Kyzylorda-news.kz Аймағымызда жастар арасында көркем шығармашылықты дамыту, сөздік қорын, тіл байлығын қалыптастыру, жастарды үлкен сахнаға, концерт жүргізушілікке бейімдеу мақсатындағы «Маржан сөз, қоңыр үн» атты байқау өтті. Облыстық концерт жүргізушілер конкурсы өңірде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, жас таланттарға жол ашып келеді.

Конкурсқа бойында өнері бар Қызылорда қаласындағы арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттері мен аймақ жастары барлығы 22 талапкер қатысты. 

Байқауға қатысушылардың өнерін Қызылорда облыстық филармониясының концерт жүргізушісі Амандық Жаппарбердиев, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының маманы, концерт жүргізушісі Мереке Жалғас және сценарист, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының маманы Қонысбек Мәлік бағалады. 

Конкурсқа қатысушылар 3 кезең бойынша өнер көрсетті. Алғашқы кезеңде талапкерлер өзі жайлы видиовизитка дайындаса, екінші кезеңде туған жерге деген сүйіспеншілік, патриоттық, отансүйгіштік тақырыптардағы жергілікті және танымал ақындардың шығармаларын үзінді оқыды. Үшінші кезеңде қатысушылар өз қалауы бойынша мерекелік шаралардың сценарийін оқыды. 

Конкурс қорытындысы бойынша бас жүлдені Т.Жүргенов атындағы №136 орта мектебінің оқушысы Бақыт Назерке, I орынды Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің ІІ курс студенті Нұрсұлтан Икрам, II орынды С.Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп – лицейінің оқушысы Азат Жұматай, III орындарды М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжінің IV курс студенті Өмірзақ Дидар және Талсуат ауылдық клубының жас маманы Мүтәліп Айжігітұлы иеленсе, «Үкілі үміт» номинациясымен «Орда» жоғары колледжінің I курс студенті Маржан Бекарысова марапатталды.
 

Тағы да оқыңыз: