Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысты. Онда аймақ басшысы БАҚ өкілдерінің алдында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, журналистердің сауалдарына жауап берді. 

«Сыр елі – жыр елі» деген теңеуді білмейтін қазақ жоқ шығар деп ойлаймын. Осы ретте, жаңа өзіңіз баяндағандай аймақтың мәдениет саласында ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып, рухани жаңалықтар орын алып жатыр. Осы бастамалар мен жобаларды жүзеге асыратын кадрлар жеткілікті ме? Мәдениет саласының кадрларын дайындау бағытында қандай жұмыстар жүзеге асырылып жатыр? - деген сауалын жолдады Kyzylorda-news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Фариза Омарова. 

Нұрлыбек Машбекұлы аймақта мәдениет және спорт саласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша құрылысы жүргізіліп жатқан Өнер орталығы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. 

«Қай салада болмасын кадр мәселесі бірінші кезектегі мәселе. Біз мәдениет саласының мамандарын да дайындап жатырмыз. Жуырда облыстық филармонияның қызметкерлері Италия мемлекетінде болып, тәжірибе алмасып келді. Бұл бағыттағы жұмыстарға алдағы уақытта да қолдау көрсетіліп, шет мемлекеттерге басқа да қызметкерлерді жіберетін боламыз. Сонымен қатар биыл мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған «Тұран» сыйлығы табысталған болатын. Аталған сыйлықты табыстау келесі жылы да қомақты сыйақысымен бірге берілетін болады», - деді Нұрлыбек Нәлібаев. 
 

Тағы да оқыңыз: