Kyzylorda-news.kz «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының креативті HUB бағыты аясында қолөнер бұйымдары нарығы туралы заманауи ақпарат беру, өнімді жергілікті деңгейде өткізу жолын қалыптастыру мақсатында «Кәсіп түбі - береке» атты шара болып өтті.
«Шебердің қолы алтын», деп бекер айтпаса керек, сөзге шебер, іске де ұста халқымыздың мәдениетін паш ететін құндылықтарының бірі – оның қолөнері. Асыл тастан сән бұйымын жасаған, қазақ ұлттық киімдерінің етек-жеңіне оқа тігіп, кимешектің өңіріне, жақтауына кесте жүргізіп, сүйек пен мүйізді қиыстырған халық шеберлерінің ісі – мақтауға тұрарлық өнер туындысы.
Кештің қонақтары кәсіби тігінші әрі әлеуметтік кәсіпкер, «ORDA BRAND RM» жеке шеберхана иесі Рыскүл Мұқанова және кәсіби қолөнерші Қалдыбай Айдын өз туындыларын халыққа таныстырып өтті.
Мұқанова Рыскүл – бұл саланы кәсіпке айналдырған және осы ерекше киімдерімен жергілікті талантты өнерпаздардың танымал болуына зор ықпалын тигізіп жүрген еңбек адамы.
Кәсіби тігіншінің бірегей және сапасы жоғары киім топтамаларынан дефиле көрсетілді.
Ұлттық киім үлгілерін заманауи талапқа сай қайта қалыптастыру, ұлттық нақыштағы құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында өткен шараны Талсуат ауылдық клубы МКҚК директоры А. Жайдариева қорытындылап, Рыскүл ханым мен Айдын ханымға шығармашылық табыс тілеп, алғысын білдірді.
Қорлан САРЫ
Фото aqmeshit-zhastary.kz