Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы М.Қазбекова Испания елі Барселона қаласында өткен «Коста-Браваның сұлулығы» атты халықаралық көп жанрлы байқауының жүлдегерлерін қабылдады.

Халықаралық көрмеге әлемнің 16 елінен 600-ден аса өнерпаз қатысты. Аталған байқауда Қызылорда облысының 10 оқушысы бақ сынап, жүлделі орындарға ие болды.

– Ең алдымен бәріңізді Жеңістің 79 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Осындай ұлы Жеңісті сыйлаған ата-бабаларымыздың арқасында бүгінгі жас өскін жеткіншектеріміз халықаралық деңгейдегі байқау, жарыстардан жеңіспен оралуда. Барлық қатысушыларға ризашылығымды білдіремін. Әлемдік деңгейде бақ сынап, Сыр елінің атын жақсы жағынан көрсетіп жүрсіздер. Бағындырар белестеріңіз көп болсын. Толағай табыстарға қол жеткізулеріңізге тілектеспін, – деді М.Қазбекова.

Басқарма басшысы жеңімпаздарды құттықтап, алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, аймақ абыройын асқақтатып жүрулеріне тілектестігін білдірді. Сондай-ақ, оқушыларды тәрбиелеп, қолдап жүрген Гүлзат Ермекқызы және жас суретшілер басқарма басшысының Алғыс хатымен марапатталды.
 

Тағы да оқыңыз: