Kyzylorda-news.kz Қазан айының 24 жұлдызы – кітапханашылардың кәсіби мерекесі! Адам баласын оқуға шақырған, білім алуға үндеген кітапханашылардың еңбегі ерен. Әсіресе айдай әлемді алақандай смартфонға сидырған бүгінгідей қоғамда жұртты кітап оқуға баулу оңай емес. Мереке қарсаңында қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі КММ директоры Рахметова Гүлмира Шамсутдинқызымен сұхбаттасқан едік. Тақырыпқа да осы кісінің сөзін арқау еттік.
– Гүлмира Шамсутдинқызы, несін жасырамыз, қазір кітап оқитындар азайып барады. Жастар «Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге» деген Абай ақынның сөзін ұмытқан сияқты ма, қалай өзі?..
– Жалпы алғанда, жастар мүлдем кітап оқымайды деуге болмас. Адам кітап оқымаса, кітап сататын дүкендер көптеп ашылмас еді. Соңғы жылдары қайта керісінше жастардың кітап оқуға қызығушылығы артты. Қазір кітап оқып отырған жастарды көп көремін. Әсіресе, мотивациялық, психологиялық кітаптарды көп оқиды. Қай кезде де қағаз кітаптың орны бөлек, оны қолмен ұстап, сезініп, ләззат алып оқығанға не жетсін. Әрине, уақыт талабына сай басында виртуалды әлемге қызығып, еліктеді, кейін ненің не екенін түсініп, оқуға ден қойды. Себебі қазір әлеуметтік желіден адамдар күнделікті хабарлама немесе әлдебір саяси оқиғаға байланысты жазған пікірлерді ғана оқитынын түсінді. Ал, кітап деген күнделікті ақпарат емес бір шола салатын, өте күрделі дүние. Оны асықпай қарап, астын сызып, кейде көңілінен шыққан тұстарын қойын кітапшаға жазып алып оқисыз.
– Шекспирдің «кітап маған тақтан да қымбат» деген сөзі бар. Ол осы қанатты сөзі арқылы байлықтың да, биліктің де кітаптың қасында түкке тұрмайтынын айтқан. Бүгінгі қоғамда кітапты байлық пен биліктен, «тақтан», қызметтен артық санайтындар бар ма?
– Адамзат баласының ең құнды дүниесі – кітап. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл ойының жемісі. Әлемге танымал ұлы Шекспирдің өзі кітап жайлы «Кітап маған тақтан да қымбат» деген екен. Ал кітапты таңдап, талғап оқи білу, оны өмір қажеттілігіне жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімінің парасатын айқындайды. Ақын-жазушыларымыз болашақ ұрпағы үшін қаншама том-том кітап жазып кетті. Соның ішінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері», Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесінің» бізге берер азығы мол.
Жалпы адам өмірін әлеуметтік желімен емес, кітаппен байланыстыруы керек. Әлеуметтік желіде барлығы алдамшы дүниелер, ал кітапта бәрі шынайы берілген. Айталық, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы әлемге танымал. «ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» деп Луи Арагонның өзі жоғары бағасын берген. Міне, біздің осындай жазушылардың шығармалары әлемдік тілдерге аударылып, өзінің жоғары бағасын алып та үлгерді. Жастарымыздың әлеуметтік желіге емес, кітапқа үңілгені жақсы болар еді. Өйткені мына заман – біліктілердің заманы. Білікті болу үшін білім керек. Ал білім тек кітап оқу арқылы адам бойына дариды. Ғабит Мүсірепов атамыздың «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген ұлағатты сөзі бар. Түсінген жанға осы сөздің астарында қаншама ой жатыр. Кітаппен дос болған адам дүниенің ғажабын танып біле алады. Сондықтан білімнің көкжиегін тек кі¬таптан ғана табамыз. Бір сөзбен айтқанда, білімді адамға байлық та, билік те келеді.
– Жастарды кітапты аз оқиды деп жатамыз. Тіпті оқымайтындар саны басым дейтіндер де бар. Өйткені олар уақытының көп бөлігін ұялы телефонды тамашалау арқылы өткізеді. Сіздің ше, жастарды, балаларды кітап оқуға шақыру үшін не істеу керек?
– Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің құрамында 21 кітапхана бар. Олардың он бірі қалада, екеуі кентте, сегізі ауылдық округтерде орналасқан. Жалпы кітапхана желісінде 650 мыңға жуық кітап қоры сақталған. Бүгінде қалаға қарасты кітапханалар білім іздеген жастардың басын біріктіретін, халықтың рухани жан дүниесін байытуға өз үлесін қосатын және білім іздеген әр оқырманға бағыт-бағдар беретін руханият ордасына айналып отыр.
Қызылордалықтардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыратын, оқырманның білім көкжиегін кеңейтуге ықпал жасайтын түрлі форматта әртүрлі кешенді мәдени іс-шаралар ұйымдастыруда. Кітапхана – әдебиет әлеміндегі жаңалықты жарнамалап, ұлттық рухани құндылықты насихаттайтын мәдени орталық. Қазіргі кезде жастарды кітап оқуға қызықтыратын дәстүрлі және жаңа әдістермен кітап жәрмеңкесін, әдеби челендж-байқаулар, шығармашылық кештер, түрлі танымдық шаралар, дөңгелек үстелдер, әдеби байқаулар мен басқа да мәдени іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп келеміз. Сондай-ақ жергілікті ақын-жазушылардың мерейтойларын кең көлемде атап өтіп, шығармаларын оқырмандарға таныстырудамыз. «Жер бетіндегі жүрегі бар жалғыз үй – кітапхана» демекші, кітапханашылар қаладағы білім беру орындарымен тығыз байланыс орнатып, бірге жұмыс атқаруда. Кітапхана адамның өз-өзіне иелік ететін жер. Кітапхана – еркіндік алаңы. Бүгінде осы ұғымды түсініп келе жатқан жастар қатары көп. Себебі жас оқырмандар әдеби шығармаларды жарыса оқып, өз ойларын жеткізуге асығады. Жалпы өскелең ұрпақты кітап оқуға шақыру үшін осындай жұмысты атқарып жатырмыз.
– Бұрын «бос уақытымда кітап оқимын» болмаса «хоббиім кітап оқу» дейтіндер көп еді. Қазіргі жастардың арасында сондай адамды кездестірдіңіз бе?
– Бұл үшін жүйелі жұмыс керек. Ең алдымен ата-ана өзі қазақша кітап оқып, оны баяндап жеткізіп, баланы кішкентай кезінен кітапқа қызықтыра білсе, шай басында шығарма туралы пікірталас жүрсе оны көрген бала да кітапқа жақын болады.
Балаға кітап оқыту үшін әр ата-ана өз әді¬сін табуы керек. Үйіне кітап жинамайтын, өздері кітап бетін ашпайтын отбасылар да бар. Ондай ортада кітап оқу туралы сөз болмайтыны түсінікті. Өзі интеллектуал ата-ана балаға кітап оқытуға тырысады. Байқағаным, шетелде кітап оқу дәстүрі жақсы қалыптасқан, кітаптың бала тіліне, жасына сай жазылып, безендірілуіне қатты мән береді. Фейсбукте шетелдік дарынды балалардың ата-аналар тобы бар, сондағы балалардың оқыған кітаשּׁтарын көрсеңіз, қайран қаласыз.
Мемлекет басшсы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз кітап оқуға деген сүйіспеншілікті бастауыш сыныптан бастап қалыптастырсақ қана кітап оқитын ел бола аламыз. Ал жас ұрпақтың сауатты болуы үшін балалардың көркем әдебиет оқуы өте маңызды» дегені белгілі. Осыған орай, кітапханалар әрда¬йым мемлекет саясатын насихаттайтын орталық ретінде мектептермен тығыз байланыс орнатып, іс-шараның 80 пайызы оқушылармен өтеді. Бүгінде жас оқырмандарды «кітап оқуға» шақырудың түрлі-түрлі тәсілдерін ойлап тауып жатырмыз. Кітапхана қызметкерлері кітапханаға келген бүлдіршін оқыр¬манға жаз айында оқуға тиіс кітаптардың тізімін беріп, жеңімпаз оқырманды құнды кітаптармен марапаттап отырады. Ата-¬анасына балаларын кітап оқуға үйретуді, кітап оқуды баланың бойындағы дағдыға айналдыруды қадағалауды тапсырады. Алдағы уақытта жас буынның кітап оқуға қызығушылығын ояту мақсатында ата-¬ана – мектеп – кітапхана – баспа арасында тығыз шығармашылық байланыс орнатылып, нақты жүйелі жұмыс жүргізілсе дейміз. Болашақта балаларды кітап оқуға қызықтыру мақсатында мектеп бағдарламасына әдеби кітаптарды дауыстап оқытып, рөлге бөліп оқып, қойылым қою, кітапты талдап, ой бөлісуге тәрбиелейтін арнайы сағаттар бөлінсе, балалардың бо¬йында кітап оқу дағдысын қалыптастыруға әсері мол болар еді. Біздің кітапханада жас ұрпақты кітап оқуға қызықтыратын, жаңа қызықты кітаптарды насихаттайтын түрлі әдеби іс-шаралар кешенді түрде өтеді.
– Кітапхананы кітап жинайтын қойма қылмас үшін не істеу керек?
– Кітапхана – көпшіліктің бір-бірімен кездесетін, қызықты тұлғалармен танысатын ақпарат және мәдениет орталығы, кез келген жастағы оқырман үшін пайдалы, кітапты қалың оқырман арасында насихаттайтын қасиетті орын. Адам санасы өскен, дамыған заманда, кітапхана – кітап сақтайтын қойма деген қағида жойылды. Кітапхана – мәдениет ошағы. Бүгінде кітапханаларға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бір сөзбен айтқанда, кітапхана – адамның жаны тыныштық, жақсылық табатын мекен.
– Жасы жағынан ең үлкен оқырманыңыз бен ең кіші оқырман туралы айтсаңыз... Олар қандай кітап оқиды? Аптасына неше рет келеді? Биыл қай кітап көп оқылды?
– Біздің кітапханаларда алды 30 жылдан бері оқырман болып келе жатқан үлкен кісілер өте көп. Олар көбіне көркем әдебиетті оқығанды жақсы көреді. Жасы сексеннен асса да аптасына екі рет келіп, кітап оқуды, оны талдауды әдетке айналдырған. Ал ең кішкентай оқырманымыз 7 жаста. Жас оқырмандар көбіне ертегілер, өлең, тақпақтарды оқығанды жақсы көреді. Тіпті аптасына 3-4 рет келетін оқушылар бар. Биыл біздің кітапханада көп оқылған кітаптар ол Бексұлтан Нұржекеевтің «Бейтаныс әйелдің құпиясы» повесі, Нұрлан Қамидың «Қызданайдың қырғыны», Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» әңгімесі, Айғыз Баймұхамедовтің «Тастамашы, ана!» хикаяты және осы автордың «Көше балалары» повесі. Сондай-ақ Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», Ник Вуйчичтің «Өмірде шектеу жоқ», Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Періштелердің өлімі», Алтыншаш Жақиянованың «Апа, сені сағындым», Шынар Әділованың «Тайм-менеджмент», «Жігіттің сұлтаны бол!» деген кітаптарын атап өтер едім.
– Риясыз әңгімеңізге рақмет, кәсіби мерекемен тағы да құттықтаймын!
Сұхбаттасқан Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ