Kyzylorda-news.kz    Түбі бір түркі елінің ортақ ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген еді. Бұл сөздің растығын өмір тәжірибесі талай мәрте дәлелдегені белгілі. Ата-бабаларымыз тәрбиенің орны бөлек екенін жақсы білген. Өйткені ұрпаққа үлгілі тәрбие бере алу – қоғамның өзін, елдің тірегін қалыптастыру. Соның ішінде балаға өнегелі тәртіп пен құқықтық тәрбие бере білу – құнды қазына.

Әрине, балаларға жан-жақты құқықтық тәрбие беруді жетілдіріп отыру – басты парыз. Бірақ сол тәрбие беруде үнемі кеш қалатынымыз ешкімді ойландырар емес. Бабалар баланың тәрбиесі бесіктен бастау алатынын айтудай-ақ айтқан. Бірақ көбіміз бүгінгі ұрпақтың, яғни ертеңгі ел тірегінің ақыл-парасаты мол, мәдениеті озық, саналы өсуі, оның кейін есейгенде жияр біліміне ғана байланысты емес, ең алдымен құрсақтан берілетін иманды әдет-ғұрып, өнегелі салт-дәстүр, ұлттық болмыспен келетін тәрбие көзінде жатқанын ескере бермейміз.

Қазіргі жастарды білімсіз, ештеңе көрмеген деп айта алмайсыз. Жастарымыздың дені мектеп бітірісімен, елдегі қалаған оқу ордаларына немесе шетелдің іргелі оқу орындарына барып, әлемнің озық күйі мен білімін игеріп қайтады. Ал бірақ олардың бойында қалыптаған ұлттық тәрбие өзегі бар ма? Өйткені мектепте бозбалалардың топтасып қарашадай баланы төмпештейтіні, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетілмейтіні, жас қыздардың бірін-бірі шаштан сүйреп, нәзіктіктен жұрдай болатыны, тепсе темір үзетін жігіттердің ұрлыққа түсетіні, көздері жәудіреген көпбалалы отбасыларына бір «жетім бұрыш» бұйырмай жатқанда, мұрты майланған жемқорлардың түйені түгімен асап астамшылық жасайтыны ненің салдары деп ойлайсыз? Сұрақ көп…

Бұл сөздің барлығы әлеуметтік желіде хит болған төбелескіш балалардан, ақша бопсалаған, ұстазбен алысқан, топтасып шу шығарған оқушылардан соң ойға оралды.

Адамға ақыра, бақыра сөйлеп, ашуын игере алмағандығы тәрбиелікке жатпайды. Өзіңнен үлкен адамға да «сізден» басқа түк айтпайтын көргенді елдің ұрпағы ұсақталып кеткені ме дейсің… Әлде мектептегі білім беру жүйесінің әлсіздігі ме? Осыны саралап көрдік.

Осы жайды ескерсе керек, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әрбір бала үшін қауіпсіз және бақытты балалық шақты қамтамасыз ету мақсатында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету бағдарламасын әзірлеуде.

Бағдарлама аясында буллингке ұшыраған және зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға құқықтық, психологиялық қолдау көрсетіледі. Негізгі мақсат – зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету кабинеттері қызметінің бірыңғай моделін құру және көмек көрсету процесінде балаларға қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету.

− Әрбір бала зорлық-зомбылықтан қорғалуы тиіс. Көмек көрсету бағдарламасының қабылдануы балалардың салауаттығы және өзін қауіпсіз, жайлы сезінуі үшін жасалуда, − деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина.

Бағдарлама шеңберінде зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету кабинеттері қызметінің бірыңғай моделі әзірленеді. Сот-медицина сараптамасын жүргізу, полиция қызметкерлерінің сұрақ-жауап алуы осы кабинеттерде жүргізілетін болады. Кабинеттер қызметінің бірыңғай моделін Оқу-ағарту министрлігі әзірлеп, жергілікті атқарушы органдарға осы сынды кабинеттерді ашу стандарты ретінде ұсынатын болады.

Бұрын оқушыны мұғалім ұрыпты, мұғалім оқушыға артық шара қолданыпты, қатты ұрсыпты деген оқиғалар көп айтылатын. Қазір мұғалім оқушыны ұру түгілі оқушыға қатты ескерту жасай алмайды. Себебі ең қатты жұмыс жасайтын жалғыз заң бар, ол – «Бала құқығы туралы» заң. Әрине, ешкімді ұрып тәрбиелеу мүмкін емес. Бірақ ескерту жасауға, тәрбиеге шақыруға қорқып қалған педагогтар қауымы қалыптасқанын жоққа шығарма алмаймыз.

Қазіргі кезде мұғалімге күш көрсеткен оқушы мен мұғалімге қысым жасаған ата-ана туралы жиі естиміз, он- дай жағдайды күнделікті өмірде де көп көреміз. Бұның соңы жақсылыққа апармайды.

– Жүректер қатайып кеткен. Білімде де, тәрбиеде де озық оқушылармен жұмыс жасап, көп балаларды таса- да қалдырамыз, елеусіз. Үйде ата-ана қарамаса, мектепте мұғалімге күш түседі, рас. Не істемек керек? Мендегі мыңның ішіндегі бір идея, смартфоннан, оның ішіндегі, сыртындағы аласапырандардан құтқару керек баланы. Сондықтан «Оқуға құштар мектеп» жобасын тек үздік оқушылармен ғана көрсетіп, көзбояушылық фотомен елді алдамай, мектептің 100% баласын қамтуға тырысайық. Ол мүмкін емес дегендерге ұсынған формуламыз бар. Баланың жүрегі жұмсақ, көңілі кіршіксіз болу керек.

Осы тақырыпты қозғап қалсақ, көбінің пікірі «бұрында мектептегі баланың тәртібі жақсы еді» дегенге алып келеді. Оның бірнеше себебін айта аламыз. Мектептерде кілең ер мұғалімдер сабақ берген. Ал қазір мектептерде ары кетсе 5-10 % ер мұғалім бар. Үйінде де, мектебінде де тек әйелдердің қасында жүрген балаға ер адамның айбыны жеткіліксіз болып тұрады. Үйінде «әкең отыр», мектебінде «ағай келе жатыр» деген сөздің өзі-ақ оқушыға салмақтылық дарытар еді, – дейді ұстаз Ержеңіс Әбді.

Біз де осы мәселенің себебін бірнеше бөлікке бөліп қарастырып көрсек, бірінші, көзбояушылық – мектептегі тәрбиенің көрсеткішін анықтауда жазылған қағазға сүйену. Мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасарының кабинетіндегі қағаз неғұрылым көп, сыртқы титулы жылтыр, папкаға жинақы салынуына қарап, сол мектептегі тәрбие керемет деп бағалануы ең басты көзбояушылық.

Екінші, мектеп сайтын ақпаратқа толтыру. Мектептің тәрбие жұмысы туралы ақпаратты мектеп сайтынан бөлек фейсбук, инстаграм секілді әлеуметтік желіде қызыл- жасыл фотолармен көмкеру. Ол фотолармен сыртқы көзді алдағанымызбен, сабақтың қай деңгейде өткізілгенін оқушы жақсы біледі.

Үшінші, видео челлендждер тізбегі. Оқушы сынып жетекшінің тапсырмасымен «менің жақсы көретін үй жануарым», «демалыс уақытын тиімді өткіземін», «алғыс айту күніне орай» тақырыптарында толассыз толып жатқан видеолар түсіруі. Бұл да оқушыларды мезі ете бастады.

Төртінші, мектептегі жалған белсенділік. Оқушыларды жаппай «Жас Ұланға» қабылдау, мектеп президентін, министрлерін сайлау т.б. нәтижесіз науқаншылдық, тәрбиелік мәні төмен қозғалыстар көп. Мысалы, оқу жылының басында мектеп президентін сайлау науқаны өтеді. Үміткер оқушылар орындалуы мүмкін емес уәделер жазылған парақтарын таратып, президент сайланады. Науқан соныменаяқталады. Президент болған оқушы өзінің оқуымен әуре, әдемі уәделер жөніне қалады. Осы қажет пе?

Бесінші, мектеп психологтарының жұмысы. Мектепте психологтар шын мәнінде анкета жүргізумен, анкета нәтижесін қағазға толтырумен айналысады. Қиын оқушыларды психологке апару үшін де ата ананың рұқсаты керек, оқушыны психологқа сүйрей бермеңдер деген әңгімелер бар. Себебі психологтың қағаз жазудан оқушымен сөйлесуге уақыты жоқ. Міне, осы да және өзге себептер оқушының долы болып, өз ұстанымынан тайып кетуіне себепші болуы мүмкін.

– Ұлттық тәрбиелік білім жас ұрпақты әсемдікті игеруге, сұлулықты сезініп, қастерлеп, оны өз бойына дарыта білуге, яғни, эстетикалық тәрбие бере білуге, ең бастысы рухани даму сипатына жетелейді. Ұлттық тәрбиелік білім беру арқылы жас өскелең ұрпақты халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпымен таныстырып, адамның ішкі сезімін, жан дүниесін түсіне білуге бағыттауға ұмтыламыз. Халқымыздың сан ғасырлардан келе жатқан ұлттық мұрасын оқу-тәрбие ісімен сабақтастыра отырып тәрбиелеу, ұмыт қалған салт-дәстүр, ұлттық ерекшелігімізді насихаттап, олардың бойына ұлттық психологияны қалыптастыру – әрбір ұстаздың міндеті.

Отбасындағы бала тәрбиесі бүгінгі таңда ғылым мен технологияның даму әсерінен өзгеріске ұшырап бара жатқаны белгілі. Бала ата-ана тәрбиесінен гөрі теледидар мен интернет тәрбиесін алып жатыр десек те болады. Сонда бізболашақ ұрпағымызды тәрбиелерде нендей бағыт ұстауымыз қажет деген ой көкейге ұялайды. Осы жолда бұрынғы дана Абайды тәрбиелеген әже тәрбиесі, Шоқанға әсер еткен Айғаным тәрбиесі бүгіндегі ата-ана мен ата әжелеріміздің ескеруінде болмауы. Яғни, біз балаға ертегі айта отырып, жаттау жаттатқызып, білім мен тәрбиені егіз ұғымда қатар жолға қояр болсақ, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі дұрыс жолға негізделері анық. Осы тұрғыда Бауыржан Момышұлы: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанына қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын» деп айтқан, – дейді Абылайхан атындағы №140 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақытжан Жақсылық.

Иә, осы ойды толық талдай кетейікші. Себебі мәселенің шешімі ұлттық тәрбиеде. Ұлы Абай атамыз қазақ отбасындағы кездесетін баланы жасынан алдап түбінде өтірікшілікке, сұм адамшылыққа баулып үйрету сынды тәрбиеге қайшы келетін тұстарды сынға алады. Ондай кемшіліктерді ол өз қара сөздерінде былай жеткізеді: «Әуелі балаңды өзің алдайсың, «ананы берем, мынаны берем» деп бастап, балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңында балаң алдаушы болса, кімнен көресің? «Боқта» деп біреуді боқтатып, «кәпір қияңқы, осыған тимеңдерші» деп, масаттандырып тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде молданың ең арзанын іздеп, «хат таныса болды» деп, «қу, сұм бол» деп тірі жанға сендірмей, жат мінез қыласың. Осы ма берген тәлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?» – дейді ойшыл.

Әрине, баланың сана-сезімі, ақыл-ойы осы нәресте кезінен қалыптасатынын естен шығаратын тұстарымыз көптеп кездеседі. Ал біздің ата-бабамыздың ұлттық тәрбиесі осындай бала тәрбиесін жете ойлап, жан-жақты қарастырып, тәрбие бастауларын нақтылап, негіздей білген.

Қазақ отбасында ұлттық тәрбиенің негізі – халықтық педагогика болғандықтан, баланы ұлттық салт-дәстүрлер аясында тәрбиелегенін кәрі тарих та дәлелдеп береді. Яғни, құрсақ тойы, шілдехана, сүйінші, қырқынан шығару, бесік тойы, тұсаукесер, сүндетке отырғызу тағы басқа салт- жоралғылар қатаң ұсталып, басшылыққа алынып отырған. Бұлардың ұлттық ерекшеліктері мен тәрбие негіздері бар. Халқымыздың тәлім-тәрбие беретін әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері мәдени құндылықтарымыздың ажырамас бір бөлігі. Ал осы құндылықтан ажырап қалған адам ғана су ішкен құдығына түкіреді.

 

Айдар САЙЛАУОВ

Фото:flectone.ru

Тағы да оқыңыз: