Kyzylorda-news.kz Шиеліде өтетін мәдени шараларға Әділбек Тәшімовтың күйін аңсап арнайы келетін тыңдарманды, бір күйге құлағының құрышы қанбай, "жұп болсын, жұп болсын" деп шуласқан халықты жиі көреміз. Иә, табиғаттың үнін, тұлпардың дүбірін, адамның сырын шанағынан төгілткен домбыраның құлағында ойнайтын, қос аспапты қатар шертіп, ел ықыласына бөленіп жүрген күйші Әділбек Тәшімовтың есімі аудан халқына етене таныс.
Ол бүгінде Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдени-шығармашылық орталығы жанындағы «Ұлт аспаптар» халық оркестрінің жетекшісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі. Төл аспапты жанына серік еткен азаматты аудан жұрты «Сыр қаршығасы» деп те атап кеткен.
Оның жуырда ғана жарыққа шықса да талайды тамсантып үлгерген «Шиелі толғауы» атты авторлық күйі бүгінде еліміздің біраз жерін шарлап кетті. Қазіргі тілмен айтсақ, әлеуметтік желілердің "хитіне" айналды. Қара домбыраның шанағынан төгілген тәтті күйге тәнті болғандар көп.
Жуырда күйшінің осы туындысына арнап Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орталық стадионда ескерткіш орнатылды. Бұл туындыңыз қалай дүниеге келді деген сауалымызға автор:
– Жалпы, махаббаттың түрі көп қой. Ол әкеге, анаға немесе Отанға деген махаббат болуы мүмкін. «Шиелі толғауы» елге деген махаббатты көрсетеді. «Әркімге өз туған жері – мысыр шаһары» деген сөз бар. Адамның өмірге іңкәрлігі де туып-өскен топырағына деген ыстық сезімнен пайда болады. Сол арқылы тамырыңа қан жүгіреді. Күйдің тақырыбын да сондай махаббатпен «Шиелі» деп қойдым. Өнерді құрметтеп, ескерткіштің салынуына қолдау білдірген аудан әкімі Айтбай Насриддинұлына, ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаилға алғысым шексіз, – деп жауап берді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Тараз қаласында Әбдімомын Желдібаевтың "Ерке сылқым" күйіне арнап ескерткіш ашылған еді. Аудан ардагерлері Әділбек Тәшімовтың "Шиелісін" тыңдаған сәтте-ақ "пах, шіркін! бұл да бір ескерткішке сұранып тұрған дүние екен" дескен-ді. Осылайша ақсақалдар бастап, аудан басшысы қолдап күй құрметіне арнап ескерткіш қойылды.
Бұйырса "Шиелі толғауы" тек Шиеліде емес, күллі қазақ елінің аспанында күмбірлеп тұратын күн алыс емес. Олай дейтініміз, жуырда ғана талдықорғандық оркестр үлкен концертте орындау үшін "Шиелі толғауының" нотасын сұраған көрінеді.
Гүлхан ЯХИЯ