Kyzylorda-news.kz Аймақ төрінде орналасқан Жыраулар үйінің мәжіліс залында Қызылорда қалалық Жастар театрының әртістері белгілі өнер тарландарымен кездесті.
«Тұңғышбай. Таным. Театр. Тарих» атты Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, Қазақстанның Халық артисі, профессор Жаманқұлов Тұңғышбай Қадырұлымен кездесуге Қазақстан театр қайраткерлері Одағының жауапты хатшысы, театр және кино актрисасы Ағманова Рабиға Бибошқызы, актер, композитор, Қазақстанның мәдениет қайраткері Көбентай Қадырғали Нұрғожаұлы, С.Мұқанов атындағы солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театрының басшысы Біржан Жалғасбаев, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының басшысы Ниязов Мұхтар Мәуленұлы, Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Тажмаханов Жағыпар Айтбайұлы, ақын, режиссер-сценарист, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Нұрмаханов Оңталап Дүйсенәліұлы қатысып, жас әртістер құрметті қонақтармен көкейде жүрген ойларымен бөлісіп, сұрақтарына тұшымды жауап алды.
Тұңғышбай Жаманқұлов – Қазақстан халық әртісі, мемлекеттік сыйлық лауреаты. Елге негізінен кино актері ретінде танылған ол «Казақфильм», «Ленфильм», «Өзбекфильм» киностудияларының Совет Одағы кезінде және тәуелсіздік жылдары түсірген «Қан мен тер», «Отырардың күйреуі», «Сардар» сияқты 30-ға жуық фильмдеріндегі негізгі кейіпкерлерді сомдаған. Шетелдік және қазақстандық драматургтердің «Турандот ханшайым», «Бонапарттың үйленуі» сияқты бірнеше спектальдерін қойған театр режиссері, спектакльдерде ойнайтын театр актері. Жаманқұлов актерлігімен бірге өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақ өнер академиясының оқытушысы, «Наз» (2001) және «Сөз» (2008) атты көркем-публицистикалық кітаптардың авторы. «Парасат» ордені иегері, Монреальдың «Фипресси», Нидерландтың «Алтын пластина» сыйлықтарының лауреаты, 2007 жылы Қазақстанның «Жыл адамы» атанды. Тұңғышбай Жаманқұловтың «Отырардың күйреуі» фильміндегі Қайырхан рөлі үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанғанын да мақтанышпен айта кеткен абзал. Кейіпкеріміз әртіс ғана емес, режиссер ретінде де К.Гоццидің «Турандот ханшайым», М.Ғапаровтың «Тұзды шөл», Қ.Шахимарданның «Томирис» пьесаларын көрерменге ұсынып, жоғары бағасын алды. Сондай-ақ ол «Наз» атты ғылыми-публицистикалық 2 томдық жинақтың авторы.
Кеш соңында қазақ театр өнерінің корифейі Тұңғышбай Жаманқұлов бастаған қонақтарға дәстүр бойынша құрмет көрсетілді. Өз кезегінде даңқты өнер қайраткері Тұңғышбай Қадырұлы жас ұжымның дарынды әртістеріне бата беріп, толағай табыстар тіледі.
Қорлан САРЫ
Фото: esquire.kz