттеу нысанына алу туралы айтты. Оқырмандар авторға сұрақтар қойып, жауаптасты. Алдажар ағайдың «Мен үшін қымбаттысың, Сыр елім!» әнін Тұрлыбекова Бақытжан нәшіне келтіре орындап, ақын студенттер өлеңдерін оқыды. Кеш соңында «Қара ағаш түбіндегі оқиға» кітабының тұсауы кесілді», - дейді әріптесі Айман Айтбаева.
Басқа да әріптестері мен достары ізгі тілектерін, құттықтауларын білдіріп, қаламгерге шапан жауып, ыстық ықылас гүлмен ілтипат көрсетті. Кеш соңында Алдажар Әбіловке сөз беріліп, көптен күткен кітаптың тұсауы кесілді. Өз қолтаңбасы қойылған кітаптарды әріптестері мен жолдастарына, сүйікті студенттеріне сыйға тартты.
«Құрметті әріптестер, қадірлі қонақтар, бүгінгі кешке сыйлап келгендеріңізге, ыстық тілектеріңізге алғыс айтамын! Бүгінгі кештің мақсаты көркем шығармалар туралы ой бөлісіп, жаңа кітаптың тұсауын кесіп, сіздердің шығармаға деген ойларыңызды, көзқарастарыңызды білу болатын. Маған айтылып жатқан ұсыныс, пікірлеріңізді мен құптаймын және алдағы уақытта ескеретін боламын. Менің ұғымымдағы көркем әдебиет – адамзаттың дамуындағы бағдаршамның бірі. Заман ағымына қарай қазіргі жастар көркем әдебиетті оқымайтын кезеңге жеттік. Ал мен әңгімелер барысында осы жастардың әдебиетке деген зеректігін ашу үшін шытырман оқиғаларды көп қозғаймын. Жалпы, балалар көркем әдебиет арқылы тәрбие алса екен деймін. Себебі, біз де сол көркем сөз, әдебиет арқылы өстік. Біздің де ата-бабаларымыз көркем жазулардың, әдебиеттердің арқасында білімді болған. Сондықтан көркем шығармаларымызды дамытуға, жетілдіруге кішкене болса да өз үлесім қосылып жатса, өте қуаныштымын», – деді Алдажар Әбілов.

