Kyzylorda-news.kz. Сырдария аудандық мәдениет үйінің қазіргі ғимараты алғаш рет 1973 жылы пайдалануға беріліп, сол кезден бастап қазірге дейін халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Әйтсе де, әр кезең өзіндік ерекшелігімен, жаңашылдығымен тарихта қалуда. Негізінен, мәдени іс-шараларды сырттан тамашалап, әдемі көріністің куәсі болып, жаны мен көңілі сергіп қайтқан көпшілік сахнаның сыртында қаншалықты еңбек, қандай жұмыс жатқанын біле бермейтіні рас.
Мәдениет саласының әрбір қызметкеріне үлкен жауапкершілік жүктелген. Тіпті кейде ауқымды іс-шараларды бір күнде бірнеше рет қатарынан абыроймен өткізіп келе жатқан қызметкерлердің халық алдына әдемі қалпында шығып, еш шаршамай, күліп жүргенін көргенде, бір жағынан қуанып, бір жағынан тәнті болатынымыз рас. Бұл мәдениет саласы мамандарының өз ісіне деген асқан сүйіспеншілігі мен махаббатын көрсетсе керек.
Ұл-қызы өнерлі, өнегелі, тұрмысы берекелі, қариясы кемел, жастары жалынды ауданда мәдениет пен өнерді дамытуға үлес қосқан арда азаматтар жетерлік. Қырғи тілді ақын Асқар Тоқмағамбетов, абыз ақын Әбділда Тәжібаев, театр падишасы Сәбира Майханова, драматург, Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов, атақты ақындар Иранбек Оразбаев, Әбіраш Жәмішев, Сейфолла Оспан, Жадыра Дәрібаева, Сыр елінің өнерін әлемдік деңгейге көтерген қарымды суреткер, белгілі режиссер Хүсейін Әмір-Темір, өтірік айтыс шебері Заметдин Ибадуллаев, композитор Рамазан Тайманов, күйшілеріміз Құрақтың Досжаны мен Исламбек Ысқақов, сондай-ақ эстраданың жарық жұлдыздарын ауыз толтыра атап өту өте орынды. Ән мен жырдың Отаны атанып кеткен Сыр елінде туып, күллі қазақтың мақтанышына айналған өнер иелерінің тізімін тоқтаусыз жалғастыра жаза беруге болады.
Жалпылай айтқанда, ауданымызда аудандық және кент мәдениет үйінен бөлек, 6 ауылдық мәдениет үйі, 6 ауылдық клуб, лайықтандырылған кент клубы мен бейімделген ауылдық клубы жұмыс жасауда. Сонымен қоса халық театрлары мен «Құрақтың Досжаны» атындағы ұлт аспаптар оркестрі, «Сәдуақасовтар» жанұялық ансамблі, «Ритм» халықтық вокалды-аспапты ансамблі, «Балауса» халықтық би ансамблі ауданда өткен әрбір іс-шараның көркін қыздырып, мәдени іс-шаралардың сәнін келтіріп жүр. «Дала дидары» мәдени үгіт бригадасы, «Сарыбаевтар» халықтық отбасылық ансамблі, «Сыр гүлі» халықтық би ансамблі, Айдарлы халық театры, «Жадыра» халықтық әжелер ансамблі, «Жаншуақты» халықтық әжелер ансамблі, «Шаттық» халықтық би ансамблі, «Көңілашар» халықтық ойын-сауық отауы, «Ақ дариға» халықтық ансамблі мен мәдени-демалыс кешені жұмысын да атап өткеніміз орынды деп ойлаймыз. Сонымен қоса аудан бойынша жалпы 100-ден аса үйірмеге мыңнан астам өнерпаз тартылған.
Еліміз егемендік алғаннан бері мемлекет тарапынан өнердің өрісін кеңейтуге үлкен қолдау жасалып келе жатқаны баршаға мәлім. Осы тұста мәдени ошақтардың барлығы дыбыс күшейткіш аппаратуралармен, концерттік костюмдермен, ұлттық аспаптармен, заманауи лэд экран, бейнепроектор, сахна пердесі, дыбыс жазу студиясы және техникалық құралдармен жабдықталғанын айтып өту орынды.
Халқымыздың бай мәдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан мәдениет саласының ел өмірінде алатын орны орасан әрі ерекше. Сала мамандарының еңбегі қай кезде де елеулі. Ұрпақтар сабақтастығы дейтін алтын тін аталған салада да жалғас тауып, бүгінгі таңда мәдениет саласы жас өнерпаздармен толығуда. Өнер өлкесінде өзіндік із қалдырып, дария жағасын жайлай қонған аудан атын үлкен сахналарда шығарған өнерпаздар жолын жалғап, ел руханиятын дамытуда өлшеусіз еңбек етіп жүрген сала мамандарының жұмысы бағалауға лайықты.