Kyzylorda-news.kz “AMANAT” партиясының “Кітап – AMANAT” жобасы аясында Шиелі аудандық партия филиалына қарасты «Көкшоқы» бастауыш партия ұйымында “Бір айда-бір кітап” акциясы ұйымдастырылды.
Қазақ еліне белгілі журналист-сатирик, публицист, «Шарайна‑Сейхун» газетінің редакторы, “Шиелі ауданының Құрметті азаматы”, аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына және оқырман санын арттыруға елеулі үлес қосып жүрген облыстық деңгейдегі қаламгер Нұрмахан Елтай жазушы Талғат Айтбайұлының «Мың бір күн, мың бір түн» атты кітабын кітапханаға табыстады.
Автордың бұл шығармасы – социализм сүргінін бастан кешірген, жетімдік көріп өскен, Ұлы Отан соғысында ерен ерлік көрсеткен, адал да абыройлы ғұмыр кешкен, КСРО банк жүйесінің үздігі, жүгіруден Қазақстан спорт шебері, республика чемпионы Әлжапар Мұстафаұлы Мұсаев туралы деректі роман.
Романдағы барлық оқиғалар мен әңгімелер, деректер — кейіпкердің өз басынан өткерген өмір шырғалаңы, қуанышы мен қиындығы екенін еске саламыз.