Сенбілік басталғаннан, біраз шаруаның беті қарады десек болатындай. Әйтеке би кенті көшелерінде тазалық жұмыстары тиянақты жүргізіліп қана қоймай, аяқсу келер арықтар да қайта қалпына келді. Қолдағы мәліметке сүйенсек, он екі шақырым құрайтын Әйтеке би кенті ішілік арық-атыздардың шөбі шабылып, қоқыстары тазартылған.

Kyzylorda-news.kz   Шет аймақтағы, сондай-ақ, тұрғындар жиі жүретін көшелердің тазалығын қамтамасыз ету мақсатында кент әкімінің Өкімімен арнайы жұмысшы топ құрылды. Оған Әйтеке би кенті әкімінің екі орынбасары жетекшілік етеді. Бүгінгі таңда, кенттің орталық көшелерінен бастап шет аймақтарды түгел қамтитын рейд шаралары ұдайы ұйымдастырылуда. Соның аясында, тұрғындарға үнпарақтар таратылып, әлеуметтік желіде жұмыстар ақпараттандырылуда.

– Әйтеке би кенті ішілік қалған екі жүз он бес көше мен шет аймақтың тазалығына «Авто-Тех» мекемесі жауапты. Қазір, аталған мердігер мекеме тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде. Төрт техника мен отызға жуық жұмысшылар көше тазалығына атсалысып жатыр. Жалпы, кент тазалығы күнделікті біздің бақылауымызда, – дейді Әйтеке би кентінің әкімі Мұрат Әбсұлтанов.

Жалпы, елді мекендерді санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру айлығын өткізу жөніндегі облыс және Қазалы ауданы әкімінің Өкімі аясында Әйтеке би кентінде тазалық айлығы тұрақты ұйымдастырылуда. Көктемнің алғашқы күнінен бастап, бөлінген көшелер мен аумақтарда тазалық жұмыстары күнделікті жүргізіліп келеді. Яғни, көше бойын тазарту, аяқ су арықтарын тазалау, электр бағандарын әктеу, қоршауларды сырлау жұмыстары атқарылуда. Осы жұмыстар барысында, отыз жеті шақырымды құрайтын ішкі аяқ суарықтары мен он екі шақырым көше борьюдерлері қоқыстан тазартылған. В.Счастнов, Қ.Пірімов көшелеріндегі қоршаулар сырлануда. Бүгінге дейін, 2,6 шақырым көше қоршаулары, түнгі жарықшамдар мен орындықтар, кішігірім сәулеттік формалардың (үш ратун) барлығы сырланып, жаңартылды. Ал, қалған көшелердің көркін келтіру одан әрі жалғасын таппақ. Жалпы, тазалық айлығындағы сенбілікке денсаулық сақтау, білім саласы мен дербес бөлімдер, теміржол ұжымдары ауызбірлікпен атсалысуда.

Нысандардың тазалығы назарда

Тазалық айлығында кентке көрік берген кәсіпкерлік нысандардың сыртқы кейпіне де көңіл бөлінді. Жалпы, кент ішіндегі кәсіпкерлік субьектілердің басым бөлігі Жанқожа, Әйтеке би көшелерінің бойында орналасқан. Екі көшенің бойында халыққа қызмет ететін елу беске жуық кәсіпкерлік субьектілері, яғни, орталық базар, азық-түлік дүкендері, кафелер, сауда дүкендері бар. Кейбірінің сыртқы кейпі көшенің сәнін кетіруде.

Орталық базар айналасындағы сауда қатарларының жағдайын реттеуді мақсат тұтқан жауаптылар олқылықтардың орнын толтыруға мүдделі екендіктерін айтты.

– Ғимараттар айналасында тазарту жұмыстары алға қойылып, жыртылған кермелер мен бильбордтарды, қоршаулар мен шартақтарды қайта ретке келтіру қолға алынбақ. Сондай-ақ, "Мусаев", "Ырыс-Болашақ", базарларының, "Талап" автостанциясының кірер қақпасын жаңалап, ауыстыру алдағы жоспардың еншісінде, – дейді жауаптылар.

Қазалы ауданы әкімінің орталық көшелердегі кәсіпкерлік нысандардың аумағын ретке келтіру жөніндегі хаттамалық тапсырмасына сәйкес, тазалық айлығында базар айналасында заңсыз сауда жасаушылармен де жұмыстар жүргізілуде. Маңызды міндетті орындап жүргендердің мәліметіне сүйенсек, базар айналасындағы кәсіпкерлердің ҚР-ның «Әкімшілік Құқық Бұзушылық» туралы Кодексінің 505-бабындағы көрсетілген талаптарды орындамай қоршаған ортаны ластау, бүлдіру заңсыздықтарвна жол бергендігі анықталған. Жұмысшы топтың үздіксіз жұмысының арқасында Әйтеке би көшесіндегі аяқ су арықтарының үстіне, жаяу жүргіншілердің жолына қойылған столдар, жарнама ретінде ілінген бильбордтар, қоршаулар алынған. Көше бойын жайлаған кәсіпкерлерге аяқ су арықтарының ішін тазарту жөнінде жазбаша түрде ескертулер берілген. Заңдылыққа сәйкес, ендігі кезек көше бойында орналасқан кәсіпкерлік субьектілерінде.

Келбеті күн санап көркейген кенттің сәулетін әлеуметтік нысандар арттырып тұр десек артық айтпаймыз. Олардың сыртқы көрінісі кент көркіне әсер ететінін ескерсек, орталық көшелерде орналасқан мектеп, балабақша, сондай-ақ халыққа қызмет ететін кейбір мекемелердің айналасын ретке келтіріп, тазалап отыру маңызды. Осыған орай, кейбір мекемелердің ауласында тал егіліп, сыртқы қоршаулары мен қақпалары сырланып, тазарту жұмыстары жүргізілмек. Атап айтқанда, Жанқожа батыр, Әйтеке би, В.Счастнов, Қ.Пірімов, Р.Бағланова көшелеріндегі әлеуметтік халықтық нысандардың аумағын жинастырылмақ.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, жұмысшы топ тазалық жұмыстарын жіті қадағалауда ұстайды. Кент әкімдігінен құрылған жұмысшы топ рейд жүргізу барысында кейбір кәсіпкерлік субьектілерінің қоқыс жәшіктерімен әлі күнге дейін қамтылмағандығы анықтады.

– Тазалық жұмыстарын ұйымдастыру және оны қадағалау біздің құзырымызда. Кәсіпкерлердің жұмысын жіті бақылау барысында он бесіне ескерту беріліп, біреуіне әкімшілік айыппұл салынды. Бұл, алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Ендігі мәселеде, тазалық сақтамаған, абаттандыру қағидаларын бұзған мекеме, кәсіпорындарға шара қолдануды жүзеге асыратын боламыз, – дейді Әйтеке би кентінің әкімінің орынбасары Тәуіржан Құлмұратов.

Тазалық айлығы кент көшелерінде ғана емес, ауданның елді мекендерінде де жалғасын табуда. Ондағы, сенбілікті көзбен көрудің сәті түспесе де, кент ішінде жасалып жатқан жұмыстардан кем емесін аңғардық. Өйткені, тазалық жұмыстарын әлеуметтік желіде жарыса жариялауда. Әкімшілік және мекеме қызметкерлері ауыл-аймақты ретке келтіріп, жұмыла еңбек етуде. Ал, кент ішінде атқарылған ауқымды істер әрі қарай да жалғасын таппақ. Осылайша, Наурыз мерекесі қарсаңында көшелер көріктеніп, кент ажары айшықтала түсері анық. 

Тағы да оқыңыз: