Kyzylorda-news.kz.  Осыдан 2 жыл бұрын  «Қазақстан дауысы» мегажобасында жеңімпаз атана біліп, Сырдария ауданының атын аспаннан бір-ақ шығарған әнші, жерлесіміз Құралай Мейрамбек әлем сахнасын бағындырып, өнерімен халықаралық байқау шыңын бағындырған болатын. Сүйінші жаңалықты аудандық жастар ресурстық орталығының директоры арнайы хабарлады.

– Ауданымызға қарасты Аманкелді ауылындағы жас таланттардың бірі Құралай Мейрамбек Болгарияда өткен халықаралық «САРАНДЕВ» ДОБРИЧ – 2023 байқауының Гран-При иегері атанғандығын жеткізігім келеді. Аудан әкімі жас талантымыздың жеңіске жетуіне қолдау көрсетіп, ақ батасын берді. Құралай Мейрамбектің жеңісі – ауданымыздың абыройы болып табылады. Әлемге елімізді танытып, өз өнері арқылы Болгарияны бағындыра алды, – дейді Н.Абдрасилов.

Аманкелділік жас әнші мегажобаның жеңімпаы атанған сәтте алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетіп, сұхбаттасқанымыз ел есінде. Сұхбат аудандық газет бетінде жарық көрген болатын. Сонда талант иесі «Роза Бағланова, Күләш Байсейітова, Мәдина Ералиева, Бибігүл Төлегенова апаларымыз сынды, өнердегі алдыңғы буын ағаларымыз сияқты әлемді мойындатқым келеді» деген өнерпазға жігер берді.

– Өнерге деген махаббатым 5 жасымнан басталды. Содан бері ән шырқап, қазақ өнерін шетелге танытуды мақсат еттім. Сол жолда аянбай еңбек ете беремін. Қашанда аудан мерейін асырып, ата-ана үмітін ақтау – менің тікелей міндетім саналады Жылдар бойы еткен еңселі еңбектің арқасында орасан жетістіктерге қол жеткізіп келемін, – дейді Шын мәнінде, отбасымыздың мүшелері өнерге жақын. Әпкелерім халықаралық байқаулардың жеңімпаздары. Өзімде отбасымыздың ізгілікті жолын жалғастырып келемін, – деді жас әнші.
Міне, бұл – жерлесіміздің кезекті жеңістерінің бірі.

Өз кезегінде аудан әкімі Берік Сәрменбаев жас өнерпазды кезекті жеңісімен құттықтады.

Жас әнші Құралайға аудан халқы қашан да тілектестік білдіріп, рухани қолдау көрсетіп келеді. Өз кезегінде Құралай да ат басын ауылға бұрғанда, әуелете әнін арнап, сағынышын басып жатады. Аудан ғана емес, облысты әлемге танытып жүрген күміскөмей әншінің суреті бейнеленген баннер бүгінде Аманкелді ауылының орталығына көрік беріп тұрғанын да айта кеткеніміз дұрыс.

– Құралай қызымызды әлемдік додада жеткен жоғары жетістігімен шын жүректен құттықтаймын! Ауданымыздың мақтанышы, «Qazaqstan дауысы» жобасының 2021 жылғы жеңімпазы Құралай Мейрамбек кезекті жетістігіне қол жеткізіп, Болгарияда өткен Халықаралық “Сарандев” добрич-2023 байқауының гран-при иегері атанды. Алдағы уақытта да ұлы қазақ өнерін өзгелерге дәріптеп, еліміздің даңқын асқақтата беруіңе тілектеспін.

Әрқашанда өнердің ақ туын берік ұстап, жоғары жетістіктерге жете беретініңе зор сенім білдіремін.

Шығармашылық жаңа ізденістер, өнер жолында жаңа табыстар тілеймін! Аудан халқы өзінің өнерлі жастарымен мақтанады, – деді аудан басшысы.

Шын мәнінде, бес жасында «Ботақан» байқауына қатысып, бас жүлдені қанжығалаған әнші қыз содан бері талай сахнаны өз ырқына көндіріп келеді. Оның ішінде, 2011 жылы Испаниядағы Льорет-де-Мар қаласындағы «Опус» байқауынан, Белорусиядағы Витебск қаласында өткен балалар арасындағы «Славян базары» сайысынан, Африканың Мозамбик қаласында «IFLC Mozambique» фестивалінен алған арнайы марапатын ерекше тізбектесек болады. Сондай-ақ Румынияның Бухарест қаласында өткен халықаралық «ХІІІ Түрік олимпиадасында» Бас жүлдеге ие болуы, «Bala Turkvizyon» халықаралық байқауының 1-орын иегері атанып, кейін Бразилияның Сан-Пауло қаласында өткен «Colors of the world» фестивалінде өнер көрсетуі де – жерлесіміздің үлкен жетістіктері екенін айта аламыз. Жас әнші алдағы уақатта жаңа әндер жаздырып, әлемдік додаларда бақ сынамақшы. Бұл ретте, қазақтың бұлбұл қыздарының, қайсар рухты аруларының ізін жалғап, аудан, облыс, республика атын үлкен сахналарда әуелетіп жүрген жас әншіге шығармашылық табыс тілейміз.

 

Тағы да оқыңыз: