Kyzylorda-news.kz  Бүгін Достық үйінің мәжіліс залында 30 тамыз – ҚР Конституциясы күніне орай «Конституция – ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің кепілі» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті. Қызылорда облыстық Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен өткен шараға Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы құрылым мүшелері, этномәдени бірлестіктерінің мүшелері және жоғарғы оқу орындарының ғалымдары, дін өкілдері, партия өкілдері, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері қатысты.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – Ата заң баптарындағы руханият, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі, қазақстандық патриотизмді одан әрі нығайту мәселелері бойынша ой пікірлерді ортаға салу болып табылады.

 – Еліміздің Ата заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Конституциямызда адамдардың табиғи құқықтары мен бостандықтары, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамыту, Қазақстан аумағында азаматтық қоғам құру туралы дүниежүзі таныған прогрессивті идеялар бекітілді. Ол елімізде сан алуан идеологиялық, сенімдік, ұлттық, азаматтық ұжымдар мен топтардың бірлесіп бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Конституциямызда бекітілген нормалар Қазақстан Республикасын гүлдендіру мақсатында еліміздің барлық азаматтарының бірлесіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қызмет етулері үшін жағдайлар жасайды, - деді  облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Әбілдаев.

Одан кейін дөңгелек үстелдің қатысушылар Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған бейнероликті тамашалады.

«Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары, философия докторы PhD Дәулет Омаров «Ата заң тәуелсіздік пен тұрақтылық кепілі» тақырыбында, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры м.а., философия докторы PhD Айнұр Исаева «Жаңа Қазақстан Конституциясы – құқық үстемдігі, адам құндылығы және мемлекеттің тиімділігі» тақырыбында, Дін мәселелерін зерттеу орталығының бөлім меңгерушісі Жеңісбек Дәрібаев «Конституция – конфессияаралық келісімнің кепілі» тақырыбында баяндамалар оқыды.

Тағы да оқыңыз: