Kyzylorda-news.kz.  Секен Тұрысбек қазақ даласының күйшілік дәстүрін зерттеп, Алатау мен Арқаның, Алтай мен Атыраудың арасында өткен ғұлама күйшілердің мұрасын жалғастыра отырып,  Арқадағы «шертпе күй»  дәстүрін қалыптастырған Тәттімбет, «төкпе күйді»  қанаттандырған Құрманғазы, Сыр сүлейі Төремұраттың «Сыбызғы күйлері», Қаратау дәстүріндегі «шертпе күй» мен «төкпе күй» өнері, Жетісу дәстүріндегі  ежелгі жыр, ертегі сюжеттер желісіне құралған күйдің теріс бұраумен  жасалған ерекшеліктерін бойына сіңіре отырып, қазақ күй өнерінің  тың, су жаңа композициясын қалыптастырды. Оны одан ары байытып, жаңа ғасыр музыка  жауһарларымен сусындатты. Күйдің дыбыс, ырғақ, тербеліс, ырғақтарына гитара, фортепияно, жетіген, қобыз сынды саз аспаптарын қосып, оркестрлік шеберлікпен мәнерлеп, ойнау арқылы қазақ күйлерін әлем сахнасына алып шықты. Соның нәтижесінде күллі адамдар, Секен күйлерін телефон қоңырауларына, әртүрлі клип таспаларына, диктофан (Detofan), кино көрністеріне, фото-бейне баяндарына жазып алып, үнемі сүйсіне тыңдап  жүретін болды. 

Секен күйлерінің тануы мен таралымын зерттеу мақсатында арнайы тілшілерді ұйымдастырып, мемлекеттің іші-сыртындағы мыңдаған адамға Секен күйлері жайында сұрақ-жауап қойғыздым. Олардың бәрінің телефон қоңырауынан «Ақжауын» мен « Көңіл толқыны» күйінің күмбірлеп тұрғанын өз құлағымызбен естіп, куә болдық. Олар «Ақжауын» мен «Көңіл толқыны» күйін рақаттана тыңдайтындарын марқая айтып, Секенмен мақтанатындарын жеткізді.

Демек, өнердің өсу жолы қиын да күрделі жол. Алдыңғы өнерпаз шыққан биіктен, кейінгі өнерпаздың жеткен шыңы жоғары тұрамаса, өнерде өсу болмайды.

 Әлем классигіне айналған Бетховен XVIII ғасырда Германияның философиясы, әдебиет, өнерінің гүлденуіне үлкен үлес қосты. Дүниежүзі ғалымдары оның «Айлы түн» сонатасы және «Крейсерлік» сонатасы әлем музыкасының классикалық үлгісі» деп бағалады. Гегель, Шиллер, Гете қатарына көтерді. Ол тума талант, жомарт табиғат адам алақанына салып берген, қайталанбас тұлға деп таныды.

 Бейне сол тәрізді, қазақ даласына ХХІ ғасырдың еншісі етіп біздің халықтың бағына Секен Тұрысбекті сыйлады. Оның «Ақжауын», «Көңіл толқыны», «Күлтегін», «Бесік күйлері» тұтас түрік және әлем халықтарының ортақ құндылығына айналды. Дүние жүзін қазақ күйіне жалт қаратты. Әлем классикалық музыка деңгейінде тани бастады. Секеннің бұл күйлері жарыққа шыққалы да көп жыл өтті. Азия, Еуропа құрлықтарындағы радио, телеарналары табиғат, жаратылыстану, ауа райын таныстыру хабарларында «Ақжауын», «Көңіл толқыны» күйімен көзайым көріністерді әрлеп таныстыра бастады. Осыдан-ақ, қазақ күйлерінің әлдеқашан брендке айналғанын түсіну қиын емес.

Секен күйлерінің ұлттық дүниетанымы, философиясы, эстетикалық талғамы әлем классикасының өнер кәусарынан бастау алады. Тарихи тағылымдардан тамыр тартады. Оның он бес күйінің мазмұнында байтақ бай даласының теңдессіз сұлулығы суреттеледі. Адам баласының жарқын образын сомдайды. Секен күйінен тыңдарман кино көреді, тағылым түйеді. Философиялық ой түйеді.

 Секен, аз ғана уақытта, өз өмірін өнерге, өнегеге, үлгіге айналдырды. Халқымыздың «өнер тұлғасы» болып қалыптасты.

 Мемлекеттік қызмет атқарып жүрген кезімде, Жапонияға Токио қаласына іссапарға Қазақстанның концерт сапарына қосып, Секенді де алып бардым. Секеннің «Ақжауын», «Көңіл толқыны» күйін ­Жапония халқы ыстық ықыласпен тыңдады. Концерт соңында, адамдар таласа-тармаса сахнаға шығып, Секеннің қолын алып, құшақтап көрісті, фотоға түсті. Бастын иіп, үлкен құрмет білдірді. Оған қызыға қарап, таңдай қағып таңырқасты. Бұл құрмет, ­Секенге ғана жасалған құрмет емес. Тәуелсіз Қазақ мемлекетіне, қазақ халқына жасалған өте зор құрмет еді.

Сахнада отырып, қазақ күйлерінің, әсіресе Секен күйлерінің мұншалық күш пен қуатқа ие екеніне көзім толық жетті. Ат жалында туып, түйе қомында өскен тақымы тастай, қайсар қазақтың түп атасы көктүрік мемлекеті дәуірінде ұлы даланы қорғаған батыр бабаларымыз, ­батысы Қара теңіз, Дунай алқаптарына дейін, оңтүстігі, Перғана ойпаты мен Иран үстіртіне, солтүстігі Сібір мен Байкалға, Шығысы Табығаш алқабы (Қытай жері Көккөлге) дейін ат тұяғымен дүбірлеткен, дүниенің төрт бұрышын дүр сілкіндіріп, ұлы дала төсінде қуатты мемлекет құрған ұлы халықтың ұрпағымыз. Түгі түспей тусап жатқан, құс қанатын талдырған тағдырлы даламызды сыртқы жаулардан қорғап, аман алып қалған, қаһарман ­парасатты халықпыз. «Қазақ» атын тарих тақтасына қашап жазған ғылымды, өнерлі халықпыз. Секен күйлері осы тарихи көріністерді көш керуендей тізбектеп, бейне тау көшіп жатқандай, көз алдыдан өткізді. Жапония халқы да талай тамырлы тағдырын күй толғағынан танып, көзіне көп дүниені түнеткен болса керек.

Өнерде шекара болмайды. Өнер тілін, әсіресе күй тілін жер бетіндегі санаулы саналы адам терең түйсініп, үн ырғағымен түсінеді. Ортақ сезіммен қабылдайды. Өйткені музыка – адам жанының құпия үні. Дыбыс, ырғақ, тербеліс арқылы көркем көрініс жасап, ғажап үн толқынымен сыр сезімді толқытады. Ақылға ақыл, сезімге сезім қосады. Ойды оймен сапырып, қиялды қанаттандырады.

 Жапония халқы тай өнерін көрсету жарыстарында, барабан (вадаико) соғып, әртүрлі жанрда шабыттандыру үшін ­музыка әуендерін қолданады. Ал біздің қазақта, байырғы соғыс жорықтарында жауынгерлерге шабыт беріп, жігерлендіру үшін дауыл­паз соғады. Жапонияның барабан соғуы мен қазақтың барабан қағудағы мақсаттары бірдей. Бәлікім, осы барабанды «Біздің қазақтан алған ба» деген бір шүңет ойға кенеле берем. Түпсіз ой ирімі мені ары қарай тарихи оқиғаларға сабақтай берді.

КСРО заманында қазақтың ұлы даласында атом бомбаларын сынақтан өткізу үшін арнайы шұрайлы жер бөлініп, Семей ядролық полигонын ашты. Басында адамдар мен жануарларға және табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Артынан көзден жасырып, жер асты сынағына көшті. Атом жарылыстарының ауыр болғаны соншалық, Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын бес мыңдай адам осы сынақтан азап шекті. Өмірден тақсірет шегіп өтті, өкінішпен көз жұмды.

АҚШ авиациясы 1945 жылы Жапония­ның Хиросима қаласына бірінші атом бомбасын тастады. Қала құрылысының күлі көке ұшты. Бір жүз қырық мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза тапты, тірі қалғандары өмірлік жарымжан болып қалды. ­Ес-ақылын жыйғызбай, сол жылы тоғызыншы тамызда Нагасаки қаласына екінші атом бомбасы тасталды. Бұл жолы қала жермен жексен болды. Жетпіс бес мыңнан астам адам қаза тапты, қисапсыз жан мүгедек болып қалды. ­Хиросима мен Нагасакиге атом бомбаларын тастау, адамзатқа, Жапония халқына қарсы жасалған ауыр қылмыс еді. Осыдан кейін жер шарындағы жасап жатқан күллі адам баласына ядролық қару – моральдық және писихологиялық жағынан өте кері әсер етті. Соғыс зардабының жүрекке салған жарасы, ғасырлар бойына жазылмады…

Міне, Секеннің «Ақжауын», «Көңіл толқыны» күйлері – күллі әлемдегі қорқынышты адам санасынан жою, жер бетіндегі тозақ отын жабу, өшпендікті өшіру, адамдарды аласапыранға салатын лас нәрселерді аластау, біржола тазартып тастау арқылы бейбіт әлем жасау, адамдарды сұлулық пен ізгілікке жетелеу арманынан туған, ғажайып күй екенін түп тамырдан түсінді. Көздеріне ыстық жас алып тыңдады.

Жапон халқы Секен күйлерінің терең философиялық иірімін таныды. «Біздің елге періште күйші келді» деп қабылдады. Менің қатарымда отырған жапон академигі ­Дайсукеге аудармашы салып сұрағанымда, ол «Қазақ халқы – әлемдегі дана, ұлы халық. Ата-бабаларыңыз Көктүрік тұқымынан тараған. Шыңғысхан қыпшақ даласын билеп тұрған кезде біздің мемлекетке жорық жасады. Тәңірі жар болып, топан су соғысқа бөгет болды. Екі елді қырғын соғыстан аман алып қалды. Бұл көк тәңірінің көмегі еді. Сіздердің Мемлекеттеріңіз әлем территориясында тоғызыншы орынды иеленеді. Ата жұртын қытай мен орыс державаларына жұттырып жібермей, бес мың жыл бойы көзінің қарашығындай аялап, қорғап, сақтап қалды. Қазақ халқы жеті ата араламай қыз алыспайды. ХХІ ғасырда жаны мен тәнін таза ұстаған, генін өзгертпей сақтаған текті ұлт. Бұл әлем адамдары қабылдайтын академиялық ғылым.

Қазақ тілінің грамматикасы жапон тіліне жақын, туыстас тіл. Бай тілдер тобына жатады. Қазақтың түп аталары көктүрік өз кезінде жарты әлемді бағындырып аузына қаратқан, ең құдіретті держава болған. Қытай мемлекеті сіздерден именіп, ұлы қорған соғып қорғанды. Қазақ жері тұтас түрік халқының өніп шыққан төркіні» деп, бір тыныстап алды да, Секенге қарап , «Секен осы ғасырдың Бетховены» деп қадап айтты. Осы кезде, менің қасымда Секен де, Жапонияда тұратын Қазақстанның бас елшісі Ақылбек Камалдинов де бар еді.

Ол бізді бастап жүріп, Жапония­ның жоғары дәрежелі мемлекет қайрат­кер­лерімен кездестірді. Жапониядағы тарихи музейлерді аралатты. Олардың ғылым, мәдениеттегі жеткен жетістіктерінен, біз үйренетін көп нәрсені көкейімізге ұялатты. Ол қазір Канада мемлекетінде елшілік қызметте. Ұлтжанды, білім-ғылымды азамат. Қазақстанның саяси және мәдени қатынастарына елеулі еңбек сіңіріп келеді.

Жапон академигінің сөзінен кейін ол да, мен де разы болдық. Менің нағашы ағам Ақселеу Сейдімбектің «ХХІ ғасыр – Секен ғасыры» деп «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған мақаласы есіме түсті.

Расында, Секен күйші ғана емес. Таңғажайып талант. Оның күйлері адам баласының көкірек көзін ашады. Бойына күш, жігер бітіреді. Өзім күйші болмасам да, Секен шығармашылығына ден қоя бастадым.

Биыл қазақ мемлекетінің Тәуелсіздігіне 30 жыл. Осы жылдарда қазақтың спорт саласынан жүздеген саңлақтарымыз әлем аренасында қазақ жалауын желбіретсе, Димаш күллі әлем аспанында қазақ әнін әуелетті. Секен қазақ күй өнерін халқаралық аренаға алып шықты.

Мұны айтып отырғаным, қазір электрон ғасыры ғарыш әлемін, бір ғана компьютер, интернет жүйесіне байлап берді, ақпарат еркін әрі ашық бола түсті. Төрткүл дүниедегі жаңалықтарды әлем адамдары күнбе-күн, сағат, минут сайын көріп, біліп отыр. Секен күйлерінің әлемге тез, кең тарап, күн сайын «Ақжауын оркестрінің» беделінің көтерілуіне электрлік ғылыми-техниканың орасан көмегі тиіп жатыр.

Осы орайда бір ұсынысты ортаға салайын. Қазақ тарихы – күй тарихы. Қазақ халқын одан ары ұлы ұлт ретінде әлемге танытамыз десек, «Қазақ күй ТV» арнасын ашып, ғаламтор арқылы күй шежірелерімізді үгіттеуміз керек. Секеннен басқа да әлемге танытуға болатын, жүздеген күй классигі, музыканттарымыз бар. Оларды «Қазақ күй TV» теле арнасы арқылы ғарыш әлеміне көтере алатынымызға көзім жетеді.

 Секен Жапонияға, басқа елдерге барып, домбыра тартса бәрі уыздай ұйып, тебіреніспен тыңдайды. Еш жатырқамайды. Өйткені оны күнде интернет желісі арқылы YouTube, Google Facebook-тен көріп, күйлерін тыңдап, біліп отыр. Қазақ күйінің талғар табиғатын танып отыр. Қазақ күйі – ғылым, музыка жауһары, адам баласына ортақ рухани қазына деп бағалап отыр.

Қазақтың күй тарихы – бес мың жылдық халық өмірінің төл тарихы. Бұл бүгінгі жазба деректе дәлелденген шындық. Бәлкім, одан да ұзақ ғасырлар болуы мүмкін. Адам – адам болып жаралғалы, халық болып ұйысып, қоғам болып құралғалы, оның күй өнері өзімен бірге өмір сүріп келеді. Қазақтың түп тарихына тұтқа болып ұстап тұрған , бір жұлдызы күй өнері. Күйсіз – қазақты тану мүмкін емес. Күй – ұлт өмірінің шарайнасы, рухани әлемі. Сондықтан күйді Менделеев таблицасындай зертегенде ғана күй мен қазақ айырылмас, егіз ұғым екеніне әлем халықтарының көзін жеткізуге болады.

Жұматай Әлиев,

философия ғылымының докторы, профессор

Тағы да оқыңыз: